Атырау, 26 желтоқсан 13:15
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бар үміт мұнай-химия кешенінде

3 474 просмотра

Келер жылы Атырау облысында көптеген жұмыс орындарында қысқартулар болады деп күтілуде. Он мыңнан аса атыраулықтар Қашаған жобасының аясында «Болашақ» мұнай және газ кешенін дайындау қондырғысының құрылысы аяқталғаннан кейін жұмыстарынан босатылмақ. Алайда, болашақ жұмыссыздар үшін мемлекет басындағылар белсенді түрде тезірек жүзеге асыруды қолға алып жатқан басқа да ірі жобалардан жұмыс табылуы мүмкін екендігі анықталды.  Осы жобалардың барлығы мұнай өндіруді арттыруға немесе облыста мұнай-химия саласын қалыптастыруға бағытталған.

20 МЫҢНЫҢ 11 МЫҢЫН ЖҰМЫСТАН БОСАТАДЫ

Таяуда Атырауға келген сапарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВАҒА Аджип ККО өкілдері Қашаған жобасындағы жұмыс орындарында келер жылға белгіленген қомақты қысқартулардың болатындығы туралы хабардар етті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар әлі күнге дейін неліктен аджиптіктердің оларға ертерек хабарламай, бұл ақпаратты министр келген уақытта ғана айтқандарына түсінбегендерін айтады. Сол кезде оқылған цифрдың Г.Әбдіхалықованың төбесінен жай түсіргендей болғаны анық .

Естеріңізге салайық, Аджип ККО компаниясының сыртқы байланыс жөніндегі департаментінің директоры Балтабай ҚУАНЫШЕВ 2011 жылы жобадан 19 мың адамның босатылатындығын, оның 18 мыңы қазақстандықтар екенін, ал тағы бір жыл өткен соң, нысан тапсырылғаннан кейін тағы 4 мыңдай жұмысшының жұмыстан кететіндігін хабарлаған болатын. Министр аджиптіктерден алдағы қысқартулар туралы толық жорамалдарды ұсынуды өтінді.

Өткен аптада Аджип ККО компаниясы ақыры министр сұратқан болжамды ұсынды. Ресми ақпаратқа сәйкес, бүгінде нысанда 20 349 жұмысшы жұмыс істейді. Бұдан бұрын айтылғандай 19 мың емес, оның 11 353 жұмысшысы келер жылы жұмыстан босатылады екен.

Қысқартулар ең алдымен техникалық қызметкерлерге (23,8%), құрылысшыларға (18%), түрлі жұмысшыларға (14,4%), электриктерге (12,5%), жүргізушілерге (10%), күзетшілерге (10,7%) қатысты. Әкімшілік және инженерлік-техникалық құрамнан аз қысқармақ. Бұл қаржыгерлерді түгелдей дерлік (0,57%) айналып өтеді екен.

Компания босатылатын жұмысшылар туралы мәліметтер бұл болжамда нақты көріністі бейнелемейтінін айтады, өйткені жобадағы жұмыс көлемі мен қажет кадрлардың саны күн сайын өзгеріп отырады. Алайда қалай болғанда да Аджип ККО жұмыстан босатылған жұмысшыларды жоба аясында басқа кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру үшін шаралар алады. 

Естеріңізге салайық, әзірге әңгіме мердігер және қосалқы мердігер компаниялардың қызметкерлері туралы болып отыр. Аджип ККО компаниясы мен басқа батыс компанияларының өзінде бүгінгі күні 4,5 мың адам жұмыс істейді. Мұндағы басқарушы қызметкерлердің басым бөлігі шетелдіктер. Қазақстандықтар көбінесе 2-ші және 3-ші санатта (инженерлік-техникалық құрам мен жұмысшылар). Жергілікті билік 2011 жылы тағы 1000 шетел мамандарын ұлттық кадрлармен алмастыруға күш салуда. Қазіргі кезде қазақстандық және шетел мамандарының арасындағы ара қатынас Қашаған жобасында 75/25 үлесті құрап, біздің пайдамызға шешіліп отыр.  Енді облыстық әкімдік шетелдіктердің санын 20 пайызға дейін азайтпақшы.

ТАҒЫ ДА ҚЫТАЙЛЫҚТАР

Министрдің сапары кезінде оқылған цифрлар аймақтағы әлеуметтік ахуал үшін, өз тыныштықтары үшін биліктің әжептәуір алаңдаушылығын туғызып, әртүрлі себептермен жүзеге асу мерзімі созылып кеткен мұнай-газ саласындағы бірқатар ірі жобаларға назар аударуға мәжбүр етті. Естеріңізге салайық, қабылданған 2010-2014 жылдардың ұлттық индустриялық-инновациялық бағдарламасы және Атырау облысындағы мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі салалық бағдарлама аясында бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың арасында Қашаған кенішін игеру (мұнай өндіре бастау 2012 жылға жоспарланған), АМӨЗ базасында хош иісті көмірсутек өндіру кешені мен мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы, Атыраудағы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы бар.

Ол жерде соңғы кешеннің құрылысы 2008 жылға жоспарланған болатын, бірақ үнемі кейінге қалдырылып келген. Соңғы рет жобаның кейінге қалу себептері туралы мәселе жазда ҚР премьер министрі Кәрім МӘСІМОВТІҢ Атырау мен Қарабатанға келген сапарында көтерілген болатын. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) директорлар кеңесінің төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ газ-химия кешенін қаржыландырмағаны үшінҚазақстанның Даму банкін айыптаған еді. Ол кешенді салуға ақшалар бюджеттен бөлінген, бірақ «Қазақстанның Даму банкі ештеңе жасамай отыр... екі жыл бойына бұл ақшалар сол жерде қозғалыссыз жатты, олар ештеме істемеген» деп мәлімдеді. Премьер үкіметке мән-жайды анықтауды тапсырған болатын. Алайда Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ Атырауға келген сапарында мұнай саласы жөніндегі жабық кеңесте президенттен сөгіс алғаннан кейін ғана бұл мәселе орнынан қозғалды.     

Жақын арада ғана ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ барлық проблемалы мәселелердің жолға қойылғанын мәлімдеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Олег БАСИЕВТІҢ айтуынша, алғашқы газ-химия кешенінің жобасын қазақстандық «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ компаниясы жүзеге асыруда ( «Барлау. Өндіру. «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес компаниясы арқылы ҚМГ үлесі 50 пайыз құрайды – Л.С.). Ал жоба операторы ретінде Мұнай және газ министрлігі айналыспақ. О.Басиев биылғы жылы барлық негізгі құжаттамалардың дайын болғанын және теміржол тармақтарының, кірме жолдардың және вахталық поселкелердің құрылысына тендер жарияланғанын мәлімдеді. Құрылыс аяқталғаннан кейін поселкені болашақта Еркін экономикалық аймаққа (ЕЭА) кіретін компаниялардың кеңселері ретінде пайдалану жоспарланып отыр. Қолданыстағы талаптар бойынша, ЕЭА-ққа мүше компаниялардың кеңселері газ-химия кешенінің аумағында болуы тиіс.

Инфрақұрылым құрылысына кететін шығындар, Басиевтің айтуынша, 14 млрд. теңге құрайды. Полиэтилен және полипропилен өндіру кешенінің негізгі құрылысын 2013 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Бірінші кезеңде Теңіз кенішінен тазартылған газды өңдеу зауытын салу жоспарланған. Екінші кезеңде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын салу енгізілген. Ең соңғы, үшінші кезеңде Қарашығанақ кенішіндегі газ іске қосылатын болады. Жобаның құны алты миллиард доллар тұрады.

- Жобаның «полиэтиленді» деп аталатын бөлігін қытайлық «Синопек Инжиниринг» жүзеге асыратын болады, ал «пропиленді» бөлігін салу үшін қазіргі кезде араб және корей компанияларымен келіссөздер жүргізілуде,- деп қосып қойды О.Басиев.

Мен сұхбаттасушымнан құрылысқа жұмылдырылатын адамдар ресурсының мөлшерін сұрадым. Оның айтуынша, онда мұндай ақпарат жоқ екен. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында осы жорамалды күтіп жүр. Ал әзірге менің сұхбаттасушыларым құрылыстың алғашқы кезеңінде 9 мың жұмысшы жұмыс істейтін болады дегенді ақырындап қана айтты.

ЕКІНШІ ФАЗА АҚЫРЗАМАН СЕКІЛДІ

Жергілікті билік Қашаған кенішін игерудің Екінші фазасын жүзеге асыру жұмыстарының басталатындығына да үміт артты. Алайда бұл бағытта да салмақты проблемалар айқындалды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰМК президенті Қайыргелді ҚАБЫЛДИННІҢ жазда жасаған мәлімдемесінің өзі неге тұрады! Тамыз айының басында ол екінші фаза 2018-2019 жылдарға шегеріледі деген болатын. Ал сол айдың аяғында Қашаған жобасының екінші фазасын емес, Каспийдің тасымалдау жүйесінің мерзімі шегерілетінін меңзегенін мәлімдеді. Ал мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ екінші фаза шығындарын «ессіздік» деп атады.

Менің қойған сауалыма «НКОК» компаниясының баспасөз қызметі, Қашаған кенішін игерудің екінші фазасының қазіргі кезде Базалық жобалаудың (БЖ) бастапқы кезеңінде тұрғанын айтып берді.

- Консорциум өңдеу және жобалауды жете қарау және сенімді процесін қамтамасыз етуге міндеттеледі. Қазір біз анағұрлым толық ақпарат бере алмаймыз, - деп мәлімдеді «НКОК».

Ал үкімет Атырау мен Маңғыстау облыстарының аймақтық биліктерімен бірге Екінші фазаны жүзеге асыруды тездетуді талап етіп отыр. Өйткені тек құрылыс кезеңінің өзінде бұл жерге 20 мыңнан аса жұмысшы қажет болар еді. Алайда өзінің атын атамауды жөн көрген «НКОК»-тағы сұхбаттасушыларымның бірі Қашаған кенішінің екінші фазасын жүзеге асыру туралы әңгімені тек 2012 жылдың желтоқсанына жоспарланған мұнайды алғашқы тәжірибелік өндіруден кейін ғана қозғауға болатынын айтты.

- Бұл тәуекелге толы, соның ішінде экология тұрғысында қауіпті күрделі жоба. Сондықтан біз әуелі Бірінші фазаның тиімділігіне көз жеткізуіміз керек, - деп түсінік берді сұхбаттасушым.

ЖОРАМАЛ БОЛСА ҚАЖЕТТІ КАДРЛАР ДА БОЛАДЫ

Әлі күнге дейін АМӨЗ базасында хош иісті көмірсутек өндіру кешені мен мұнайды терең өндіру кешені бойынша қандай кадрлардың қажет екендігі туралы айқын көрініс жоқ. Облыстық жұмыспен қамту басқармасындағылар бұрын айтылған жалпы ақпаратқа қарамастан, әлі күнге дейін қажетті мамандар бойынша жұмысшыларды іріктеудің нақты кестесі жоқ екендігіне алаңдаушылық білдірді.   

Жобалау жұмыстары 2013-2014 жылдары аяқталатын ТШО-ны кеңейту мәселесі айқындалды. Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ таяуда болған кеңестердің бірінде бұл ақпараттан хабардар екендігін, серіктестердің жобаны мақұлдағанын, сондай-ақ құрылыстың шырқау шегі 2015 жылға тура келетінін мәлімдеді. Таяу арада ТШО жаңа жобаның тұсаукесерін дайындамақ, онда адам ресурстарына қажеттілік мөлшері көрсетілуі мүмкін. Б.Дәукенов жұмыспен қамту басқармасына ТШО-мен бірігіп, құрылыс кезінде қажет болатын мамандықтар бойынша жорамалдар жасау жөнінде нұсқау берді. Өйткені, бізде өткен жылдан бері аргон дәнекерлеушілерді дайындай бастаған болатын, ал Қарабатанда олар үш жыл бұрын қажет болған еді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

23 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.