Өткен жұмада М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында өткен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты фестиваль кеші ерекше толқыныс пен ащы мұңға толы әсермен есте қалды.
Бұл кеш - облыстық фестивальдің мәресі. Бұған дейін іріктеу облыстың барлық аудандарында өтті.
Оған кәсіби әртістер емес, Ұлы Отан соғысы тақырыбына әлі күнге дейін бей-жай қарай алмайтын қарапайым адамдар қатысты.
89 жастағы соғыс ардагері Николай Григорьевич ПАНОВ жүрек тебірентетін «Нам нужен мир» өлеңін оқу үшін сахнаға көтерілді. Кеңес әскерінің қатарына ол 43-ші жылы шақырылып, бірден майданға аттаныпты.
- Сол кезде кеңес әскері Орел түбінде болды, шабуыл жасау үшін адамдар жетіспеді. Өрімдей жас біздерді сол жерге апарды. Әлі есімде, командир: «Міне, қырандар да келіп жетті, енді Орелды аламыз» деген еді. Сөйтіп, менің соғысым басталды...
Николай Григорьевич Гомель түбінде ауыр жарақат алған.
- Біздің ротамыз Сож өзенінен сал арқылы өтті. Сол кезде біз жаудың 20 шабуылына тойтарыс бердік. Бүкіл рота ішінде бар болғаны 7 адам ғажайыптың күшімен аман қалдық, - дейді көзіне жас алған ардагер. – Мен госпитальдан бір-ақ шықтым. Снарядтың жарықшақтары аяғымды жаралады. Әрі қарай ұрысқа қатыса алмадым, осы жарақаттың салдарынан екінші топтағы мүгедек болдым. Жарықшақтар ұзақ уақыт бойына жаныма маза бермеді. Соңғы жарықшақ тек 60-шы жылдары ғана алынды...
Қазір зейнеткер, бұрын бастауыш сыныптардың мұғалімі болған Жылыой ауданының тұрғыны Рабиға ҒАЛИЕВА «Гауһар тас» әнін нақышына келтіре орындады.
- Соғыс басталғанда менің жасым небары 7-де болатын. Көршілер мен туыстарыма қара қағаздың келгендігі, көптен күткен жеңіс туралы естігенде тілмен айтып жеткізгісіз күйде болғанымыз әлі есімде. Сол кезде бәрі біресе күліп, біресе жылады... Соғыс жылдарының әндерін бала күннен сүйіп өстім. Әндер жігерлі рухқа, мұңға, сенім мен үмітке толы болатын. Дәл осы әндер окоптағы жауынгерлердің тірі қалуына сеп болды, тылдағы адамдар осы әндерден жұбаныш табатын.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор