АМӨЗ облыстық экология департаментінің ұйғарымы бойынша 2014 жылы 24 млрд теңге көлемінде экологиялық айыппұл төлеуден бас тартып, сотта жеңіп шықты.
Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыстық экология департаментінің АМӨЗ-ден 24 миллиард экологиялық айыппұл төлеу талабын қанағаттындырудан бас тартты. Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасы осы шешімді өзгеріссіз, ал экология департаментінің аппеляциясын қанағаттандырусыз қалдырды.
Естеріңізге салсақ, 2014 жылдың наурызында облыстық экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытына алауларда қышқыл газды өртеу арқылы қоршаған ортаны ластағаны үшін 23,7 млрд теңге сомада экологиялық зиянды өтеу туралы ұйғарым шығарды. Тексеру кезінде қышқыл газды өртейтін алау жүйесіндегі есептегішті тексеру кезінде күкірт өндіретін құрылғы (УПС) 700 мың текше метрдей белгіні көрсеткен.
Өз кезегінде АМӨЗ бұл тексерумен келіспейтіндігін білдіріп, іс жүзінде зауыт қышқыл газ шығарындыларын шығарған емес және шығармайды да деп растады. Есептегіш көрсеткішіне келер болсақ, 2014 жылы ұйғарым шығарылғаннан кейін сол бойда жіберілген біздің сауалымызға«АМӨЗ» ЖШС бас инженері Денис КОЗЫРЕВ былай деп жауап берген еді:
«Анықтамада көрсетілген аспап коммерциялық есептеу аспабы болып табылмайды және оны қышқыл газ есептеу үшін қолдануға болмайды. Бұл аспап тек жедел қызметкерлер үшін үрлемелі газ шығынының бар-жоғына бақылау жасауға және апатты шығарынды орын алған жағдайда қажетті шараларды алу мүмкіндігі болу үшін ғана арналған. Зауыт бекітілген лимиттен жоғары атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын шығарған жоқ және шығармайды да. Алау жүйесі құрылғысы мен қауіпсіз пайдалану ережесіне сәйкес, алау коллекторына құрамында күкіртсутегі жоқ отынды немесе инертті газдар беріледі. Бүкіл қышқыл газ сұйық күкірт алуға жіберіледі».
Технологиялық қондырғылардың, соның ішінде УПС пен алау қондырғысының жұмыстарын әділ тексеру және тәуелсіз сараптама қорытындысын жасау мақсатында зауыт Атырау мұнай және газ зауытын, Башқұртстан Республикасының Мұнай-химия өңдеу институтын, «Гипрогазочистка» ААҚ, «Йокогава Электрик Казахстан» ЖШС мен Қазақ мұнай және газ институтын жұмылдырды. Қарап тексеру үшін материалдар алау шаруашылығы нысандарын жобалаушы зауытқа - «Омск Нефтехимпроект» ААҚ-на жіберілді. Сотта экология департаменті жауапкердің (АМӨЗ-дің) 693 753,1 текше метр көлемінде қышқыл газды өртеу фактісіне жол бергенін дәлелдей алмады.
Алау жүйесі технологиялық режим, апатты жағдай кезінде, УПС-ті іске қосу және тоқтату кезінде технологиялық газдардың қауіпсіз жойылуын қамтамасыз етеді. Мысалы, УПС апатты жағдайда тоқтаған кезде қышқыл газ алау жүйесінде өртеледі. Экология департаментінің растауынша, есепке алу журналының мәліметтеріне сәйкес, УПС-та технологиялық режимдердің бұзылуы анықталған: 2012 жылы УПС-та 25 апатты жағдай, 2013 жылы 20 жағдай орын алған.
Алайда жауапкер сотта УПС-та 693 753,1 текше метр көлемінде қышқыл газ өртелген жағдайда жеті ай мерзімде УПС-та апатты кідіріс орын алар еді деп түсіндірді.
Осылайша, экономикалық сот өз шешімін экология департаменті жауапкердің УПС-ты ұзақ уақытқа апатты түрде тоқтатуға жол бергенін дәлелдейтін дәлел ұсынбағандығымен негіздеді.
Ербол ҚУАНОВ.Бұл жөнінде Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВ былай дейді:
– Біз облыстық табиғат қорғау прокуратурасының тексеру нәтижелері бойынша ұйғарым шығардық. Біздің мамандар осы тексеру жұмыстарына тартылған еді. Прокуратура қызметкерлері АМӨЗ-дің үшінші алау қондырғысындағы қышқыл газ есептегішті тексеріп шығып, оның мәліметтерін тіркеп алды. Алау жүйесі УПС апатты жағдайда тоқтаған кезде қышқыл газды өртеуге арналған. Қалыпты жұмыс жасаған кезде мұнай тазаланғаннан кейін күкіртсутек қоспасынан қышқыл газ күкірт өңдейтін қондырғыға түседі. Ол жерден әрі қарай сатылатын күкірт шығады. УПС апатты түрде тоқтатылған жағдайда қышқыл газ тікелей алау жүйесіне келеді. Алау жүйесіндегі есептегіш тексеру кезінде 700 мың текше метрдей белгіні көрсетті. Тексерушілер 2010-2011 жылдар аралығында осынша мөлшерде қышқыл газ жағылған деген байлам жасады. Есептегіш көрсеткіші фотосуретке түсірілді. Табиғат қорғау прокуратурасы істі бізге жолдады, біз айыппұл сомасы бойынша есебін шығарып, сотқа талап-арыз жолдадық.
Енді бұл есептегіштің жалпы – тек қышқыл газ үшін ғана емес, отын газына да арналғандығы анықталды. Мәселе мынада, кезекші алау УПС апатты түрде тоқтаған жағдайда бар уақыт бойы жанып тұруға тиіс. «Кезекші жанарғыны» ұстап тұру үшін, олар оған отын газын тұрақты жіберіп отырады. Сонда есептегіш ортақ болып шығады. Кезінде, жапондықтар қайта жарақтау жұмыстарын жасаған кезде, оны қате орнатқан. Ол тек қышқыл газға ғана арналуы тиіс еді. Бірақ біз сонда да Жоғарғы сотқа дейін бармақпыз. Аспаптың аты – аспап.
Естеріңізге салсақ, тексеру 2013 жылы қала тұрғындарының түнгі және таңғы уақыттарда «шіріген» жұмыртқаның иісі шығады деген шағымдары бойынша жүргізілген болатын. «АЖ»-да осы тақырып бойынша жеткілікті мақалалар жарияланды. 2013 жылдың аяғында барлық тексерулердің қорытындысы бойынша Қуанов қаламызды улап отырған кәсіпорындардың атын атап, түсін түстеп, мәлімдеме жасаған болатын («Қала түтін сасыған ауаның құшағында» мақаласын қараңыз).
Сәуле ТАСБОЛАТОВА