2014 жылдың күзінде әскерге шақырылғандардың 50 мыңға жуығы денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылып, әскер қатарына алынбаған. «Әскер қатарына өтуі тиіс 48 мың әскерге шақырылушы денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылды. Шамамен 28 мыңға жуық азаматтың отбасылық жағдайына байланысты әскери қызметін өтеу шегерілді, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметінен.
Әскери қызметке шақыруды шегеру «Әскери қызмет және әкери қызметшілер туралы» заңға сәйкес некеге тұрған, бір не одан да көп баласы бар азаматтарға отбасылық жағдайына байланысты беріледі» делінген мекеме таратқан хабарламада. Қазіргі таңда әскери есепте шамамен 12 мың жоғары білімді және 360 мыңнан астам арнайы орта және орта білімді адам тұрады.
«Конституцияда айтылғандай, Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың қасиетті борышы. Кейінгі жылдары өз өтініші бойынша әскери борышын өтегісі келетіндердің қатары көбейіп келеді», - дейді мекеме мамандары.
Денсаулығына байланысты әскер қатарына қосылмағандардың жұмысқа орналасу жайы қалай болады деген сұрақ туындайды осыдан кейін. Неге десеңіз, «әскери билетсіз» жөні дұрыс жұмыс табу қиын екендігі бүгін де жалпақ жұртқа аян.
Дереккөз: Turkystan.kz