Атырау, 28 желтоқсан 00:37
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Дастарханда - туған жердің тартуы

3 758 просмотра

Индер ауданына қарасты Бөдене селосындағы «Медет» ШҚ агробизнес жолында талай тығырықты бастан кешсе де, ертеңіне нық сеніммен қарайды.

АУЫЛДЫҢ ҚАМҚОРЫ - ОРЫНША

«Медет» ШҚ төрағасы Орынша Баетованы (суретте) қазіргі заманның нағыз іскер ледиі десе болады. Ауыл шаруашылығының тізгінін ұстаған нәзік жандылар республиканың Батыс өңірінде саусақпен санарлықтай ғана. Кезінде совхоздың бас есепшісі болып жұмыс жасаған Орынша Кеңестік дәуірдің ыдырап, алай-түлейі шығып жатқан кезінде ойланбастан шаруашылықтың бір бөлегін ұстап қалған. Өз шаруасы қамы ғана емес, ауылдың ауыз суының үздіксіз жүруіне де осы Орынша ықпал етті. Бау-бақша, шөппен қамтамсыз етуді өз мойнына алды. Тіпті бірлі-жарым адамдарға тегін қызмет етіп, шөбін шауып жеткізіп беріп жүрген азаматшаға ауылдастары дән риза.

«ЖАҢА ӘДІС БІЗГЕ ЖЕТКЕН ЖОҚ»

Биыл шаруашылық бір үлкен кедергіге тап болды. Бір кезде ту-у Башкириядан удай қымбат тұратын тұқымдық картопты тасып, оны еккенімен, кейін жарты бәсіне әрең өткізіп ұтылғаны бар.  Жергілікті халықтың қалтасының жұқалығы оларды өнімнің сапасына қаратқызбайтын. Дегенмен, жылдар өте адамдар селитрасыз, тыңайтқышсыз табиғи түрде пісетін өнімге бет бұра бастады. Енді Орынша аяғынан тозып жүрмейтін болды. Ауылдың өзінде-ақ «Медеттің» қауын, қарбыз, қияр, қызанақ, көкорамдары пышақ үстінде өтіп жатыр.

- Оңтүстік Қазақстанда тамшылатып суару технологиясы жаппай дамыған. Бұл бізде кенже қалған десе де болады, облыс аумағында егіншілердің саусақпен санарлығы осы әдіспен егінін көгертіп отыр. Біздер де өткен жылы тамшылатып суару әдісін қолданбақ болғанбыз. Менен басқа тағы үш шаруа қожалығы осыған ниет білдірді, - дейді «Медет» ШҚ төрағасы Орынша БАЕТОВА.

Сөйтіп, көктемнен бастап қожалықтар тыным таппай жұмыс жасады. «Медеттіктер» ұзындығы екі  шақырымдық электр бағандарын жүргізудің машақатын бастан кешірді. Қымбат материалдарын былай қойғанда, бітіп болмайтын құжаттарын жасақтаудың өзіне көп уақыт пен жүйке кетті. Себебі, электрсіз жаңа технологияны армандап та қажеті жоқ-тын. Бұған қоса қожалық иелері жерді дайындап, пластикалық құбыр да жүргізіп қойған. Осындай тынымсыз жұмыспен жүріп, жаңа технологияны сарыла күтсін. Бұрынғыдай қолмен суарып әлекке түспейміз ғой деген оймен егіс көлемін арттыруды да ойластырып қойған болатын.

- Нәтижесі не болды дейсіз ғой? «Қазагроқаржы» АҚ ақшаны аудармай, тамшылатып суару құрылғысы арман болып қалды. Көктемнің жылға азық болар әр күні босқа күйіп кетті. Несін жасырайық, биыл бау-бақша егеміз бе, жоқ па деген екіұдай ойда болдық. Үйреніп қалған дағдымен санаулы күндеріміз қалғанына қарамастан, кеш те болса егіндікті қолға алдық. Аздау шықты, қайтерсің енді. Сонда да өніміміз ауданға жетпей, ауылдан-ақ өтіп жатыр, - дейді қожалық иесі.

«ЖАЛАҢАШЖАР» НАҒЫЗ ШҰРАЙЛЫ ЖЕР

Биыл «Медет» ШҚ-ның құрылғанына тура он үш жыл болып отыр. Қожалықтың иелігінде 4898 гектар жер бар, 49 жылға жалға алынған. Қожалық иемденіп отырған «Жалаңашжар» учаскесі нағыз шұрайлы мекен. Жайық өзені кәрі Жайықпен жалғасып жатыр, тоғайлықтың төрінде «Жалаңашжар» орналасқан. Құмдауыт өңірге не ексең, сол өседі, әсіресе, картопқа таптырмайтын жер. Бұл өзі құтты мекен болып шықты, бақшамен қоса шабындық та бар. Осы айдың аяғына дейін пішен дайындаушылар науқанды аяқтауға жұмыстануда. Ору, жинау, орамдау техникаларын лезингтік несиемен алған шаруашылық жыл сайын шөп дайындауды қыздырып жүр. Механизаторлар да білікті мамандар. Оның үстіне Индердегі кәсіптік лицеймен келісім-шартқа отырған ШҚ болашақ механизатор шәкірттерді дайындауға үлкен үлес те қосуда. Шөпті қожалықтағы жетпістеген ірі қара, төрт жүзге жуық қой, ешкі үшін дайындайды, қалған бөлігін сатады. Кейде ауыл адамдарына көмек ретінде жарты бағасына, болмаса тегін де түсіріп беріп жатады.

ДЕМАЛЫС ОРНЫН АШУ ОЙДА БАР

Орынша ұлы Медетті екі жылдан бері баулып жүр. Жиырма бестегі жас жігіт шаруашылық тізгінін ұстау үшін анасынан тәжірибе жинақтауда.

Кәсіпкер Орынша Баетова қайткенде де келесі жылы тамшылатып суару қондырғысын алуға жұмыстануда. Және жеміс ағаштарын өсіру үшін келісімге де келіп қойған. Сосын картопты аудан халқының басқа жерден сатып алмауына күш салмақшы.

- «Жалаңашжар» басынан болашақта демалыс орнын да ашқым келеді. Бұл жердің табиғаты бөлек, жұпар ауасына не жетеді. Қалалықтар осы «Жалаңашжарды» көрсе ғой, демалса ғой деп ойлаймын, - дейді алыстарға көз тіккен Орынша.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

25 тамыз 2011, 23:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.