Фото: akorda.kzАстана. 27 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
«Бұл бағдарлама (әлемдік экономикадағы дағдарыстық құбылыстарға қарсы әрекет етуге бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы – ҚазТАГ) партияның қолдауы аясында жүзеге асырылатын болады, өйткені оның беделі бар, бүкіл еліміз бойынша көптеген адамдар партия сапында тұр. «Нұрлы жолды» қабылдау – елдің болашақ дамуы мен халықтың игілігі үшін зор мәні бар маңызды шара. Осыған байланысты партия бастауыш ұйымдарға сүйене отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарына ден қоюы тиіс», – деген Н. Назарбаевтың дәйексөздерін келтіреді баспасөз қызметі Ақорда сайтындағы сейсенбілік хабарда.
Президент инфрақұрылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ілкімді қолдау көрсету жаңа бағдарламаның міндеттеріне кіретінін айтты.
«Кәсіпкерлер несиемен қамтамасыз етілуде, бизнес ашуға жағдай жасалып, тексерулер саны азаюда. Барлық кедергілер жойылуда. Жалпы, кәсіпкерлік Индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» бағдарламалары, жол және баспана құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртулар арқылы ұсынылатын мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Егер партия Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен осы бағытта тығыз ықпалдасатын болса, қажетті нәтижелерге қол жетеді. Экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеу қажет», – деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Б. Байбек президентке партия қызметін жетілдіру және қайта қалыптау жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Партияның сайлауалды тұғырнамасындағы міндеттемелерінің іс жүзінде 70 пайызға жуығы орындалғанына тоқталды. Ол сондай-ақ мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасының бекітілгенін де айтты.
Б.Байбек сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне партияның қатысуы туралы баяндады.
«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, мәжілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалуы мен Ұлттық қор қаржысының пайдаланылуын қадағалайтын 4 комиссия құрылды», – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Дереккөз: ҚазТАГ