Фото: 24.kzАлматы. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Динара Жаркеева. Дәрігерлер Жамбыл облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағының аман қалған жолаушысының жағдайы жақсаруда деуде.
«Асем Шаяхметова кеше сағат 19.00-де қалалық ауруханаға ТЖМ желісі бойынша жедел-жәрдем көлігімен жеткізілді. Ауруханаға түскен кезде жағдайы ауыр болатын, бірақ есін жинаған еді. Сүйектерінің сынуы салдарынан көп қан жоғалтқан. Оған ауруханаға түскен сәттен бастап тиісті медициналық көмек көрсетілді, қан құйылды. Қазір науқастың жағдайы бір қалыпты ауыр, есін жиды. Егер қандай да бір ауыртпалықтар орын алмаса, жағдайы жақсарады деп үміттенеміз», - деді Шу қалалық ауруханасының бас дәрігері Сейсенғазы Ақпаев сәрсенбіде телефон арқылы.
Бұған дейін хабарланғандай, 2015 жылғы 20 қаңтарда сағат 15.40-та Жамбыл облысындағы "Шатыркөл" кен орны маңында «Балқаш-Шатыркөл» бағыты бойынша ұшып бара жатқан Ан-2 ұшағы құлаған болатын. Ұшақта 7 адам болған, соның ішінде 3-еуі экипаж мүшесі. Экипаждың барлығы және «Қазақмыс» корпорациясының барлық қызметкері қаза тапты. Компанияның тек бір қызметкері ғана аман қалған. Ол Шу қаласының ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыр халде жеткізілген еді.
Апат себебін үкіметтік комиссия тексеретін болады.
Дереккөз: ҚазТАГ