Атырау, 27 желтоқсан 08:21
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Бұл - сенің өз үйің!

4 160 просмотра

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жас шектеулігіне қарамастан тұрғын үй кезегіне тұра алады. Бұрын заң бойынша олар мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйге жастары 23 жасқа келгеннен кейін ғана үміткер бола алатын еді.

Бүгінгі таңда барлық жастарды мазалайтын басты мәселе –  баспана мен жұмыс. Ал, ол интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін барынша өткір мәселе болып табылады: олардың ата-анасы, оқу бітіргеннен соң алғашқы кездері қолдау танытатындай туысқандары жоқ. Сондықтан да соңғы жылдары аталмыш мекемелерде жеке тұрғын үйі жоқ барлық баланы қалдыру тәжірибесі кең тараған еді және оларды тұрғын үй кезегіне қою қолға алынды. Алайда, бұл тәжірибе де өкінішке қарай, түлекке балалар үйінен кету керек болған сәтте оның өз баспанасының болатындығына кепілдік бере алмайды. Ал, егер көптен күткен пәтерінің кілтін алу жасы 23 жасқа дейін шектеулі болса, әрине, олардың мүмкін-діктері аз. Бұл «Тұрғын үй қатынастары мәселері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңда ескерілді, жекелей алғанда, жетім балалар үшін мемлекеттен кезек тәртібі бойынша тұрғын үй алудың жас шектеулігін алып тастады. «Біздің облыстағы осы санаттағы кезекте тұрғандардың жағдайы басқа аймақтардағы жетім балалардың жағдайынан барынша жақсы. Бізде заң қабылданғанға дейін 23 жастағы интернат және балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілерінің бірде-біреуі тұрғын үй кезегінен шығарылған жоқ және басқа кезекке де ауыстырылмады. Үкімет онсыз да біздің облысымызда қолданылып отырған норманы жай ресми түрде бекітті десе ғана болады. Мысал үшін бұрын бізде тұрған 1982 жылы дүниеге келген қыз бала мен жас адамдарды айта алам. Қазір олардың жасы 29-да, біреулері үйленді, тұрмысқа шықты, кейбіреулері жатақханадан уақытша орын алды, дегенмен, олардың барлығы да пәтер кезегінде тұр»,-дейді «Жасөспірімдер үйінің» директоры Гүлшара САРБАЕВА.

Өкінішке қарай, бұл санаттағы пәтер кезегіндегілердің көптен күткен баспаналарының кілттерін алу қуанышы жиі бола бермейді. Оған балама ретінде жатақханалардағы уақытша тұрғын үй алаңдары беріледі. Жастар әзірге «Жасөспірімдер үйінде» тұрып жатқандықтан өтінішті осы үйдің әкімшілігі береді. Бұл процесті жеделдетуге сол жастардың оқудағы, спорт пен өнердегі қол жеткен жетістіктері мен олардың отбасын құруы қозғау салады. «Олар «Жасөспірімдер үйінен» кеткен кезде, баспананы өздеріне тауып алуға тура келеді, ол кезекте тұрған адамның белсендігіне байланысты болады»,-деп кеңес береді Г.Сарбаева өзінің бұрынғы тәрбиленушілеріне. – «Жыламаған балаға емшік бермейді» дегендей, өз кезегінің алға жылжығандығын үнемі тиісті органдарға барып, біліп, әкімнің қабылдауына жазылып, «Нұр Отанға», депутаттарға барған жөн.

«Ақ бота» балалар үйінің директоры Гүлсара БОТАТАЕВАНЫҢ айтуынша, мекеменің әкімшілігі өз түлектерін олардың жастары 29-ға келгенге дейін мүмкіндігінше олардың тағдырына араласуға тырысып келеді. «Біздің барлық тәрбиеленушілеріміз баспанаға зәру. Кезекте тұр. Біз тіпті, кішкентайларға да құжаттар толтырып, тапсырамыз. Бұрын біз олардың құжаттарын тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөліміне жолдайтынбыз. Бізге жауап келмейтін және құжаттарды жіберген күннен бастап тәрбиеленуші автоматты түрде кезекке алынды деп есептейтінбіз. Олар өз кезегінің нөмірлерін ТКШ бөліміне барған кезде өздері білетін,-дейді Г.Ботатаева. – Жаңа жылдан бастап ереже біраз өзгерді: енді біз тәрбиеленушінің құжаттарын жинақтап, толық пакетті жібереміз, ал, бізге бір айдың ішінде оның кезек тұрған нөмірі көрсетілген хабарлама келеді. Жақында бізге мынадай хат келді, онда біз жаңа тұрғын үй заңнамалары бойынша әрбір тәрбиеленушіге құжаттар пакетін рәсімдеп, олардың реттік нөмірін алуға тиіс екенбіз. Қазір өздерінің кезекке тұрғандығы жөнінде ақпаратты 24 тәрбиеленуші алды, тағы да 10 баланың реттік нөмірі қыркүйек айының ортасында белгілі болады. Мұндай жүйе барынша түсінікті және барлығымыз үшін жеңіл болып отыр».

Биылғы жылы балалар үйінің қабырғасынан 21 түлек шықпақшы, олардың біреуі ғана туысқандарының үйінде тұратын болады. Тағы алтауы гуманитарлық колледжге оқуға түсті, олардың бесеуі мемлекеттік грант арқылы оқиды және оқу мекемесінің жатақханасында тұрады. Бұл жағымды жаңалықты ұстаздар мақтанышпен атап өтті. Сегіз түлек №1 кәсіптік лицейде оқиды және олар да лицей жатақханасына орналасатын болады. Ал, №4 кәсіптік лицейді таңдағандарға қиындау болды, өйткені оның өз жатақханасы жоқ. «Ақ бота» балалар үйінің әкімшілігі өзінің алты түлегі үшін «Жасөспірімдер үйінен»  орын бөлу туралы өтініш хат жолдады. Алайда, мұнда орын алдыңғы жылдың түлектерімен толық. Олардың бірі пәтер немесе жатақханадан бөлме алса, сөйтіп, «Ақ бота» түлектеріне орын босаса деген ғана үміт бар. Айтпақшы, осы уақытша орын алуды Г.Ботатаева жақсы жол деп есептейді, өйткені, тәрбиеленушіде өз бетімен өмір сүруге деген талап пайда болады және өзінің тұрғын пәтері үшін алаңдайтын және ақы төлейтін болады. 

Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мәліметтері бойынша, бүгінгі күні Атырауда аз қамтылған отбасылар үшін берілетін пәтер кезегінде балалар үйі мен жетімдерге арналған мектеп-интернаттың 323 тәрбиеленушісі тіркелген. 2006-2010 жылдарға арналған мониторингке сәйкес, жергілікті атқару органдары мемелкеттік тұрғын үймен балалар үйінің 52 тәрбиеленушісін қамтамасыз еткен.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

25 тамыз 2011, 00:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.