«30-жылдары біздің өңірімізде ешқандай аштық болған жоқ, Жайықтан балық аулап, күн көруге болады-мыс деп айтып жатады. Жоқ. Олай емес, - деп күрсінді Татьяна Антоновна ПУПЫКИНА (суретте) балалық шағын еске алып. - Өте ауыр болды. Шын мәнінде біз балық қабылдау бекетінде қалған қабыршақтар мен сиыр қанынан құйылған құймақ жедік».
Анда-санда Астрахандағы туыстарға баратын жол түскенде Таня әжей қашан да көлік терезесінен туған Котяевка ауылына іңкәрлікпен қарап отыратын. Ол Қиғаштың баяу ағып жатқанын бақылап, соғыс жылдарындағы балалық шағының жақсы жақтарын ғана есіне түсіргісі келетін.
КОЛХОЗДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ КҮЙБІҢІ
Ол анасы мен бауыры үшеуі әкелерін соғысқа қалай аттандырғандарын есіне түсіріп, көзіне жас алды. Таня сол кезде төрт жаста еді. Міне, дәл сол сәттен бастап өміріндегі оқиғалар ұсақ-түйектеріне дейін, балалық деп айтуға келмес, есінде анық сақталған. Қаншама жылдар өтсе де, өзінің жетпіс жеті жасында Татьяна Антоновна басына туған қиын күндерді, жанында болған адамдарды ешқашан есінен шығарған емес.
- Біздің Котяевка балық аулау колхозы болды да, жақын жердегі Ганюшкино ат ауыстырар ауыл болды. Алайда ол жерде де соғыс жылдарында аштық болды. Балалар шошқалардың жеміне арналған ұсақ, кей жерлері үсіп-шіріп кеткен картопты сүйсіне жейтін.
Кішкентай балалар Ганюшкиноға Гурьевтен келетін балықты қабылдауға кеткен аналары Любовь НОСКОВАНЫ тағатсыздана күтіп отыратын. Таң атпай кетіп, күн қарайғанда келетін. Елде ерлер жоқ болғандықтан, балық қабылдаумен әйелдер айналысатын: кеме трюміне түсіп, салмағы жетпіс келі тартатын қапшықты иыққа салып, жоғары көтеріліп, баржадан елу қадам жердегі қабылдау бекетіне жеткізу керек болатын. Талдырмаш, әбден жүдеген әйелдің осындай жұмысы күні бойы жалғасып, еңбегіне жиырма шақты шабақ қана алатын. Отбасына басқа ірілеу балық алып кету әрекеті соғыс кезеңінің заңымен жазаланды. Дегенмен, жерге түскен балық қабыршақтарын шектеусіз ала беруге болатын-ды.
- Егер тары болса, қабыршақтан керемет сорпа шығатын, - дейді Таня әжей.– Болмағанның өзінде де тәтті болатын.
«МҮСІРКЕМЕ, ҚЫЗҒАНБА, ӨЗІҢЕ СЕН»
Кейде Астраханнан әжем қарбыз әкелетін... Шындығын айтқанда, қабығын. Аналарымыз өзара бөліп алатын сиырдың қанын табаға қуырып, бізге құймақ қылып беретін.
Колхоз төрағасының балала-рының бір қолына нан, екіншісіне қант ұстап, далаға шығатындары әлі көз алдымда. Біздің оларға қарап, сілекейіміз шұбыратын. Анам оларға қызғана қарауға тыйым салды. Ол қашан да өзіне сенді және бізді соған үйретті, сондай-ақ, «өздеріңді өздерің мүсіркемеңдер» деп ақылын айтатын.
Облысымызға кәрістерді депортациялағанда анам оларға қарап, суға күріш егуді үйренді. Осылайша оған қосымша жұмыс, бізге талғажау болатын тамақ табылды.
...Басымнан небір жағдайлар өтті: үйіміздің қалай өртеніп кеткені, туған-туыс пен достардың үйінде тентіреп жүргеніміз есімде, әкеміз тұтқынға түскенін естігенде қалай жыладық десеңші. Сол кездегі аштық пен суық есіме түскенде жаным түршігеді.
...Алғаш рет рет қарбыз қабығының орнына нәрлі қызыл жұмсағын жегенім әлі есімде. Анам мен көршіміз бір жерден тауып әкелген үйректі пісіргенде иісінен басым айналған еді...
Кешқұрым шамдал үстінен түсіп тұратын жұмсақ та нәзік сәулені ешқашан ұмытпаймын. Ініміз екеуміз анамыздың құшағына тығыла жайғасқан тәтті ұйқыны да ұмытпақ емеспін. ...Балшықтан соғылған бірқатарлы мектебім мен алғашқы ұстазымыздың сөзіне ынтыға құлақ салған балаларды да. Балалық шағым ауыр бола берсін, мейлі! Маған сыйға тартылған - мейірімділік, бір-бірімізге жәрдемдесу, махаббат – барлығы да жүрегімде, есімде сақтаулы. Енді, міне, оларды немерелеріме сыйлай аламын. Саған көптеген нәрсе айта аламын, газетіңнің беті жетпес, шын сөзім. Бірақ оның бәрі неге керек? Ең бастысын жеткіздім деп ойлаймын.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор