Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық спорт федерациясы ашылды. Біз «Спешл Олимпик» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы директоры Бағытжан РАХБИЕВПЕН (суретте) әңгімелестік.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Бағытжан Рахбиұлы Рахбиев, 68 жаста, спорт ардагері, қазақ күресі мен еркін күрестен КСРО спорт шебері, осы спорт түрлерінен 1970 жылғы Бүкілқазақстандық спартакиадада жеңімпаз болған, Атырау қаласындағы №1 олимпиадалық резерв БЖСМ-нің әдіскері.
ӨСКЕМЕНДЕГІ ТАМАША ЖЕҢІС
-«Спешл Олимпик» қолдауымен өтетін жарыстар туралы айтыңызшы.
- Бұл - 8 жастан 60 жасқа дейінгі зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі балалар мен ересектер арасындағы турнирлер. Биыл спортшылар екі республикалық жарысқа қатысты: Қарағандыда өткен жазғы арнайы олимпиадаға және Өскеменде өткен үстел теннисінен турнирге барып қайтты.
Олимпиада бес спорт түрінен болды. Үлкен теннистен ойыншы жоқ болғандықтан, 4 спорт түрінен облыс намысы қорғалды.
Боулингтен Лесхоз ықшамауданындағы жүйке-неврологиялық интернаттың шәкірттері Әсем Молдағалиева мен Нұрболат Уәлиев алтын медаль иеленді. Роликті конькимен 2 шақырым жүгіруден Татьяна Матвеева «қола» алса, 200 метр қашықтықта Асылан Бердіғалиев күміс жүлдегер атанды. Эстафетада Татьяна мен Асылан үшінші орын алды. Екеуі де Сарайшық жүйке-неврологиялық интернатта тәрбие алып жатыр.
50 метрге еркін стильмен жүзуде Эдуард Берлезовқа тең келер адам табылмады. Ал, Бақтыгерей Сұлтанов арқамен 25 метр қашықтыққа жүзуден 2-ші болып келді. Эстафетада олар үшінші орын алды. Олар да Сарайшық жүйке-неврологиялық интернатының шәкірттері.
Сарайшық интернатының шәкірттері Нұрлан Шаманов, Нұрболат Байбосынов, Татьяна Матвеева және Ғалия Төремұратовалар әр түрлі қашықтықта жүгіруге қатысты. Олардың ішінен Н. Шаманов (200 метр) пен Т. Матвеева (400 метр) қола медальға қол жеткізді.
Бұл жарыстардан кейін біз үстел теннисінен турнирге қатыстық. Жарыс «юни-файт» ережесі бойынша өтті, яғни, мұнда дені сау да, мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысады. Біздің командамыз Махамбет қосалқы интернаты мен №1 Сабыр Қазыбаев атындағы мектеп-интернат шәкірттерінен құралды. Мектеп-интернаттан келген балалар турнирде өте сәтті өнер көрсетті. Светлана Абносова «алтын» алса, Аида Байсымақова «қола», Борис Астахов - Рустем Сейтимов және Абносова – Байсымақова жұптары – «алтыннан» алқа тақты.
АЛЫСҚА ЖІБЕРМЕЙДІ
-Жыл бойғы көрсеткен нәтижелеріңізді қалай бағалайсыз?
- Алға жылжып келеміз, спорт секцияларына қатыс көбейіп жатыр. Дегенмен, соңғы кездері Сарайшық интернатының дәрігерлері өз шәкірттерін алысқа жібермей жүр. Облыстық деңгейлерге қатысуға жібереді, бірақ республикалық турнирлерге жібермейді. Келесі жылдың тамыз айында Лос-Анджелесте Бүкіләлемдік арнайы Олимпиада өтеді. Біздің соған қатысуымыз қажет. Э. Берлезов - өз тобында Қазақстанның №1 жүзгіші. Алайда оны жарыстарға жібермейді. 2011 жылы Грекияда болған осындай Олимпиадада күміс және қола медаль алған Светлана Верушкина мен Борис Сұлтановты көруден қалдық. Егер олар жаттығуларын жалғастыра бергенде үлкен жетістіктерге жетер еді.
Біздің тағы бір проблемамыз – демеушілердің жоқтығы. Қаржының жоқтығынан мини-футболдан, флорболдан және баскетболдан үш турнирге қатыса алмадық. Өткен жылы біз Шымкентте болған баскетбол турниріне бірінші рет қатысып, алтын жүлдені қанжығаға басқанбыз.
Демеушілер іздеп бармаған жеріміз жоқ, бірақ барлығы да сыпайы бас тартты. Қатысқан екі турнирімізде жүлделерді өңіріміздің мұнай компанияларының қолдауы арқасында алдық. Демеушілермен жұмыс жасау оңай болу үшін біз жақында облыстық мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт федерациясын құрдық. Маңдайшаны ауыстырғанмен, нәтиже болмай тұр.
-Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына неге жүгінбейсіздер?
- Хабарластық. Келесі жылдан бастап қаржыландыру болады деп уәде берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ