– Жанармай құю бекетінен жанармай құйып жатқан кезде «тапаншаның» әлі алынбағанын байқамастан қозғалып кеткен едім. Бірер күннен кейін маған осы жанармай бекеті желісінің қауіпсіздік қызметінің бастығымын деп таныстырып, бір адам ұялы телефоныма қоңырау шалды. Ол қоқан-лоқы жасай бастап, тез арада келіп, 22 мың теңге айыппұл төлеу керектігімді талап етті. Мен сотқа шағымдануды ұсындым, менің кінәм дәлелденген жағдайда сот шешімімен айыппұл төлейтіндігімді айттым. Жанар-жағармай бекеті қызметінің талабы қаншалықты заңды? Жеке қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері өздерінің органдармен байланысы бар екендігін пайдаланып, жеке тәртіппен кінәлілерді анықтап (ешқандай дәлелдер ұсынбастан), қудалаймын деп қоқан-лоқы көрсетуге құқықтары бар ма? Оған, бұрынғы қызметкері ретінде полицияның менің толық мәліметімді: тұратын мекенжайымды, ұялы телефон нөмірін, тіпті, менің жол қозғалысы ережесін бұзғандығым туралы мәліметтерге дейін бергеніне наразы болдым.
Абай Лұқпанов
Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА түсінік берді:
– ҚР Конституциясының 18-бабы азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығын қарастырады. ҚР заңнамасына сәйкес, қылмыстық қудалау мен әкімшілік жазаны тек өкілетті орган (лауазымды тұлғалар) қылмыстық және әкімшілік заңнамада қарастырылған жағдайларда ғана, атап айтқанда, қылмыс пен құқық бұзушылық құрамының белгілері бар әрекеттер жасалған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Оқырманның қауіпсіздік қызметінің бастығына сот шешімі болған жағдайда айыппұлды төлейтіндігі туралы ұсынысы бұл жағдайда дұрыс.
Алайда, айыппұл төлемеген жағдайда сізді қудалайтындығы жөніндегі қауіпсіздік қызметі бастығының қоқан-лоқымен жасаған талабы заңсыз, өйткені, заңда қауіпсіздік қызметінің мұндай өкілеттігі белгіленбеген және ол сіздің жеке өміріңізге қол сұғылмаушылық құқығыңызды бұзуы деп бағаланады. Бұл жағдайда оқырманға жанар-жағармай бекетінің қауіпсіздік қызметі бастығының өзіне қатысты жасалған заңсыз әрекеттеріне байланысты және осы факті бойынша заңда қарастырылған шаралар алу туралы шағыммен құқыққорғау органдарына жүгіну керек.