Атырау, 26 қараша 16:38
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Назарбаев: Біз барлық нәрседе үнемдеуге кірістік, жаңа жобалардың құрылысы тоқтайды

1 487 просмотра

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарланады Ақорданың сайтында. 

Кеңес барысында өңірлік және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты ел экономикасы мен қаржы саласындағы ахуал қаралды.

Мемлекет басшысы халықаралық экономикадағы қазіргі жағымсыз құбылыстар 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары екеніне тоқталды.

– Дағдарыстың көрінісі еліміздің экспорттық тауарларының, әсіресе соңғы жарты жылда құны барреліне 50 доллардан түсіп кеткен мұнай бағасының төмендеуінен байқалды. Ел бюджетіне қаражат түсімін қамтамасыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің де бағасы төмендеді. Сонымен қатар, Украинадағы ахуал және соған байланысты Ресейге қатысты санкциялар, ресейлік рубльдің қазіргі жағдайы ықпал етіп отыр. Сондықтан біз ахуалды бақылап отыруға және тиісті шаралар қабылдауға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл соңында Үкіметке оқиғаның түрліше нұсқада өрбуінің сценарийлерін әзірлеуді тапсырғанын, ондағы басты міндет экономиканың өсім қарқынын төмендетпеу және негізгі әлеуметтік төлемдерді сақтау екенін еске салды.

– Бюджеттің күрт қысқаруы себепті Үкіметке оның бірқатар өлшемдерін қайта қарауға тура келеді. Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру керек. Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жағдай осылай өрбитінін еліміздің болжағанын және жағымсыз құбылыстарды еңсеру үшін тиісті шаралар әзірленгенін айтты.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы елдің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға бағытталған, оның бүкіл экономикаға мультипликативтік әсері болады. Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 75 нысан іске қосылуы тиіс, олардың негізінде 7500 жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қаражатты тиімді жұмсамау оқиғаларының байқалып отырғанын, мұны болдырмау қажеттігін айтты.

– Атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалылар мен тұрмысы төмендерге арналған жәрдемақы бақуатты адамдарға берілмеуі керек. Басты міндет – дағдарыстан қарапайым адамдардың жапа шекпеуін қамтамасыз ету. Мемлекет сауын сиыр емес, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда күрделі үрдістерді еңсеруге мүмкіндік беретін қажетті резервтің бәрі бар екенін атап өтті.

– Барлық қиындықтарға қарамастан, біз 2014 жылды 4,3 пайыздық өсіммен аяқтадық. Бұл қазіргі жағдайда жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын. Ресейдегі және Еуропадағы ахуалдың өрбуін де бақылап отыру қажет. Халық табысының төмендеуі, көрші мемлекеттердегі әлеуметтік шиеленістің күшеюі бізге де әсер етуі мүмкін. Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. Жылдың негізгі қорытындыларын біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында шығарамыз. Ол кезге қарай Үкіметте ахуалдың өрістеуінің барлық ықтимал жағдайына арналған нақты жоспар дайын болуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы ел ішіндегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталған шараларды қаржыландырудың негізгі көздері былтырғы жылы-ақ айқындалғанына тоқталды.

–Үкімет пен оның әрбір мүшесі жұмыстың тиімділігі мен қаражаттың жұмсалуын бақылауға жауапты болады,  – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық экономика министрі Е.Досаев негізгі үш сценарийді әзірлеу барысында мұнай баррелі құнының түрліше нұсқасы қарастырылғанын айтты.  

– Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық құралдар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы биыл Үкіметтің контрциклдық экономикалық саясатын іске асырудың негізгі «өзегі» болады. Сонымен қатар, практикалық сипаттағы шаралар жиынтығы, соның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары әзірленді, – деді Е.Досаев.

 Өз кезегінде қаржы министрі Б.Сұлтанов бюджет саласындағы былтырғы жылдың алдын ала қорытындылары, фискальдық органдар алдында тұрған 2015 жылға арналған міндеттер туралы баяндады.

– 2014 жылдың нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджеттің өлшемдері орындалды. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бөлінетін қаражат және Ұлттық қордан алынған 1 триллион теңге көзделген мақсатқа жетеді. Бұл орайда бақылаушы және салық органдарының жұмысы қамтамасыз етіледі, – деді Б.Сұлтанов.

Ұлттық банк төрағасы К.Келімбетов өткен жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады.

– 2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті, соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырумен бірге алғанда, бұл 2015 жылға арналған экономикалық саясатты сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті, – деді К.Келімбетов.

Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.

16 қаңтар 2015, 09:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.