Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы күшіне енгендіктен, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы өз күшін жойды, деп хабарланды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ресми порталында.
«Құрметті салымшылар, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы күшіне енді, оның қабылдануына байланысты «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының күші жойылды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы «Өңірлерді дамыту», «2012-2020 жылдары моноқалаларды дамыту бағдарламасы», «2011-2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «2011-2020 жылдарға арналған Ақ бұлақ», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламаларының біріктірілуі негізінде жасалған.
Осыған дейін Қазақстан Президенті халыққа арналған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында 2015 жылы баспана тұрғындарға төменгі ставкалармен берілетінін және арендалық үйлерді әрі қарай сатып алуға болатынын айтқан еді.
«Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны, бастапқы жарнаны төлеуді талап етеді, содан кейін банктер кабальды (кіріптарлық) пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адамдар оны төлеуге қауқарсыз, осыдан проблемалар туындайды. Бұл бағдарламалар қалады, олар дәулетті адамдар үшін жарамды. Ал жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтарға жасап жатырмыз. Жаңа бағдарлама бойынша баспана еш делдалдарсыз, барынша төмен пайызбен беріледі. Несиелік қызмет 1-2 пайыз көлемінде болуы мүмкін» , - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Дереккөз: Baq.kz