Суық түсер алдында полицейлер атыраулық бомждардың тағдырына алаңдап, панасыз жандардың барлығын орналастыру үмітімен рейдке шықты. Бұл тіптен қиын іс екен.
«МЕНІ ҚАЙДА АПАРАСЫЗДАР?
Анықталғандай, бұл - бүкіл жергілікті учаскелік инспекторлар шығып тұратын жыл сайынғы шара екен. Өз ауданының әр қуысын, оның қай жерін тұрақты мекен-жайы жоқ жандардың паналайтынын олардан артық кім біледі?
Таңертеңгілік тіршілік қызып жатыр, автобус әзір болды. Тек полицейлер ғана асығар емес: «күте тұру керек, қазір бомждар ұйқыларынан тұрып, көшеге қайыр сұрауға шықсын, сол кезде біз оларға көмектесеміз» деді.
- Біздің көмегіміз сол - осы тұлғаларды арнайы мекемеге орналастырамыз, - дейді Атырау қалалық ІІБ бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ. – Дәлме-дәл айтқанда, адамдарды «аулауға» тура келеді. Бұл жерден біз саусақ іздерін түсіріп, дерекқорымыз бойынша ақпаратты тексереміз, ал, кейіннен оларды арнайы мекемеге апарамыз, сол жерде үйсіздерге құжаттар жасап береді, өйткені, олардың құжаттары жоқ болып келеді.
… Қайыршыларды табу үшін Владимирский бойындағы жылу трассасының бойымен жүріп, ықшамауданның әр ауласына кіріп, жайма базарларға көз тастап жүрміз. Ақырында супермаркеттердің бірінің алдынан бір жұпты тауып алдық. Еркек пен әйел, дәлірек айтқанда, атай мен әжей екен. Екеуінен де ішімдік иісі бұрқырап тұр. Өздерін таныстырып, мән-жайды түсіндірген полицейлер көне кеткен ер адамды автобусқа апарды. Ал, әжей қайыр сұраған алақанын түсірместен, бәрін боқтай жөнелді. Бәрі абдырап қалған кезде жұлқына қоянша оңға-солға орғып, тобырдың ішіне сіңіп ғайып болды.
- Сіздер мені қайда апарасыздар? – деді есін жиған еркек, - Мүмкін жіберерсіздер?
- Бейімдеу орталығына. Ол жер жылы, - дедім мен оған түсіндіруге тырысып. Ол бетін тыржитты:
- Қайда апарасыздар?..
ГҮЛМИРА МЕН СЕРІК
Ахмет ата бейітінің маңынан тағы біреуін таптық. Балкондардың біріне астына бой тасалаған ер адам садақалар тасталған қорапты көзімен арбап отыр. Ол жақындап барған полицейлермен ишарамен амандасып, содан соң түсініксіз әлдене деп айқайлап, бір жаққа қарай жүгірмек болып, ол ойынан айнып қалды да, қарсы бетке жүгіре жөнелді. Қуғын басталып кетті. Ентігіп қалған полицей оны жүз метрден соң ұстап алды. Бәрі дұрыс сияқты еді. Кенеттен бір жерден әйелдің айқайлаған дауысы естілді. Кейін анықталғандай, ол көңілдесі екен. Әйел оны арашалап алып, тістелеп жолатар емес. Опыр-топыр боп жатқан кезде ер адам өз құтқарушысын тастай сала, қайтадан қаша жөнелді. Байбалам салған әйел шағын дүкеннің баспалдақ таянышына жармасты. Тәртіп сақшылары оның қолын абайлап таяныштан босатып алды. Қарғыстың түрін айтып жатқан әйел бұрылған кезде оның жүкті екені анықталды.
Автобус ішінде таныстық: есімі Гүлмира екен, жасы 40-та, ал, 37 жастағы күйеуінің есімі Серік, ол Оралдың қырынан келген екен. Бұрын сол жерде мал баққан.
- Иә, мен жүктімін, - деп басын изеді ішімдік иісі мүңкіген Гүлмира. – Жоқ, қай айда екенімді білмеймін… Төртінші ме? Алтыншы ма? Мен қайдан білейін!
Содан соң менің көмегіммен Бейімдеу орталығынан қашып кетермін деп ойласа керек, жұмсара қалды:
- Маған айтшы, бізді жауып тастай ма? Жаңа жыл жақын ғой... Біз оны түрмеде өткіземіз бе? Олармен сөйлесіңізші, бізді босатсын... құжатты біз өзіміз жасаймыз... Сосын мен дәрігерге барамын. Уәде беремін. Кейін.
ОРЫНДАЛМАЙТЫН ШАРТ
Анасы мен қызы тұратын Лесхоз ауданындағы үйдің екінші қабатындағы пәтерде көбінесе түрлі маргиналдар тұрады. Есікті бірден аша қоймады. Табалдырық алдында бір қыз, қасында әлдебір жігіт тұрды. Полицейлер пәтерге кірді. Бұл жақсы пәтер емес, оны мекендеушілер көп жылдан бері бүкіл көршілерінің бас ауруына себеп болған. Сол жерде жігітті автобусқа қарай алып кетті, ал, 57 жастағы анасы мен 28 жастағы қызы бет-әлпеттеріне қарағанда бауырларына басуға әуес жандар секілді үрки бір-біріне тығылды. Сәл кейінірек Лена тәтей маған өзінің пәтерін көрсетті: тозығы шыққан түсқағаз, төбеден жұлымданып түсіп жатқан ескірген ізбес, әр жерде шашылған бөтелкелер...
- Леген алып келу керек, төбеден бірдеңе ақты, - деді шаруақор екенін көрсеткісі келген Зарина есімді жас әйел.
- Ұлым түрмеден шықсын, жөндеумен айналысамыз, - деді менің шошынған түрімді көрген Лена тәтей армандай бастап. – Бәріміз де жұмысқа шығамыз. Бұл пәтерді сатып жіберіп, үй сатып алғымыз келеді... Тауық, қой ұстап...
Бұл жұпты полицейлер әкетпеді. Олардың басқалардан айырмашылығы – бастарында үйлері бар.
Рейд барысында біз белгілі бір мекен-жайы жоқ тағы оншақты адамды жинап, Лесхоз ауданындағы Бейімдеу орталығына апардық. Ол жерде, полицейлердің растауынша, оларды дәрігер тексеріп, киім-кешек беріп, тамақтандырады екен. Орталықта болған үш ай ішінде оларға құжаттар жасап беретін көрінеді.
Соңғы жағында мен ұсталушылардың бірінен олардың неліктен орталыққа барғылары келмейтінін сұрадым.
- Мен ол жерде болғанмын, - деді маған. – Ол жерде маған ұнамайтын – ішімдік ішпеу туралы шарт бар.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор