Облыстық «Атырау» волейбол командасын енді Ресей Суперлигасының екі дүркін чемпионы Руслан Жбанков (бойы 2 метр 5 сантиметр) жаттықтырады. Команданың ҚР Ұлттық лига чемпионатының 2-турына аттануы алдында біз осы бапкермен әңгімелестік.
- Руслан Владимирович, өзіңіз туралы айтыңызшы.
- 1970 жылы Белоруссияның Витебск қаласында тудым, 17 жасымда Санкт-Петербургке көштім, белгілі жаттықтырушы Вячеслав Алексеевич Платоновтың «Автомобилист» командасына тап болдым және осы команда сапында 1993 және 1994 жылдары Ресей Суперлигасының алтын медальдарын ұттық.
- Қандай амплуада өнер көрсеттіңіз?
Руслан ЖБАНКОВ- Басында орталық шабуылшы, кейіннен артқы шабуылшы позициясында ойнадым. 1997 жылы Ресей құрамасында өнер көрсетіп, Мәскеуде өткен Әлем лигасының қола жүлдегері атандым. Сол жылы Еуропа чемпионатында командамыз сәтсіз ойнап, тек 5-орын алдық. 1999 жылы Финляндияға көшіп, «Лойму» командасында ойнадым. Содан кейін 8 жыл осы ұжымның және «Сампу» командасының бас бапкері болдым. 2007 және 2008 жылдары біз Финляндия чемпионы және Кубогы иегері атандық, Еурокубоктарға қатыстық, онда да жетістіктерге жеттік.
- «Атырау» командасының ҚР чемпионатының 1-турындағы нәтижелері қандай?
- Ұлттық лиганың чемпионатына «Конденсат-Жайықмұнай» (Орал), «ТНК-Қазхром» (Хромтау), «Есіл» (Петропавл), «Атырау», «Алматы», «Тараз», «Павлодар», «Шығыс-Свинец Строй» (Өскемен) командалары қатысады. Командалар географиялық орналасқан жерлері бойынша топтарға бөлінген. Сәйкесінше, біздің топта оралдықтар, хромтаулықтар, петропавлдықтар және біз өнер көрсетеміз. Топішілік ойындар өтетін шағын турлар кейін барлық командалар кездесетін үлкен турларға ұласады.
Хромтауда өткен 1-тур шағын тур болды. Оралдықтармен болған бірінші матчта 2:3 есебімен ұтылып қалдық, екіншіде «Есілді» 3:2 есебімен жеңдік, ал үшінші ойында алаң иелерін тас-талқан етіп ұттық - 3:0. Тур қорытындысы бойынша 6 ұпаймен тобымыз 2-орында, чемпионаттың турнир кестесінде «Тараз» бен «ТНК-Қазхром» командаларынан кейін үшінші орында тұрмыз.
- Команда құрамы өткен жылмен салыстырғанда қатты өзгерді ме?
- 90%-ға. Жергілікті ойыншылар қалды: пас беруші – Нұрсұлтан Бимырза, орталық шабуылшы – Нариман Әубәкіров, артқы шабуылшы – Биғали Жұмағазиев, либеро – Алпамыс Хилимов. «ТНК-Қазхроммен» ойында төртеуі де ойнады. Тек ойнап қана қойған жоқ, жеңіске өз үлестерін қосты. Ресейлік легионер Василий Носенко өте сәтті өнер көрсетті. Командадағы екінші легионер – Богдан Олифер. Оның волейболдық «мамандығы» - ақтық ойыншы, ол да Ресейден келген. Үш легионер алуға рұқсат етілген, үшіншісінің жасы 25-тен үлкен болмау керек. Осындай ойыншы іздеп жүрміз.
- «Атырау» биылғы маусымда алдына қандай мақсаттар қояды?
-Ең жоғары. Ойыншыларды әр матч алдында жеңіске жігерлендіремін. Мен Қазақстанда бірінші рет жұмыс жасап тұрмын. Сіздерде волейболдың деңгейі өте жоғары екен, шынымды айтсам, күткен жоқпын. Біздің тобымыз басқаларға қарағанда әлсіздеу деп айтады. Қарадым, бұл сөздің қате екеніне бәс тіге аламын. Легионерлер көп, олар ойынды күшейтеді. Олардың артынан жергілікті балалар өсіп келеді.
- Команданың материалдық базасы қалай?
- Қазір Өскеменде өтетін турға ертерек кетіп бара жатырмыз. Бізде волейболға сәйкес келетін бір-ақ зал бар – «Атырау» ДСК, алайда ол үнемі бос емес. Ал басқа ДКС-лерде еден жабындысы стандарттарға сәйкес келмейді, төбесі аласа, жарық беруі нашар. Спорт залдарының еденіне бетон құйылған. Осыған байланысты ойыншыларда арқа және буындарында проблемалар пайда болады. Әлемдік тәжірибеде ойыннан кейін үш күн демалыс берілуі керек. Алайда мұндай кестенің өзінде біз жаттығу жасайтын зал таба алмаймыз. Тоқетерін айтқанда, Атырауда барлық стандарттарға сәйкес келетін тағы бір ДСК салу керек.
- Фармклубтың қандай жетістіктері бар?
- Біздің фармклубымыз – «Атырау-2» - өткен жылы «Б» Жоғары лигасының чемпионы болды. Құрамында оралдық Данияр Нұрмұхамедов өнер көрсететін бұл ұжымның басқа спортшылары жергілікті жерден. Биыл олар «А» Жоғары лигасында өнер көрсетеді, нәтижелері жаман емес. 1-турдың қорытындысы бойынша 4-орында тұр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
«Атырау» командасының волейболдан ҚР Ұлттық лига чемпионатына қатысу тарихы:
2001 жыл – «күміс», 2002 жыл - «күміс», 2003 жыл – «алтын», 2004 жыл - «қола», 2005 жыл – «қола», 2006 жыл - «күміс», 2007 жыл - «күміс», 2008 жыл - «күміс», 2009 жыл – «күміс», 2010 жыл - «қола».