Астана. 5 ақпан. ҚазТАГ – ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердің өзіндік капиталының аз мөлшері бойынша талаптар енгізді. Ұлттық банк төрағасының 2014 жылғы 21 қарашадағы №222 тиісті қаулысы бейсенбі күні ресми БАҚ-та жарияланды.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу жөнінде банк операцияларын жүргізуге лимиттер белгілеу туралы» 2014 жылғы 27 тамыздағы № 169 қаулысына өзгертулер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес екінші деңгейдегі банктер үшін банк операцияларын жүзеге асыруға байланысты міндеттемелерінің мөлшері бойынша лимиттер белгіленді.
Сонымен, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейдегі банктер үшін банк операцияларын жүзеге асыруға байланысты міндеттемелерінің мөлшері бойынша лимиттер мынадай шектерде белгіленді: 5 млрд теңге – екінші деңгейдегі банктің меншікті капиталының мөлшері 5 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін болған жағдайда; 10 млрд теңге – екінші деңгейдегі банктің меншікті капиталының мөлшері 10 млрд теңгеден 30 млрд теңгеге дейін болған жағдайда; қосымша, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 50 млрд теңге – екінші деңгейдегі банктің меншікті капиталының м өлшері 30 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін болған жағдайда; 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 75 млрд теңге – екінші деңгейдегі банктің меншікті капиталының мөлшері 50 млрд теңгеден 75 млрд теңгеге дейін болған жағдайда; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 100 млрд теңге – екінші деңгейдегі банктің меншікті капиталының мөлшері 75 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін болған жағдайда.
Сонымен қатар, «Кейбір нормативтік құқықтық актілерге банктік қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 6 мамырдағы № 79 қаулысына да өзгертулер енгізілуде.
Соған сәйкес, банктің меншікті капиталының ең аз мөлшері мынадай тәртіппен белгіленеді: банктің меншікті капиталының нақты мөлшері - 5 млрд теңгеден кем болған банктер үшін 5 млрд теңгеден аз емес; басқа банктер үшін 10 млрд теңгеден аз емес болғанда.
Осы қаулының талаптары банк операцияларын жүзеге асыруға байланысты жеке тұлғалар алдындағы міндеттемелері бар ислам банктеріне қолданылады.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Дереккөз: ҚазТАГ