Шетелде алтын өңдейтін қазақстандық компаниялар бағалы металлды Ұлттық банкке сатуға міндеттелмек. Бұл туралы бүгін «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттарына таныстыру барысында ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасы ұлттық заңнамаларды Еуразиялық экономикалық одақ нормаларымен үйлестіру мақсатында әзірленді. Заң жобасында, ең алдымен, құрамында бағалы металдар бар материалдар, шикізаттық тауарларды елге әкелу, шығару кезінде мемлекеттік бақылау мәселелері қарастырылды. Егер жеке немесе заңды тұлға осындай шикізаттық тауарды елден шығарғысы келсе, ол бекітілген тәртіпте отандық өңдеуші компаниялардың оны өңдеуге бас тартқанын растауға міндетті», - деді А.Рау.
Сондай-ақ, импорттаушы компанияларды өзге мемлекеттердің аумағында өңдеген алтынды Ұлттық банкке сатуға міндеттейтін норма енгізіліп отыр.
«Бұл заң жобасында Ұлттық банктің бұл тазартылған алтынды сатып алу бойынша басымды құқығы бекітілді. Қазақстанда өндірілген алтын шетелде екі жағдайда өңделуі мүмкін: біріншіден, елдегі үш зауыт технологиялық жағдай бойынша алтынды өңдей алмаса, екіншіден, үкімет енгізетін уақытша тыйым салудың Кеден Одағы елдеріне алтын шығаруға ықпалы жоқ. Сондықтан бірқатар заңды тұлғалар алтынды шетке шығарады», - деп қосты ол.
«Осыған орай, заң жобасында алтынды сыртқа шығарған жағдайда да, Ұлттық банктің оны сатып алудағы басым құқығын бекітетін норманы бекітіп отырмыз. Яғни, алтынды қайта елге әкелуге тура келеді, сондықтан оны шығармас бұрын, өзімізде өңдеу мүмкіндігін қарастырған жөн», - деп түйіндеді вице-министр.
Дереккөз: bnews.kz