Атырау, 19 қараша 10:43
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Экс-әкімнің ісі. Адвокаттар шабуылы

7 592 просмотра

Сот төрағасы Жайдарбек ДИАРОВСот төрағасы Жайдарбек ДИАРОВ2 ақпанда Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы «Бергей Рысқалиев ҰҚТ» ісі бойынша процеске қатысушылар берген апелляциялық шағымдар мен наразылықтарды қарауға кірісті.

«АДВОКАТ, БІР ЖАҚТА БОЛ»

Естеріңізге салсақ, 2014 жылғы 14 қарашада Атырау облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта 22 айыпталушыға қатысты үкім жарияланған еді. 18 адам бас бостандығынан айырылды (үш адамның жаза мерзімі шегерілді), олардың 8-і сот залында қамаққа алынды. Ең үлкен мерзім үш адамға берілді: бұрынғы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ – мүлігі тәркіленіп, 15 жылға қатаң режимдегі түзету колониясына, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ - мүлігі тәркіленіп, 15 жылға қатаң режимдегі түзету колониясына және жоғары шенді екі шенеунікке қоса кездейсоқ ақтөбелік жұмыссыз Александр КОРИЦКИЙ мүлігі тәркіленіп, 11 жыл жалпы режимдегі колонияға жіберілді.

Апелляциялық алқа бірнеше ондаған шағымдарды қарайтын болады. Алғаш болып өз шағымдану құқықтарын мемлекеттік айыптаушылар пайдаланды, олар айыпталушылардың жазасын қатайтып, ақталған және сот залынан босатылған «Ақтөбехаусконстракшн» ЖШС және «BNB Construction» ЖШС-тің бұрынғы бас есепшісі Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАНЫ қылмыстық жазаға тартуды талап етті. Өз кезегінде қорғаушы тарап та сот шешіміне 30-дан аса шағым түсірді.

Сот алғашқы күннен-ақ жанжалсыз басталмады. Адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ Асқар Әбдіров жалдаған адвокат Ләззат ЖАНСЕЙІТОВАНЫ процестен шеттетуге өтініш берді. Бірінші инстанциялық сотта ол іс бойынша ауыптаушы тараптың негізгі куәгерлерінің бірі болып қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫҢ мүддесін қорғаған еді. Жолболов өз өтінішін былай уәждайды:

- Мен Әбдіровке қарсы емеспін, тіпті оны парасатты да адал адам деп құрметтеймін. Ол Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) барлық қыр-сырын білмейтін шығар, ал адвокат Жансейітованың өзі қорғау туралы ұсыныстан бас тартуы керек еді. Бұған жол беруге болмайды: бір таптың мүддесін қорғаған адвокат процесс барысында екінші тарап жағына шығып кетуіне болмайды ғой. Түсініңіздер, барлық адвокаттар да процеске дайындалды, ақтап шығуға болмаса да, жазаны жеңілдетуге бағытталған өз стратегияларын, қорғаныс амалдарын әзірледі. Барлық сотталғандар, соның ішінде Әбдіров те осыған үміттеніп отыр. Осылай болды дей қояйық. Алайда бұл ҚІЖК талаптарын бұзу тек Әбдіровтың өзіне ғана емес, басқа сотталушыларға да зиянын тигізуі мүмкін, өйткені бұл апелляциялық алқа қаулысының күшін жоюға заңды негіз бола алады және жоғары инстанциялық сот істі кері қарауға жіберуі мүмкін!

Өтінішті Жолболов әріптестерінің бір бөлігі қолдап, бір бөлігі соттың қарауына тапсырды. Сот төрағасы Жайдарбек ДИАРОВ өтінішті қанағаттандырды. Ол ҚР ҚІЖК-нің 97-бабы 3-тармағына («Егер қорғаушы қорғалушымен немесе сенiм бiлдiрушiмен қарама-қарсы мүдделерi бар адамға заңгерлiк көмек көрсетiп жүрсе немесе бұрын көмек көрсеткен болса, сонымен бiрге мұндай адамдармен туыстық қатынаста болса, өнддіріске қатыса алмайды»)сілтеме жасады.

ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ СУДЬЯҒА ҚЫСЫМ ЖАСАДЫ МА?

Юрий СЛИНЧЕНКО.Юрий СЛИНЧЕНКО.Сотталушы бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновтың апелляциялық шағымын қарау барысында қорғаныс тарапынан кездейсоқ, тіпті сенсациялық көзір ойнатылуы тиіс. Дәукеновтың адвокаты Юрий СЛИНЧЕНКО өзінің және қорғалушысы атынан «ҰҚТ ісі» бойынша үкім шығарған Гүлмира ДӘУЛЕТОВАҒА процесс барысында қаржы полициясы қысым жасауы мүмкін деп мәлімдейді. Ол 2013 жылғы 20 желтоқсанмен белгіленген қылмыстық іс көтеру туралы қаулының көшірмесін ұсынды. Бұл - облыстық қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Заңғар ЗАНҚАНОВТЫҢ қолы қойылған судья Дәулетоваға қатысты қылмыстық іс көтеруден бас тарту туралы құжат. 2004 жылғы наурызда Мақатта азамат К. Бтановты өлтірді деп айыпталған Қайрат Өтебаевқа қатысты айыптау бабын өзгерту фактісі бойынша тергеу алды тексеру жүргізілген. Іс материалына сәйкес, Өтебаев Бтановқа ұрынып, төбелес шығарған, ал ол сытылып шығып, қашуға тырысқанда, қайыршақтаспен басынан соққан. Бтанов сол жерде мерт болған. Істі қарау барысында сол кезде Мақат аудандық сотының судьясы болған Дәулетова оған тергеу таңған ҚР ҚК-нің «Адам өліміне әкелген денсаулыққа қасақана зиян келтіру» (10 жылға дейін бас бостандығынан айыру) бабын «Қажетті қорғаныс шегінен шығып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына ауыстырып, 1 жыл бас бостандығынан айыру белгілеген. Зардап шегушілер шағым берді, көптеген жылдардан кейін бұл факті бойынша «кері ашылған айғақтар бойынша» тұжырымымен іс қозғалып, Атырау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен бұл үкім күшін жойып, іс бойынша жаңа тергеу тағайындалды.

- Судья шығарған шешімнің заңдылығын немесе заңсыздығын прокуратура емес, неге екені белгісіз, қаржы полициясы тексерді. Тексеру әлі аяқталған жоқ, ал ҰҚТ ісі бойынша тергеуді де сол қаржы полициясы жүргізді, - дейді Слинченко.

Ол бұл сәйкестікті кездейсоқтық деп есептемейді:

- ҰҚТ бойынша істі Дәулетова 19 желтоқсанда қабылдағанын, ал оған қатысты қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулы 20 желтоқсанда шыққанына назар аударуларыңызды сұраймын.

- Қаржы полициясының істі тоқтату туралы қаулысы неге негізделген?

- Қағаз жүзінде ғана. Олар толық тексеру жүргізе алмады: судья Дәулетова өзінің Сот жүйесі және судья мәртебесі туралы заңымен қорғалған құқығын (25-бап «Судьялардың тәуелсіздігі»: «Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс») пайдаланып, өзі шығарған үкіміне түсінік беруден бас тартты. Осылайша, біздің пікірімізше, осы артықшылықты пайдалана отырып, ол өзіне танылған күдіктен арылған жоқ және сот билігіне ие тұлға ретінде өзінің құқықтық тазалығын қамтамасыз етуге тырыспады. Бұл жағдай оның кәсіби сәйкестілігі жөніндегі мәселені ашық күйінде қалдырып отыр. Бұл тексеру әрі қарай жалғасын тауып, прокурорлар бұл қаулының күшін жойып, қадағалау тәртібімен істі жалғастыра берер еді, алайда осы уақытта ҰҚТ ісі сотта қаралып жатқан. Біз осы жағдай судьяның тергеу орындарына тәуелді етуі мүмкін деп есептейміз. Бұл бір жағынан судьяның қорғау тарапы ұсынған негізделген уәждерінің көп бөлігіне назар аудармағанынан көруге болады, сондай-ақ, сот үкімі үкімдердің мазмұны құрылымын нақты реттейтін заңнамалар талаптарын бұза отырып шығарылған. Шын мәнінде үкімге айыптау қорытындысының 90%-ы салынған, сол жерден көшірілген деп те айтуға болады. Тергеу органдарының уәждері сөзбе-сөз алынған, - дейді Слинченко.

АҚ АДАЛ ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН...   

Екінші күні бірнеше адвокат бірқатар сотталушылардың сот шешімімен тәркілеуге жатқызылған мүліктерін қамақтан босату туралы өтініш берді. Олардың пікірінше, олар заңсыз қамаққа алынған, өйткені кейбір мүліктер нақты сотталушыға тиесілі емес немесе үкімде көрсетілген нысандар және жер телімдері олар мемлекеттік қызметке кірместен бұрын алынған немесе отбасы мүшелері сыйға алған. Бұл өтініштерді барлық адвокаттар қолдады және кейбірі үкімде сот белгілі бір мүліктің қылмыстық жолмен немесе қылмыстық табыспен келгенін негіздемегенін, алайда оларды мемлекет кірісіне алғанын мәлімдеді.

- Менің 80 жастағы анамның, 3-топтың мүгедегі ағамның, 2-топ мүгедегі қызымның және оның отбасының мүліктері тәркілеуге жатады, тіпті 2010 жылы қайтқан марқұм ағамның да мүлігі қамаққа алынды. Мұнда мені соттап жатыр ма, әлде туыстарымды ма?! - деп сотқа сұрақ қойды бұрынғы облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВ. – Соттың осындай шешімімен менің және туыстарымның конституциялық құқықтары өрескел бұзылуда. Мен мемлекеттік қызметке дейін бизнесте, мұнай саласында жұмыс жасадым, барлық қамаққа алынған отбасымның мүлігі 92-97 жылдар аралығында  алынды (Кенжебеков 2008 жылы шенеунік болған.- З.Б.).

Адвокаттар сондай-ақ өтемақы сомасына да наразылық білдіруде. Естеріңізге салсақ, мемлекет пайдасына өтеуге ұсынылған жиынтық сома 80,9 млрд теңгені құрады.              

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

4 ақпан 2015, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.