Атырау, 24 қараша 02:59
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Астыртын хат немесе Қазақстанда кімнің тасы өрге домалап тұр?

3 203 просмотра

Жақында премьер-министр К. Мәсімовтің блогында «Аджип ККО қызметкерлерінің К. Мәсімовке үндеуі» жарияланған болатын. Үндеу соңына қол қойылмаған. Оған көңіл аудармаса да болатын еді, өйткені, атауы жоқ, ал, ол сенімділікті ұялатпайды. Алайда, отандық мұнайшыларды шетелдік компаниялардағы кадр саясаты және жергіліктілер мен «келімсектерге» төленетін еңбекақыдағы айырмашылық алаңдататыны белгілі ғой.

Осынау үндеуден үзінді келтірмес бұрын мен өткен жылы негізінен шағын және орта шетелдік фирмаларда аталмыш жайттарға қатысты дау-дамайлардың туындағандығын атап өткім келеді. Жыл сайын прокуратура олардан еңбек және көші-қон заңдарының бұзылғандығын анықтап отырады: біздің адамдарға сол жұмысты жасаған шетелдікке қарағанда аз төлейді, ал, заңнамаларда айтылған шетелдік маманды қазақстандықтың ауыстыруы деген әңгіме көбіне-көп тек қағаз жүзінде ғана жүргізіледі. Бұл тексерулер, ал, сол тексерулерден кейінгі кінәлілерге жолданған ұйғарымдар олар үшін шыбын шақ-қан құрлы болмайды – ештеңе өзгермейді.

Еліміздің  премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВТІҢ (суретте) өткен жылғы Атырауға келген сапарындағы дауылды айбатынан кейін де ештеңе өзгере қойған жоқ. Сол кезде ол Аджип пен ТШО секілді алыптардың желкесінен «қысқан» еді. Аталмыш компаниялардың басшыларымен болған мәжілісте ол қазақстандық қызметкерлердің еңбегі сол «экспаттардың» (дәл осы сөзді қолдана отырып) деңгейімен бірдей болуын талап етті. Премьердің сөзі тіпті, бұйрық ретінде хаттамаға енгізілді.

«АЙНАНЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНА ҮҢІЛУГЕ ТЫРЫСЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?»

«Үндеуден...» үзінді:  «Шетелдік қызметкер үш не бес және одан да көп жылдар бойы ешқандай ауыстырылмастан, өз айналасына туысқандық/кәсіби кландарды жинап, сыбайлас жемқорлықтың дамуына жол ашты. Оларға орасан зор көлемдегі, әлемде әлде бір жерлерде тәжірибеде бар еңбекақылар мен бонустар бюджеттік жобалардың белгілі орын алып отырған проблемаларына қарамастан төленіп келеді... Олардың өздері және жанұялары үшін қымбат тұратын коттедждер, қонақ үйлер жалға алынады, сөйтіп, оларға отбастарымен бірге Қазақстанда тұру үшін  барлық керемет жағдай жасалады.

… Компанияның екі ұйымдастыру құрылымы бар екендігін білесіз бе? Оның біреуі үкімет пен мемлекеттік органдар үшін жасақталады, онда тікелей жалданып жұмыс жасайтын тек шетелдік қызметкерлер ғана көрсетіледі. Ал, екіншісі, құрамына рекрутингтік агенттіктер арқылы адамдарды жинаған, өндіріспен тікелей байланысты емес, жоғары біліктілікті талап етпейтін қосымша қызметтерде жұмыс жасайтын көптеген шетелдік қызметкерлер енетін нақты құрылым».

…Шетелдік қызметкерлерді жергілікті мамандармен алмастыру мәселесі қайда? Шетелдіктер өз келісім-шарттары біткеннен кейін бір бөлімнен екінші бөлімге ауысып, жұмыс істеуге қалып қояды, ал, біздің қызметкерлеріміз бұл уақытта өз қызметтік мансабы бойынша жоғарыға қарай жылжымастан қалады. Сол шетелдіктердің көпшілігіне лицензиялар қандай санаттар бойынша берілетіндігі бізге түсініксіз, өйткені, ол мамандарға компьютермен жұмыс жасауды және жұмысқа қатысты басқа да қарапайым деген заттарды біз үйретуге мәжбүрміз». 

ТЕКСЕРУ БАРЫСЫНДА АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ

Аджиптіктердің жасырын үндеуіне премьер Мәсімов жауап бермеді. Дегенмен, Аджип қызметкері Арғынның www.zaman.kz сайтындағы онлайн-конференция кезіндегі қойған сауалына Мәсімовтің атынан Еңбек министрлігі былай деп жауап берді: Атырау облысы бойынша әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің 2010 жылы маусымда «Аджип Казахстан Норт Каспиан» компаниясының филиалында жүргізген тексеруі барысында бірқатар еңбек заңнамаларының бұзылу фактілері анықталды. Жекелей айтқанда, шетелдік қызметкерлер жасалған еңбек келісім-шарттарында еңбекақы мөлшері мен төлеуге қатысты басқа да талаптардың көрсетілмегендігі анықталды: жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру толық көлемде жүргізілмеген; жұмыстан шығарылған қызметкерлердің есеп айырысу төлемдерінің өз уақытында төленбегендері анықталды. Нәтижесінде жұмыс берушіге орындауға міндетті ұйғарым берілді және әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі күні барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылған. Шетелдік жұмысшы күшін тарту ережесі және жұмыс беруші тарапынан  шетелдік қызметкерлер үшін ерекше жағдайлар туғызу фактілері анықталмаған.

ӨЗГЕ ЕЛДЕ «СҰЛТАН» БОП ЖҮР

«Аджип» компаниясының бірқатар қызметкерлерімен өзара құпиялылықты сақтай отырып болған әңгімеде, шетелдік қызметкердің жұмыс лауазымына қарай еңбекақысының 10 мыңнан 20 мың долларға дейін баратындығы белгілі болды. Отандық қызметкер дәл сондай жұмысы үшін одан бес есе аз алады. Оның үстіне, шетелден келген маман жоғары біліктілігімен ерекшеленбейді. Қысқасы, біздің қонағымызға өз Отанында, мәселен, Африка мен Азияның бір түкпірінде  түсіне де кірмеген көп еңбекақы мен «ерекше» тұрмыстық жағдай шетелдіктердің легін бізге қарай тартуда. Олардың арасында біліктілігі төмендер, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер де бар. Айталық, бұрынғы фитнес клубының жаттықтырушысы ірі мұнай компаниясының бір бөлімін басқарып отыр. Біздің жаттықтырушыларымыздың олардан несі кем?!

ҚАҒАЗДА БӘРІ ДҰРЫС, ЕШҚАНДАЙ ДАУ ЖОҚ

Біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Үндеуде» қойылған сұрақтарға қатысты түсінік беру жөнінде сауалымызды жолдадық. Осылайша, заңнамаларға сілтеме жасаумен толтырылған жауап вице-министр С.АХМЕТОВТЕН келді, пайымдауымызша, жоғарыдағылар жағдайды ушықтыруға құ-лықты емес.

«ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңның ұстанымдарының бірі ішкі еңбек нарығын шетелдік жұмысшы күштерін квота  жолымен қорғау болып табылады. Шетелдік жұмысшы күшін тарту тәртібі квотаны бөлу ережесі бойынша және үкіметтің 2001 жылғы 19 маусымдағы №836 қаулысымен (яғни, жоғары білікті шетелдік жұмысшы күшін тартуға бағытталған) бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмысшы күшін тарту үшін жұмыс берушіге рұқсат беру тәртібі және талаптары бойынша реттеледі.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы аумағында барлығы 29 мың шетелдік қызметкер еңбек қызметін жүзеге асыруда. Ол экономикалық белсенді республика халқының 0,33% құрайды. (Ресей Федерациясында 2 миллионға дейін шетелдік қызметкерлер тартылған, ол экономикалық белсенді РФ халқының  2,6% құрайды).

Мұнымен қатар, Қазақстан Республикасы үкіметінің шетелдік қызметкерлер санына шектеу қоятын №71-ші қаулысы 2011 жылы 2 ақпанда қабылданған болатын. Қаулыда кәсіпорындарда 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік қызметкерлердің жалпы саны бірінші санат бойынша - 30%; екінші және үшінші санаттар бойынша - 10% аспауы керек деп көрсетілген.

Сондай-ақ, осы аталмыш қаулы бойынша рекрутингтік ұйымдарға қазақстандық және шетелдік қызметкерлерді жалға беруді жүзеге асыруға тыйым салынды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы» және «Халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (Елбасының 2011 жылы 22 шілдеде қолын қойған) заңдарына сәйкес, жұмыс берушілердің шетелдік жұмысшы күшін заңсыз тартуы үшін жауапкершілігін күшейту қарастырылды. Сондай-ақ, ҚР Президентінің жарлығына сәйкес ІІМ жанынан көші-қон полициясы Комитетін құру жолымен көшіп-қонушыларға бақылау күшейтілді. Осыған байланысты заң бұзушылық фактілері белгілі болған тұлғалар Көші-қон полициясы комитетінің аумақтық органына хабарласа алады.  ҚР заңнамаларымен шетелдік азаматтардың құқықтары да белгіленді. «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңның 6-бабына сәйкес, ҚР тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер еңбек қатынастары барысында ҚР азаматы секілді міндеттер мен құқықтарға ие болады. Демек, Кодекс нормалары бойынша барлық қызметкерлер үшін, оның ішінде шетелдіктер, көшіп-қонушылар үшін нәсілі мен азаматтығына қарамастан қандай да бір ерекше жағдайлар қарастырылмайды. ҚР еңбек заңнамаларымен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын нашарлататын екі тараптың әлеуметтік серік-тестігі, ұжымдық, еңбек келісім-шарттары, жұмыс берушінің актілері заңсыз деп танылады. ҚР заңнамалары ұстанымдарының бірі бұл кемсітушілікке тыйым салу болып табылады. Кодекстің 7-бабына сәйкес, әркім еңбек саласында өз құқықтары мен еркіндігін тең түрде жүзеге асыруға құқылы. Ешкім де еңбек құқықтарын жүзеге асыру барысында оның жынысы мен жасына, ұлтына және нәсіліне физикалық тұрғыдағы кемшіліктеріне, тіліне, мүлкіне, оның дінге деген қарым-қатынасына, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына, тұрғылықты мекен-жайы, саяси көзқарасына, руы мен қоғамдық бірлестіктерге қатысуына байланысты қандай да бір кемсіту-шілікке жол бере алмайды. Еңбек саласында өздеріне кемсітушілік жасалды деген тұлғалар сотқа немесе ҚР заңдарымен белгіленген тәртіп бойынша басқа да мемлекеттік органдарға шағымдана алады. Мемлекеттік еңбек инспекциясының тұрақты негізде тексеру жоспарына сәйкес ұйымдарда, оның ішінде шетелдік фирмаларда еңбек заңдылығынынң сақталуына бақылауды жүзеге асыра алатындығын айта кету керек. ҚР «Қазақстан Республикасында бақылау және қадағалау туралы» Заңының 16-бабы, 8-тармағына сәйкес, жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін құпия үндеулер негіз болып табылмайды делінген (белгілеген автор).

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген тексеру қорытындылары бойынша ескерту жөніндегі және әкімшілік айыппұл өндіріп алу, материалдарды құқық қорғау органдарына  жолдау шаралары алынуда.

Сонымен, 2011 жылдың ішінде аумақтық әлеуметтік қорғау және бақылау комитеті департаментінің қызметкерлері шетелдіктерді қатысы бар ұйымдарға 676 тексеру жүргізіліп, 651 ұйғарым беріліп, 29 млн. 353,6 мың теңге көлеміндегі  575 айыппұл  салынды».

Вице-министрдің жауабында көрсетілгендей, домалақ арыздар тексеруге дәлел бола алмайды. Онымен келісуге болады! «Үндеудің..» авторлары, үндеу мәтініне қарағанда олардың қатардағы жұмысшылар емес екендігі белгілі. Қазақстандық мұнайшыларға өз талаптарын ашық түрде қоятын уақыт баяғыда-ақ жетті. Үкімет басшысы кемсітушіліктің бар екендігін, оны шешуге шақыратындығын мәлім етті. Ал, еңбек министрлігі болса, бұған қарама-қайшы жағдайды алға тартады. Әлде бұл «балық басынан шіридінің кері ме?».

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 тамыз 2011, 23:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.