2014 жылы судьялардың қызметіне қатысты түскен шағымдардың саны 5%-ға қысқарған. Бұл туралы бүгін «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі бағыттары» тақырыбын арқау еткен Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Жоғары сот төрағасы хабарлағандай, өткен жылы соттар 1 млн 200 мыңнан астам істі қараған. Шығарылған сот актілерінің 98,7 пайызы заңды әрі негізді болып саналады.
«2014 жылы судьялардың қызметіне қатысты азаматтар тарапынан түскен шағымдардың саны 253-ке немесе 5 пайызға азайды. Соттың қазылар алқасы судьяларға қатысты қараған істердің саны 20 пайызға, ал тәртіптік шара қолдану жөнінде іс қозғау 14,3 пайызға қысқарған», - деді Қ.Мәми.
Дереккөз: bnews.kz