Атырау, 27 желтоқсан 08:37
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Балабақшаның “жасы” - 74-те

2 731 просмотра

«АЖ»-ның өткен нөмірінде («Байшонас босып кеткелі отыр», АЖ №32, 11 тамыз 2011ж.)  бағы тайған Байшонастың жағдайын жалпылама көрсеткенбіз. Енді жеке-жеке тоқталмақпыз. Соңғы елу жылдан бері Байшонас ауылында әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру назарда болмапты. Соның салдарынан ескілері құлап, бары көмекке зәру болып отыр.

Бұл ауылда көзге көрінер жалғыз мешіт бар, оны мұнайшылар салып бергенімен имамға жарыған емес. Жеті рет имамы ауысқан иесіз мешітті кәдеге асыру мақсатымен жергілікті тұрғындар мәдениет үйіне айналдырғысы келгендерінен түк шықпапты. Жастардың барар жері жоқ, клуб баяғыда жекеге сатылып кеткен. Оны кейін қайтара сатып алу мүмкін емес, қыруар қаржы керек. Бос сандалған жастар масадан қашып, май құятын биік қазандарға шығып кетеді екен. Күлкілі болса да, шындығы осы екенін ел ағалары мұңая жеткізген болатын.

Әбден тозығы жеткен «Балдырған» балабақшасының «жасы» да – 74-те, яғни 1937 жылы салынған. Балабақша  тозғанымен әктеп, сырлап, күтіп ұстаудың арқасында ілдалдаға жарап келеді. Десек те, бүлдіршіндердің жатын орны мен әжетхана бөлмесінің төбе белдіктері майысып кеткен. Қызметкерлер өз күштерімен майлап, сайлап қояды екен, ал жауын жауғанда сылақтар төмен опырылып түседі. Мұнымен жылма-жыл алысқан балабақшадағылар осыншама жыл күрделі жөндеуді көрмегендіктен ғимараттың болашағына алаңдаулы.

- Жыл сайынғы көрген құқайымыз осы, ғимаратты жөндегеннен гөрі жаңасын салған жөн. Есік, терезелер жабылмайды, ағаштары ескірді. Қыста терезені қанша қымтасақ та суық жел ұрып тұрады. Ток жүйелері ескірді. Жай жөндеуге бөлінген ақша әктеп, сырлаудан ауыспайды. Ғимараттың өзі тұрмақ, балалардың ойнайтын алаңдары жетімсіреп тұр. Бір сөзбен айтқанда, бізге жаңа балабақша керек, бірақ ол жуық арада салынады деп айтпайды, дейді балабақша меңгерушісі Тұрсын ҚАПАҚОВА.

Қыста су жүйесі қатып қалып, оны тасымалдап күн көруде. Баклашкаларға тәуелді болып қалған балабақшаның мүсәпір халіне мұнай айдау стансасы басшылығы жаны ашып, су құятын цистерна алып беріпті. Бірақ қамқор қолға зәру болып отырған балабақшада жұмсақ жиһаздар жоққа жақын. Қошқардан әкелінген қырық шақты темір кереуетті пайдалануда. Ал тамақ пісіретін электр пешін үш жылдан бері пайдалану мүмкін болмай отыр. Кезінде 250 мың теңгеге алынған электр плитаны іске қосу, құжаттарын заңдастыруға бір млн. теңгеден астам қаржы керек екен. Ал балабақшаға сұраныс өте көп, қырықшақты ата-ана арызын қанағаттандыру мүмкін болмауда.

Өйткені мұнда орын жетіспейді. Оның үстіне 1963 жылы салынған Б. Доспаева атындағы орта мектепте оқушылар тығыздығы қалыптасқан. Мектепалды даярлық тобы еріксіз балабақшаға телінсе, ал мектепте оларға орын жоқ. Бұдан екі жыл бұрын оқушылар үш ауысыммен оқыған.

- Биыл қалай болатынын білмейміз, бала саны толық анықталған жоқ. Онсыз да жиырмадан астам оқушының тығыздығы бар, егер бала саны асса, онда тағы үш ауысым болуы ғажап емес. Бұрын бастауыш мектеп болып жан сақтап жүргенбіз, ол ғимарат қирап қалғасын бәрі бір мектепте оқуда. Акт залы жоқ мектепте, оқушыларды пәнге байланысты бөлгенде орын тапшылығы қатты сезілуде, дейді мектеп директоры Гүлжан МҰҚАШЕВА.

Ал Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ іске қосылмай тұрған электр плитасын естімеген болып шықты. Ал балабақшаға келетін су жүйесінің істен шыққанын жоққа шығарды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 тамыз 2011, 22:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.