20 наурызға таман кезекте тұрған барлық 107 соғыс ардагері баспанамен қамтамасыз етіледі, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік дамыту вице-министрі Светлана Жақыпова селекторлық кеңес барысында.
«Тұрғын үй бойынша өңірлерде мәселе өте жақсы шешілуде. Егер бұрын кезекте 200 адам тұрса, бүгінгі күні барлығы 107 ғана адам қалды. Астана бойынша, мысалы 5 адам, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кезекте 25 ардагер тұр, Алматы облысы бойынша -26», - деп құлақтандырды вице-министр.
Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берген болатын.
«Атқарушы органдармен бірге, біз сондай-ақ, қанша ардагерлердің үйлеріне әдеттегі және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты мониторинг жүргіздік. Бұл ақпарат Kaharman.kz сайтына жариялануы үшін партияға беріледі», - деп атап өтті С.Жақыпова.
Сөз соңында вице-министр Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу шеңберінде соғыс ардагерлері мен мүгедектерін қолдауға республикалық бюджеттен 5 млрд 700 мың теңге бөлінгенін еске салып өтті.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.