Атырау, 21 желтоқсан 15:05
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Сергей Белоглазов: «Құрамада жалқаулар жоқ»

2 034 просмотра

«Атырау» ДСК-нде 2000-02 ж.т. ер балалар арасында еркін күрестен Тұрлан Нұрмұхановты еске алуға арналған 2-ші ашық республикалық турнир өтті.

Жарыстарға Дағыстан, Шешенстан, Қалмақия, Астрахан облысы, Өзбекстан және Қазақстанның көптеген облыстарынан командалар қатысты. Турнирдің қадірлі қонақтары – 2 дүркін олимпиада чемпионы, ресейлік Сергей БЕЛОГЛАЗОВПЕН (суретте), Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ақжүрек ТАҢАТАРОВ және Арман ШІЛМАНОВПЕН кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті.

 

«КҮРЕС ӨМІРІМНІҢ МӘНІ БОЛДЫ»

- Сергей Алексеевич, хош келдіңіз, Атырауға қандай мақсатпен келдіңіз?

-Уақыт қарбалас болса да, біз келіп қалдық. Еркін күрестен ҚР құрама командасы қаңтар айында Красноярскіде өтетін олимпиада чемпионы Иван Ярыгинді еске алуға арналған «Голден Гран при» сериясының халықаралық турниріне дайындалу үшін оқу-жаттығу жиынына кетті. Бұл  - менің ҚР құрамасының кеңесшісі ретінде қатысып отырған алғашқы ірі турнирім.

Мен бүгінде ұлттық құрама сапында жүргендердің кім екенін, қандай басымдықтары мен кемшіліктері бар екенін білгім келеді. Құрамамыз Лондон олимпиадасында өте сәтті өнер көрсетті деп айта алмаймыз (Екі қола медаль – Гюзель Манюрова мен Ақжүрек ТаңатаровМ.С.). Алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Спортшылар мұны жақсы түсінеді және бар күштерін салып жаттығу жасауда. Бар мүмкіндіктерін «Гран приде» көретін боламыз...

2015 жыл біз үшін өте жауапты жыл болғалы тұр. Қыркүйек айында Лас-Вегаста әлем чемпионаты өтеді және сол жерде Олимпиада-2016 ойындарына алғашқы лицензиялар сарапқа салынады. Палуандарымыздың алдында тұрған міндет – Риоға бірінші әрекеттен-ақ жолдама алу.

-Атыраулық палуандар Әділбек Баймұратов пен Азамат Өміржановтардың Олимпиадаға бару мүмкіндіктері қандай?

- Балалардың қалай жаттығу жасап жатқандарын қарау керек. Құрамаға іріктеу ақпанда болатын ел чемпионатында жүргізіледі. Барлығының да мүмкіндіктері бар. Құрамаға талапты жастар жиналған деп айта аламын. Жалқаулар жоқ. Барлығы өздеріне не керектігін біледі.

- ҚР чемпионатында атыраулық палуандар жүлде ала алмауы мүмкін. Алайда біздің спортшыларымыз өз шеберліктерін дәлелдеу үшін қандай беделді турнирлерге қатыса алады? Мұндай жарыстарға палуандарымызды жіберуге облыстық күрес федерациясында қаржы табылады деп ойлаймын...

-Әрине, жігіттерді құрама командадан бөлек чемпионаттарға алып баруға болады. Алайда, менің ойымша,халықаралық турнирлерге барып, Қазақстанның намысын қорғау үшін ұлттық құраманың мүшесі болу керек. Үміткерлердің барлығына бірдей жағдай жасалса деймін. Мәселен, сіздің балаңыз халықаралық турнирге барады, ал ақшасы жоқ адам үйінде қалады. Бізде, Ресейде де осылай болған, арты жақсылықпен бітпеді: әркім әр жаққа тартты, «маған құрама неге керек, өзім жаттығып, өзім қатысамын» деген әңгімелер болды. Күрес жақсы дамыған Дағыстан, Осетия және басқа да өңірлерде де осындай жағдай қалыптасты. Төрт Ресей құрамасы пайда болды. Ал, кім жеңді?

Әрине, егер ақша болса, жарна төлеп, құрама командадан тыс қатысуға болады. Алайда, менің пікірім – барлығы да ҚР ұлттық құрамасының астына бірігуі керек.

-Халықаралық ареналарда сәтті өнер көрсету үшін не істеу керек?

-Қазір жас жаттықтырушылар шамалы жалақыға бола спорт мектептеріне жұмысқа кіріп жатады. Міне, соларды қолдау керек. Балалармен, жасөспірімдермен және жастармен шұғылданатын сауатты да болашаққа оң көзбен қарайтын осы буынды дамытпасақ, ұлттық команданы көтере алмаймыз.

-Кезінде бауырыңыз, олимпиада чемпионы Анатолий Белоглазовпен бірге боз кілем үстінде атой салып жүрген кездеріңізді еске алайықшы. Шеберліктеріңіздің құпиясы қандай?

- Ешқандай құпиясы жоқ. Мен өмірімде бірде-бір жаттығуды қалдырмағанымды мақтан тұтамын. Мен күресті қатты ұнаттым, сонымен өмір сүрдім деуге болады... Ата-аналарымыздың спортпен еш байланысы жоқ еді. Бауырым екеуміз футбол ойнап жүріп, кездейсоқ күрес секциясына тап болдық. Ешкім бізді онда алып барған жоқ. Жасымыз 11-де еді, сыңарым 24 келі, мен 26 келі тарттым. Жаттықтырушыны көріп, сонымен өмір бойы бірге жүрдік. Жаттықтырушыдан, әрине, жолымыз болды - Гранит Иванович Торопин. Ол қазір тірі, дені сау болсын, АҚШ-тың Гарвард университетінде күрес секциясын жүргізеді. Ол бізге үнемі қамқорлық жасап: «Базаны игеріңдер, денсаулықтарың нығайсын, бес жылдан кейін күрестің не екенін түсінетін боласыңдар» дейтін. Шыны керек, біз мұні бір жыл бұрын түсіндік. Мен 15 жасымда 48 келіге дейін ересектер арасындағы Ресей чемпионатын жеңдім. Бауырым екінші орын алды. Содан кейін Тбилисиде турнирге қатысып, сол жерде үш әлем чемпионын жеңдім.

Жарыс бітті ме, келесі күні жаттығуға асығып тұратын едім. Қазіргі жастарда «бір жетістікке жетіп, екі жыл жаттығудан қол үзу» сәнге айналған. Үлкен жеңістерге жетіп, алайда кейін жоғалып кеткен талай жасөспірімдерді көрдім. Торопин қашан да «Маған сендердің жүлделерің маңызды емес, ең бастысы адам болып қалыңдар» дейтін. Қазір біз 60-тамыз, ол 75-те.

 

«ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС КЕРЕК»

Келесі сұхбаттасушымыз – Арман Шілманов.

- Қазір мен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы және Республикалық таэквондо федерациясының спорт директоры болып жұмыс жасаймын. Ұлттық құрамаға жетекшілік етемін.

-ҚР құрамасында қандай жаңалықтар бар?

- Команда Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Алдағы жылдың басында тағы бір жиын жоспарланып отыр. Содан кейін турнирлер, мамыр айында Челябинскіде өтетін әлем чемпионатына дайындық басталады. Әр салмақтағы алты үздік Рио Олимпиадасына тікелей жолдама алады. Олимпиадада барлығы әр салмақта 16 спортшыдан күш сынаспақ.

-ҚР құрамасына атыраулықтардан кімдер кіреді?

- Әзірге ешкім. Үміткерлер - Үмбет Шәкиев, Айгүл Елубай және Амантұр Табылдиев. Олар қарашада болған ҚР чемпионатында екінші және үшінші орындарды иеленді. Өз қабілеттерін толық дәлелдеу үшін олар халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетулері қажет. Қазір олар үміткер ретінде құрамамен бірге жиынға кетті.

-Лондон Олимпиадасына қатысушы Гүлнафиз Айтмұхамбетова қалай өнер көрсетіп жүр?

- Ол денсаулығына байланысты спорттық карьерасын аяқтап жатыр. 2015 жылы жарыстарға қатыспайды.

- Бейжің олимпиадасына сіз және Лия Нұркина қатысты, Лондонға тек Гүлнафиз ғана барды. Атыраудан шыққан олимпиада қатысушылары азайып барады...

- Спортта сәтсіздік барлығының басында да болады. Бүгін сен жеңсең, ертең сені жеңеді. Атырау спортшылары 10 жылдан аса уақыт бойы командалық және жеке есепте бірінші орынды ешкімге бермей келді, ал қазір Алматы, Қызылорда командалары алға шықты. Ал бұрын көш басында болған Оңтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында нәтиже төмендеп тұр.

-Кезінде біз Гүлнафизді Ресейден «құда түсіп» алғанбыз, ол ҚР құрамасы қоржынына көптеген жүлделер салды. Менің білуімше, қазір оның жерлесі, Оңтүстік Кореядағы ашық чемпионатта керемет өнер көрсеткен астрахандық Арман Ерғалиевті шақырту ойда бар екен.

- Бұл жоба келіссөздер кезеңінде. Ресейліктердің бұған не дейтіні әлі белгісіз. Піспеген шаруа...

- Елімізде жоғары нәтижелерге жетіп, рейтингте көш бастау үшін атыраулық жаттықтырушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Әр салмақта болашағы бар деген спортшыларды іріктеуге жүйелі тұрғыда келу керек. Мұстахим Қабдырашев қазір ҚР құрамасын басқарады, Нұрхат Дүйсембаев облыстық федерацияның вице-президенті болып сайланды, Бауыржан Төребаев та облыстық федерацияның бас хатшысы лауазымында қоғамдық істер атқаруда. Олар Қазақстанда таэквондоның дамуына үлкен үлес қосты және бүгінде облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов, жасөспірімдер бапкері Сәуле Сардарова және кадеттер жаттықтырушысы Ерлан Алагөзов сынды жас мамандардың өздерін көрсетуіне мүмкіндік тудырып отыр. Енді екі-үш жылда олар кеткен еселерімізді қайтарады деп ойлаймыз.

 

«ӘЗІРГЕ СПОРТПЕН ҚОШТАСПАЙМЫН»

Тағы бір сұхбаттаушымыз – Ақжүрек Таңатаров.

- Мен өткен жылғы Тұрлан Нұрмұхановты еске алу турниріне қонақ болып келген едім. Ұйымдастырушыларға ризамын, өйткені, жарыстар көп болса, жас палуандарға өмірге жолдама алуға көп септігін тигізеді. Атырауда өткен турнир – жасөспірімдер арасында Қазақстандағы ең ірі жарыстардың бірі. Бұрын мұндай ауқымдағы жарыстар тек ересектер арасында өтетін. Осы қабырғадан әлі талай мықты қазақ палуандары шығатынына сенімдімін. Турнирге жарқын болашақ тілеймін.

- Қола жүлдегер атанған 2012 жылғы Олимпиададан кейін өміріңіз қалай өзгерді?

- Олимпиададан алған жарақаттарымды емдедім. Жақында жаттығуларымды бастадым. ҚР чемпионатына дейін өз бабыма келемін деп ойлаймын.

Халқымыз жомарт, кеңпейіл ғой. Олимпиададан кейін ел президенті бізбен кездесіп, марапаттады, облыстарды араладық, әкімдер сыйлықтар тарту етті. Осындай құрметтерден кейін 2016 жылғы Олимпиадаға еселенген күшпен дайындаламын.

- Спорттық карьераңызды аяқтағаннан кейін немен шұғылдануды жоспарлап жүрсіз?

- Қазір Алматы оқушылар сарайы директорының орынбасары болып жұмыс жасаймын және жаттығуымды жалғастырып жүрмін. Спорттық карьерамды аяқтауға асықпаймын. Менің үш жоғары білімім бар: спорттық, заңгерлік және мемлекеттік басқару. Болашақ мамандығым туралы әлі ойланған жоқпын.

МұратСҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

31 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.