Атырау, 26 қараша 16:24
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жамбыл облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады

2 398 просмотра

Жамбыл облысында Ан-2 ұшағының апатқа ұшырауынан алты адам қайтыс болды, бір адам аман қалып, ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәлімет бойынша, ұшақта 7 адам болды, оның үшеуі - экипаж мүшесі.

"Ұшақтың құлауынан экипаждың 3 мүшесі, сондай-ақ 3 жолаушы қаза болды. Ұшақ құлаған орында тірі қалған бір әйел адам табылды, ол ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі. Зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатыр, оның бірнеше жерден сүйегі сынған, миы шайқалған. 

Ұшақ құлаған ауданға "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС  "Шатыркөл" кен орны қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, Қарағанды және Жамбыл облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқару бөлімшелері және Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы жіберілді.

Еске сала кетейік, Балқаш - Шатыркөл бағыты бойынша ұшып бара жатқан Ан-2 ұшағы 20 қаңтарда сағат 15.40-та Жамбыл облысындағы "Шатыркөл" кен орны маңында құлаған болатын. "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС "Шатыркөл" кен орнының күшімен жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде сағат 17.01-де құлаған ұшақ кен орнынан 20 шақырым жерде табылды. Ақпаратты алғаш болып Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел бөлімі мен "Апат медицинасы орталығының" жергілікті филиалының мамандары растады. Ұшақта болғандардың төртеуі "Қазақмыс" корпорациясы қызметкері екені хабарланды.

Дереккөз: tengrinews.kz

21 қаңтар 2015, 09:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.