Қазақстанның Қаржы министрлігінде тағайындаулар жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
"Қаржы министрінің бұйрығымен Әнуар Жұмаділдаев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бахтиер Мараджапов Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды", - делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында. Сонымен қатар, қаржы министрінің бұйрығымен Арғын Қыпшақов Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Әнуар Жұмаділдаев Қызылорда облысында туылған. Қаржы министрлігінің Салық комитеті алкоголь, темекі және өзге де акцизделетін өнімді әкімшілендіру басқармасының бастығы болды, бұл тағайындауға дейін ол Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Бахтиер Мараджапов Астана қаласы бойынша қаржылық бақылау инспекциясын басқарды, оған дейін Қазақстан Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің орталық аппаратында бюджетті орындауды бақылау басқармасына басшылық етті.
Арғын Қыпшақов Оңтүстік Қазақстанда туылған. Қаржы министрлігінің Салық комитетінде салықты әкімшілендіру басқармасында басшы қызметін атқарды, Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары болды. 2014 жылы жазда Қазақстанның Қаржы министрлігі Дәулет Ерғожиннің Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы болып тағайындалғаны туралы хабарлады.
Дереккөз: tengrinews.kz