Алматы әкімдігінің қызметкерлерін оқшаулауға себеп болған ер адам полицияға өз еркімен берілді деп хабарлады Қазақстан жаңалықтары АА-ға қала ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
«Бүгін сағат 11:25 шамасында Алматы қалалық әкімдігінің ғимаратына кірген бейтаныс адам, келушілер бөлмесіне кіріп, іштен жауып алып сыртқа шықпай қойған. Артынша осы әкімдікте шұғыл штаб құрылды. Бөлмеге бекініп алған адам бір сағаттан астам уақыт ешқандай талап қойған жоқ. Онымен осы уақыт ішінде сөйлесу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 13 сағат 35 минутта ол өз еркімен бөлмеден шықты», - деді Әзірбек.
Ол қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп, мұндай әрекетке бару себептері анықталып жатқанын атап өтті. Алдын ала мәлім болғанындай, бұл ер адам мұндай әрекетке 2008 жылы азаматтық істер жөнінде қабылданған сот шешіміне наразылық ретінде барған екен. Толық ақпарат кейінірек ұсынылады.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.