Зергерлердің көлеңкелі бизнесінен жыл сайын мемлекеттік қазына 200 млн доллардан қағылады. Бүгін Мәжілісте «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов осындай алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Зергерлер қауымдастығының мәліметі бойынша, қазақстандық зергерлік бизнестің 95 пайызы астыртын жұмыс істейді, ал мемлекеттік бюджет жыл сайын 200 млн доллардан қағылады. Біздің зергерлік бизнестің 99 пайызы шетелдіктердің, шетелдік компаниялардың қолында. Біздің отандық өндіріс зергерлік бұйымдардың бір пайызға жуығын ғана қамтамасыз етеді», - деді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.
ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, қазақстандық зергерлер қазіргі уақытта «қара» нарықта немесе ломбардтан сатып алған шикізатты пайдаланады.
«Заң бойынша мұның барлығын жолға қойсақ, біздің зергерлер Ұлттық банктен Лондон биржасының бағасы бойынша заңды түрде шикізат сатып алу мүмкіндігіне ие болады деген ойдамыз. Өз кезегінде бұл зергерлік бұйымдардың өндірісін ынталандыратын болады», - деп атап өтті А.Рау.
Дереккөз: bnews.kz