Қазақстан армиясы әлемдік Global Firepower рейтингінде 80-орында тұр. Тізімде барлығы 106 ел көрсетілген. Рейтингті түзу барысында 50 шақты фактор есепке алынған, деп хабарлайды khabar.kz.
Оның ішінде әскер саны, құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі әскери әрекеттер үшін жұмылдырылатын әскери техниканың саны көрсетілген. Және де қарумен жабдықтауға жұмсалатын елдің экономикалық ресурсы да есепке алынған.
Global Firepower ақпараты бойынша, 17 миллион қазақтың 8 миллионы елін қорғауға қауқарлы. Қазақстанның әскери бюджеті 2,4 млрд долларға бағаланады. Тізімдегі өзге елдерге келсек, АҚШ көш басында тұр. Бұл елде әскери әрекеттерге қатыса алатын азаматтардың саны 145 млн адам. Екінші орындағы Ресейде бұл көрсеткіш 69 млн адамды құраса, үштікті Қытай түйіндейді. Қытайды қорғауға 749 млн азамат дайын екен. Алғашқы ондықтың тізімінде Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея және Жапония елдері бар.
Дереккөз: bnews.kz