Атырау, 26 желтоқсан 13:22
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Ірі табиғат пайдаланушыларының уәделері тағы қағаз жүзінде қалды

10 487 просмотра

Жуырда Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мұнайгаз саласындағы ірі жер пайдаланушыларға қатысты табиғатты қорғау және олардың ісіндегі заң бұзушылықтар  жөніндегі зерттеуін жария етті. Олардың арасында біздің облысымыздағы ТШО, North Caspian Operating Company, Қазтрансойл, АМӨЗ, Ембімұнайгаз компанияларымен қатар «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ аттары аталады. Әрине, президент айтқандай мұнай мен газ біздің де шаруамыз емес, бірақ сол жердің ауасын жұтып отырғандар нақты жағдайдан хабары болуы керек деп санаймыз.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғатты қорғауға арналған қаражатты төмен дәрежеде игерген немесе жоспарланған іс-шараларды орындай алмаған мекемелерді атады. Солардың қатарында Теңізшевройл кәсіпорыны да бар. Министрлік ақпаратына сүйенсек 2010 жылы ТШО тарапынан табиғатты қорғауға 13 279 млн. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылып, 13 шараны жүзеге асыру жоспарланған. Алайда өтіп бара жатқан жылдың 9 айындағы бұл соманы игеру тек 11 444 млн. теңгені құрап отыр, яғни бар болғаны 86 пайыз. Нақтырақ айтсақ, төмендегі іс-шаралар жүзеге асырылмай қалған: қалдық суларды шығару мен өңдеу жүйесін модернизациялау үшін бөлінген қаржының 54,3 %-ы игерілген, жағылған көмірқышқыл газдар факелінің қондырғысы - 70%, ұңғымаларды қолдану барысындағы қоршаған ортаға шығындыларды азайту- 25,6%, коммуналдық шаруашылықтар жүйесін модернизациялау - 82%, қалдықтарды жою объектілері құрылысы- 40,6%, күкіртті қолданудың басқа тәсілдері жүйесі - 17,4%.

Бұдан өзге министрлік 2010 жылдың 9 айындағы қоршаған орта эмиссиясына сараптама жасаған. Оған сүйенсек ТШО-ның қоршаған ортаны қалдықтармен ластауы 3087 тоннаға артқан. Оның себебі қалдық сулардың көлемінің артуы, ұңғымаларға суды кері айдау салдарынан булану алаңының ұлғаюы, Шаңырақ поселкесіндегі канализация жүйесіндегі жер асты қабаттары суларын инфильтрациялау мен құдықтардың тығыз жабылмауы салдарынан болып отырған көрінеді. Қалдықтарды орналастыру көлемі де 28,5 тоннаға артқан, ол бұзылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарымен байланысты.

Тағы бір компания North Caspian Operating Company (NCOC).2010 жылы компания 12780 млн. теңгеге 31 іс-шараны жүзеге асыруға тиіс болатын. Алайда 2010 жылдың 9 айында бұл соманың бар болғаны 7671 млн. теңгесі ғана игеріліпті немесе компания жоспарлаған шарасының тек жартысын ғана орындаған. Ал Каспий теңізінің Солтүстік бөлігіндегі қауіпсіздік белдеуі құрылысы, «Самал» вахталық поселкесі маңы, «Болашақ» зауыты мен жақын маңдағы елді мекендердің тұсына ағаштар отырғызу, қоршаған ортаға зиянды заттардың диффузиясын зерттеу, кеніштің толық игерілетін учаскелеріндегі теңіз экологиялық бақылау жұмыстарын жүргізу, жыл сайын жүргізілетін кеніштің қолда бар мәліметтерін дәйектеу, Қашағанның жер бетіндегі объектілерінің қоршаған ортаға тигізетін зиянын алдын ала анықтау, басқа да жобаларды  жүзеге асыру үшін оның қоршаған ортаға тигізетін зиянын алдын ала анықтап, экологиялық жоспар мен зерттеу жасау тәрізді маңызды істер тағы кейінге қалыпты. Сонымен қатар аса маңызды саналатын ауаға мониторинг жасайтын станцияны пайдалану мен техникалық қызмет көрсету жүйесін модернизациялау-   43,37% игерілген, мұнай төгінділерін жоюға арналған құрал-жабдықтар сатып алу, мұнай төгінділерін жоюды үйрету- 14,88%, Батыс Ескенедегі өндірістік сұйық  қалдықтарды жою алаңы құрылысы жартылай жүзеге асырылып, тазартылған суды кері айдау жолымен жою тәсілдерін зерттеу - 1,88%, механикалық булану жүйесі- 1,5%, жануарлар әлемін зерттеу -18,31%, итбалықтарды зерттеу -27,14%, жыл сайынғы теңізге жүргізілетін зерттеулер- 51,67%, Атырау облысының құрлығына жүргізілетін зерттеу бар болғаны - 27,48%, құс түрлеріне мониторинг жасау- 54% ғана іске асырылған.

NCOC компаниясының қоршаған ортаға эмиссиясын саралау теңіздегі объектілерде бұрғылау мен құрылыс жұмысының артуына байланысты қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуы - 0,50281 мың тоннаға өсіп, жаңа объектілер салдарынан табиғатты ластау 141,56  тоннаға артқанын көрсеткен.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты»  ЖШС. Зауыт министрліктің есебі бойынша 2010 жылдың өткен 9 айында 6 іс шара жоспарлаған. Бұл мақсатқа бөлінген 4 315 млн. теңгенің  3954 млн. ғана игерілген.

Биологиялық тазалаудан кейінгі суды қайтара пайдалануға арналған Су блогы-2 жүйесі жобасы енгізілмеген, май сіңген жер қабаттарын  залаласыздандыру, жою мен орналастыру полигоны құрылысы салынбаған. Сондай-ақ  ауаны автоматты түрде қадағалау  қондырғысы биыл тағы орнатылған жоқ.

Өткен 9 айдың ішіндегі қоршаған орта эмиссиясына жасалған талдама   АМӨЗ-дің атмосфераға ластаушы заттарды шығаруы 0,231 мың тоннаға, шығындылардың 90 тоннаға, өндіріс қалдығын орналастыру 347 тоннаға артқанын көрсеткен.   

«ҚазТрансОйл» АҚ.  Қоршаған орта министрлігі «ҚазТрансОйлдың» да  2010 жылы экологияға бөлінген 1906 млн. теңгенің тек 900 млн. теңгесін ғана жүзеге асырғанын анықтапты. Бұл компания атыраулықтар үшін ең маңызды Атыраудағы ауыз су жүйесін қайта өңдеуден өткізу жөніндегі уәдесін орындамаған. Пайдалануға жарамсыз арнайы техникалар жойылмаған, Қиғаш өзені аңғарындағы суға бақылау жасау, Үлкен Шаған полигоны құрылысы, Теңіз-ЦПС-Прорва учаскесіндегі су желісін қайта  өңдеуден өткізу, өндірістік қалдықтарды зерттеу, жер асты суларының сапасына бақылау жасау тәрізді маңызды шараларды жүзеге асырмаған. Бұған қоса  Құлсары қаласындағы бірқатар су тазарту резервуарларының құрылысын да  аяқтамаған.  
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ

Экология министрлігі ұлттық компанияның да қоршаған ортаны қорғауға саусақ арасынан қарағандығын нақтылап отыр. «ҚазМұнайГаз» өткен жылдың 9 айында табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруға 10091 млн. теңге бөлгенімен, оның тек 3272 млн. теңгесі ғана игерілген.  Оның ішінде «Өзенмұнайгаз» ӨФ 6852 млн. теңгеге қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруға тиіс болса, оның тек 541 млн. игерілген. 

Ал «Ембімұнгайгаз» ӨФ 3209 миллион теңгенің 2341 миллионын ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсаған. 

Ең бастысы Ембімұнай жыл сайын көтеріліп келе жатқан су астында қалған ұңғымалар мониторингісін жүргізген жоқ, мазут сіңген жерлерді қалпына келтіру жобасын жасамады, қоршаған ортаға техногендік салмақтың  дәрежесін анықтап, қалдықтар жинайтын орындар құрылысын салған жоқ деп тізбелейді министрлік сараптамасында.

Өндірістік филиалдың қоршаған ортаға эмиссиясы  былтырғы жылмен салыстырғанда  ауаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемінің 12,2 тоннаға артып, өндірістік қалдық сулардың  таралуы 25,6 тоннаға өскенін көрсеткен.

Сәния Тойкен

23 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.