Атырау, 27 қараша 03:32
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВ: «Екі жылдан кейін балық болмайды»

3 760 просмотра

12 тамыз - Каспий күні атыраулық үкіметтік емес ұйым өкілдері «Каспий аймағын қорғау және тұрақты дамыту» деген тақырыпта конференция өткізді. 

Конференцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың, өндіруші компаниялардың және үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы үш жақты келісім негізінде «Каспий аймағын қорғау және тұрақты дамыту» Қоғамдық комитетін құруға бағытталған болатын. Айта кету керек, конференцияның үстінде комитет құрылған жоқ. Кейбір мүдделі топтар (мүмкін олар өздерінің мүдделі екендерін білмейтін де болар) оның қалыптасуын елемеді. Алайда, ұйымдастырушылар үміттерін үзбек емес. Олар құжаттама қағаздарын дайындап, сөз байласуға өздеріне бір ай уақыт беріп отыр. Өйткені, бұл жақсы бастама, қажетті әрі өте жауапты іс. Ал жауапты өкілдер осыны түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Міне, сол үшін де уақыт керек.

Ірі мұнай компаниясы саналған «Теңізшевройл» ЖШС-і конференцияға өзінің өкілін жіберсе несі кетер еді? Ал «NCOC» компаниясы конференцияға жеңіл қараған секілді. Олар өздерінің жауапты өкілі болып саналмайтын қызметкерін жіберіпті. Бірден түсінікті болды. Әкімдіктен көп кісіні шақырғанымен, ешкім келмеді. Облыстық әкімдік мәслихатынан Мағауия ШЫРДАБАЕВ келді.

Жергілікті ҮЕҰ-дарының барлығы келіп қатысты деуге болады. Ал келмегендері Қоғамдық комитет құру идеясымен келіскенімен, сондай комитетті өздері құрып алғысы келеді. Олай да болады. Ең бастысы, бұқпантайлау болмасын деңіз.

Жобаның идеологтарының бірі, «Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВТІҢ мұнай компанияларының Каспий теңізінде мұнай өндіруін қостамайтыны түсінікті.

- Екі жылдан кейін жаппай мұнай өндіру жұмыстары басталады. Соңғы елу жылдағы техногенді апаттар мұнаймен байланысты болды. Теңізде жұмыс істеп жатқан компанияларды теңізді де, жергілікті халықты да сақтандыруға мәжбүрлеу қажет, - деді ол.  

Ұйым жетекшісінің екі жылдан кейін табиғатқа келер зардаптың еселене түсетініне мазасыздық танытқан «Каспий Балық» ЖШС директоры Әділғали КЕМЕЛБАЕВ теңіз балықтарының тіршілігі қалай болатынын білуге асықты. Махамбет Ғалымжанұлы оның қойған сауалына «екі жылдан кейін балық мүлде болмайды» деп жауап берді.

Конференция соңында ҚР қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі Фазылбек МҰСТАНОВ атыраулық қоғамдық ұйымдардың бастамасына риза болғанын айта келе, әрдайым бірлесіп жұмыс істеу проблемамен жүйелі түрде күрес жүргізуіне сеп болатынын атап өтті. Оған қоса, министр кеңесшісі бұл жұмыс жарты жолда қалып қоймай, осы қарқынмен ілгері аяқ басатын болса, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізуге болады, - деп сөзін түйіндеді. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

18 тамыз 2011, 16:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.