Фото: ИА Новости-Казахстан Астана. 9 қаңтар. ҚазТАГ – Биыл «Бейнеу-Ақтау» бағытындағы автожолдың 100 шақырымын пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.
«2014 жылы «Бейнеу-Ақтау» автожолының 200 шақырымы пайдалануға берілді. Биыл тағы 100 шақырымдағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру және 2016 жылдың соңына дейін, тағы 170 шақырым жолды іске қосу көзделген», - делінген жұма күні таратылған хабарда.
Хабарда айтылғандай, бүгін Инвестиция және даму жөніндегі министрдің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Әліпов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды. Сарап барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облысындағы филиалы, «Қазақавтожол» РМК, «Маңғыстаужоллаборатория» РММ және мердігер компания өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Жиында «Бейнеу-Ақтау» бағытындағы тас жолдың құрылысы талқыланды. Бұл - жалпы ұзындығы 470 шақырымды құрайтын, еліміздің орталығы мен батысын байланыстыратын «Орталық-Батыс» жобасы аясында салынып жатқан тас жол.
Жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдар түгелдей отандық өнім. Битум, қиыршық тас, цемент, бояу, темірбетон құрылымдары түгелдей Маңғытау ауданында шығарылады. Жиынға қатысқан мердігер компания өкілдері, облыс аумағында тұңғыш рет қазіргі заманғы озық технология – дорзин қолданылғанын атап өтті. Бұл – қиыршық тас пен асфальтбетон араласқан, цемент пен тұрақтандырғыш қосылған жолдың үстіңгі қабатын тез тозудан сақтайтын озық технологиямен салынған жамылғы.
Сондай ақ, мердігер компания басшыларының жол құрылысына және 2015 жылғы жоспарға байланысты есептері тыңдалды.
2015 жылы Жетібай-Жаңаөзен бағытындағы жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылысын бастау жоспарланған.
Бұл жобалардың жүзеге асырылуы тек Маңғыстау облысының ғана емес, жалпы республиканың экономикасына тың серпін береді. Облыс арқылы өтетін халықаралық көлік қозғалысын арттырады, аймақтық ынтымақтастықты нығайтып, кәсіпкерлік, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына ықпал етеді.
Дереккөз: ҚазТАГ