7 қаңтардан бастап жол қозғалысы ережесіндегі түзетулер күшіне енді. Соның ішінде 12 жасқа дейінгі балаларды тек қана автокресломен тасымалдау қажет. Бұл жаңа ереже әлеуметтік желілерде біршама талқыға салынды, әлі де талқылануда.
Мәселен, Фейсбукте суретші, белсенді блогер Аңса МҰСТАФА «Автокресло дейсіз бе?» атты суретіне мынадай жазба қалдырған. «Тоқта, балам, әкең Жанарды мектепке апарып тастап келсін, қайтып келіп сені мектепке апарады, сосын ініңді... Аптокресло деген бәле біздің ауылда біреу ғой...». Ал, Құндыз МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ есімді тіркелуші тілегін білдіріпті: «Заңды қарастырғанда жоғары жақтағы ағаларымыз жан-жағына қараса деймін, тек өздерінің қалталарын ойлап, пайдасына Заң шығармай?».
Ал, қазір Еуропада тұрып жатқан белгілі журналист Ғалым БОҚАШ халықтың жаңа ережеге сонша шулағанына таң: «Бұл - ең әуелі баланың қауіпсіздігі үшін керек құрал ғой, денесін көтеріп белдікті тартқанда дәл кіндік асты мен кеудеге келтіретін. Көлігімде үлкен қызыма арналған жай ғана отырғыш, кішісіне арналған арқалы орындық бар. Балалар жоқта багажникте жатады. Бағасы Еуропада сонша қымбат емес, отырғышты 10 долларға, арқалысын 50 долларға алуға болады. Мына заңнан соң бұл отырғыштар Қазақстанда бір-екі айдай дүкенде қымбаттап, дефицитке айналуы мүмкін, бірақ сосын әр жерде арзан бағамен тұрады - көресіздер. Батыс елдерінде такси шақырсаңыз, «Бала бар ма?» деп сұрайды, баламен жүрсеңіз, таксиіне автокресло қойып жібереді. Еуропа елдерінде балаға арналған арқалы автокреслоға көбіне 5 жасқа дейінгі балдырғандарды отырғызады. Көп орын алуы мүмкін тек сол ғана. Ал, 5-12 жас арасындағы балаларға кішкентай отырғыш болса жетеді. Ол отырғыш қатар-қатар қойсаңыз, көп орын алмайды. Егер балаңыз үшеуден көп болса немесе мүмкіндігі шектеулі балаңыз бар болса, еріксіз «Фольксваген-Мультивен» сияқты үлкендеу көлік алуға тура келеді. Оған бәрі сыяды. Еуразия Одағына кіргелі Қазақстанда мұндай отбасылық сапалы көліктер қымбаттап кетті, рас. Ал, Еуропада мұндай көлікті несиеге рәсімдеу арзан, ұсталған көліктер базарында одан да арзанға түседі. «Бала артқы орындықтағы үлкеннің алдында отырса, ештеңе етпейді» деу - жауапкершілігі аз адамның сөзі. Ең бастысы - баланың қауіпсіздігі. 50 км/сағат жылдамдықпен келе жатып кілт тоқтасаңыз, өз орындығында отырмаған бала кем дегенде алдыңғы орындыққа басын соғып алады. Кішкентай баланың мойны әлсіз екенін ұмытпау керек. Тағы бір жайт: «балам жеке креслоға отырмайды, жылайды» деген де негізсіз сөз екен. Өз басымнан өтті. «Осы еуропалықтар баласына не беріп тәртіпті қып қояды екен?» деп ойлайтынмын. Үлкен қызым сол дисциплинаға басында қыңқылдағанымен, соңында тез үйренді. Әрбірден соң белдігін бекітпей жатып, көлікті орнынан қозғалтпай тұрғызып қоятын болды».
Ал, журналист Қасым АМАНЖОЛҰЛЫ мынадай сауал тастайды: «Жол полициясы баланың 12 жасқа толған-толмағанын қалай анықтайды? Баланың туу туралы куәлігін алып жүруге міндеттіміз бе ертеңнен бастап?»
Біздің azh.kz сайтымызда да комментарийлер аз емес. Оқырмандар парламенттегілер жаңа ережені көпшіліке өмірлік маңызды заң новеллаларын түсіндіріп, халықты дайындамай асығыс енгізді деп шамдануда. Олар мынадай сауал қойып отыр:
«Бір таксиде үш креслоның болуы техникалық жағынан мүмкін емес қой, менің 3 балам бар. Мен олармен базарға, мектепке қалай барамын?».
Дайындаған Айнұр САПАРОВА