Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Березовка ауылында жаппай улану себептерін анықтау жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындысы жария етілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
ҚР ЭМ Экологиялық реттеу, бақылау және мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Талғат Момышев «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясына экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынғанын мәлім етті.
«2014 жылдың қаңтары мен қарашасында заң бұзушылықтар анықталды – рұқсатсыз газ өртеу оқиғалары тіркелді. Қарашағынақ кен орнының операторы 2,3 млрд теңге сомасында әкімшілік айыппұл төлеуі тиіс», - деп мәлімдеді Т.Момышев.
ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин сот-экологиялық, сот химиялық-токсикологиялық, сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптамалардың нәтижелері әлі де дайын еместігін айтты.
Дәрігерлердің айтуынша, елді мекеннің 1357 тұрғыны, оның ішінде 341 бала медициналық тексерістен өткен.
Ауыл тұрғындары комиссияның қорытындысынан кейін жер қойнауын пайдаланушылармен соттаспақ ниетте екендерін жеткізді.
«Балалар әлі де естен танып жатыр. Біз қоршаған ортаны ластап, зиян келтіріп жатқаны үшін ҚПО Б.В компаниясын сотқа береміз», - деп атап өтті Мағзом Ырмықбаев.
Дереккөз: bnews.kz
21 қаңтар 2015, 09:16
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.