Атырау, 18 желтоқсан 21:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Пайыздық мөлшер ауырлығы

5 105 просмотра

Банк несиелері несібе ме, әлде ұзақ жылдарға мойынға ілінген қамыт па? Бір жағынан, теледидар немесе қала сыртынан үй сатып алуға мүмкіндік бар, екінші жағынан, басында дым еместей көрінген пайыздар (арманыңа қол созған сезімің білдіртпейді) мен төлеу кезінде жеткізе алмай дал болатын төлемдер бар.

«АЖ» оқырмандарының кезекті сұрақтарына ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Шарипа МЫРЗАҒАЛИЕВА жауап берді.

- Мен пәтер сатып алу үшін банктердің бірінен несие алдым. Мерзімі асып кеткен күндерге қосқан үстемақы өте үлкен. Банктер қарыз алушыдан қарыздың қандай мөлшерінде өсімпұл өндіре алады?

- ҚР Азаматтық кодекстің (әрі қарай – Кодекс) 292-бабына сәйкес және «ҚР-дағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 35-бабы 1-тармағына сәйкес, несиелердің қайтарымдығы тұрақсыздық айыпақысымен, кепілзат, кепілдеме, кепілгерлік және ҚР заңнамаларында немесе шартта қарастырылған басқа тәсілдермен қамтамасыз етіледі. Қарыз алушы айыппұл мен өсімпұлды шарт талаптарын орындамаған жағдайда, мәселен, төлемді уақытында жасамаса төлейді. Алайда банктер айыпақыны күніне мерзімі өткен төлемнің 0,5%-дан аспайтын, алайда банктік қарыз шартының әрекет ететін әр жылына берілген қарыз сомасының 10%-ынан аспайтын мөлшерде өндіре алады. Бұл туралы 2011 жылғы 1 наурызда күшіне енген «Қазақстан Республикасының ипотекалық несиелеу және қаржылық қызметтер тұтынушылары мен инвесторлар құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заңда айтылған. Бұл норма осы заң күшіне енгенге дейін де жасалған шарттарға да қолданылады. Алайда, жеке тұлға жасаған банктік қарыз шарттары бойынша заң күшіне енгенге дейінгі төленген айыпақы (айыппұл, өсімақы) және заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төлеуге міндетті айыпақы кері есептеуге жатпайды.

- Банктер бір жақты тәртіпте шарт жасалған күні белгіленген тарифтерді, комиссиялық сыйақыны және басқа да қарызға қызмет көрсету шығындарын есептеудің мөлшері мен тәртібін арттыра ала ма?

-Жоқ, банктер мен банктік операциялардың жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың бұлай жасауға құқықтары жоқ. Сонымен қатар, 2008 жылы «ҚР қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заң (оны қаржылық тұрақтылық туралы заң деп те атайды) шықты. Осы қаржылық тұрақтылық туралы заң көрсетілген өзгерістерге кері күш береді. Бұл жеке тұлғаға берілген несие бойынша тарифтер мен комиссияларды өзгертуге тыйым салу бұдан бұрын жасалған, банктік қарыз шартында осындай құқық белгіленген шарттарға (ипотекалық шарттарда) да әрекет етеді дегенді білдіреді.

- Менде несие бойынша бережақтар жинақталып қалды, алайда қолыма ақша түскенде несие бойынша екі төлемге пара-пар сома төледім. Алайда банкте маған өсімақылар жиналып қалғандықтан бұл ақша жетпейді деп мәлімдеді. Банктер қарыз алушылардың қарызды өтеу үшін төлеген ақшаларын қандай тәртіппен жұмсайды?

- Қарыз бойынша төлем жасау тәртібін банктер қарыздар шартында белгілейді және қарызды төлеу кестесінде көрсетеді. Кодекстің 282-бабы 2-тармағында төленген, бірақ қаржылық міндеттемелерді орындауға жетпейтін төлем сомасымен, тараптардың басқаша келісімдері болмаған жағдайда, алдымен, несие берушінің орындалу бойынша шығындары, содан кейін айыпақы мен сыйақы (мүдде) жабылады, ал қалған бөлігі негізгі сомаға кетеді. Сондықтан да қарыз алушының қарызды жабу бойынша төлеген ақшаларын жұмсауды банктер екі тарап қол қойған банктік қарыз шартында белгіленген немесе Кодекстің 280-бабында көрсетілген кезекпен жүзеге асырады.

Кез келген қарыз алушы айына бір рет банктен банктік қарыз шарты бойынша қарызды өтеу шотына келіп түскен ақшалардың бөлінуі туралы тегін ақпарат алуға құқылы. Бұл үшін қызмет көрсетуші банкіңізге жазбаша түрде өтініш беруіңіз керек. Осындай ақпараттарды банктер №19 Қаулының 14-тармағына сәйкес үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде беруі керек.

- Неге банктер қарызды беруге және қызмет көрсетуге комиссия алады? Әр ай сайынғы төлем кезінде мен 100 теңге комиссия төлеймін. Бұл жағдайда қосымша шарт жасасу қажет пе?

- Банктер қарыз беруде және қызмет көрсеткені үшін комиссияларды тек банктік қарыз шарты талаптарында осындай құқық көрсетілсе ғана ұстай алады. Мұндай жағдайда жеке шарт жасаудың қажеттілігі жоқ. Банктер мен банктік операциялардың жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақылар мен комиссиялардың, сонымен қатар банктік қызмет көрсету тарифтерінің мөлшерлемелерін ҚР заңнамалары (Банктер туралы заңның 39-бабы 1-тармағы) белгілеген шектеулерді есепке алып, өздері белгілейді. Қарыз беруге байланысты ұстауға жататын комиссиялар мен олардың мөлшерінің толық тізбесін банктер мен банктік операциялардың жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Банктер туралы заңның 39-бабы 3-тармағына сәйкес 2011 жылғы 1 наурыздан бастап көрсетуге міндетті. Банктердің, сондай-ақ, бір жақты тәртіптен жасалған шарт аясында комиссияның жаңа түрлерін енгізуге құқылары жоқ. Сонымен қатар, бұл нормаларға кері күш берілді, яғни, олар 2011 жылғы 1 наурызға дейін туындаған қатынастарға да қолданылады.

- Банк менің келісімімсіз банктік шотымда тұрған қаражатымды несие бойынша төлемдерді жабуға алуға құқылы ма?

- Егер клиент қарызын өз уақытында жаппаса, банк қарыз алушыны міндеттемелер орындалмаған жағдайда болатын зардаптарды ескертуі керек. Төлем мерзімі өтіп кеткен қарыздар болған жағдайда банктер қарыз алушының шотында тұрған ақшаларды иесінің рұқсатынсыз (егер бұл банктік қарыз шартында келісілген болса), төлемдік талап ұсына отырып, ала алады. Алайда ерекше талаптар да бар. Мәселен, мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қарыз берушінің талабымен ашылған арнайы тағайындалымды шоттарға жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер ретінде салынған ақшаларға тиюге болмайды. Сондықтан да қарыз алушы несие шартымен мұқият танысуы қажет. Егер онда банктерге қарыз алушының шотындағы ақшаларды иесінің рұқсатынсыз (акцептсіз тәртіпте) алуға құқық беретін талап болса, банктердің төлем мерзімі өтіп кеткен қарыздар болған жағдайда қарыз алушының шотында тұрған ақшаларды иесінің рұқсатынсыз алуға төлем талабын ұсынуы заңды болады.

- Банктер Қазақстанда шетелдік валютамен несие бере ала ма?

-Бұл заңға қайшы емес, өйткені,ҚР-ның «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңында мұндай мүмкіндіктер қарастырылған. Банктер туралы заңның 26-бабы 5-тармағына сәйкес ұлттық және/немесе шетелдік валютада банктік операциялар жүргізу лицензиясы шектеусіз мерзімге беріледі. Яғни, егер банктің шетелдік валюта операцияларын жүргізуге лицензиясы болса, бұл банк ел аумағында шетелдік валютамен несие беруге құқылы. Ал қарыз алушы қарыз валютасын өз ретімен таңдайды.

- Теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелер мен төлемдерді кез келген валюталық эквивалентте индексациялауға бола ма?

-Кодекстің 01.03.2011 күніне дейін әрекет еткен редакциясының 282-бабына сәйкес ұзақ мерзімді міндеттемелерде тараптармен келісілген жағдайда төлем индексациясы қарастырылуы мүмкін. Индексацияны шарт тараптары заңға қайшы келмейтін коэффициентпен, сондай-ақ, инфляция деңгейін, кері қаржыландыру мөлшерлемесі, қарыз алған күндегі валюта курсының төлем күніндегі шетелдік валюта курсына қарым-қатынасын және басқа да тараптар арасындағы басқа да келісімдерді есепке ала отырып жүзеге асыруға болады. Кодекстің 282-бабы 3- тармағына заң арқылы өзгеріс енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес, ұзақ мерзімді міндеттемелерде, егер ҚР заңнамалық актілерінде басқаша көрсетілмесе, тараптармен келісілген жағдайларда төлемді индексациялауға мүмкіндік берілген. Ал бұл ерекшелік Банктер туралы заңның 34-бабы 4-тармағында қарастырылған. Осы бапқа сәйкес, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелер мен төлемдерге кез келген валюталық эквивалентпен индексация жасауға тыйым салынған. Бұл шектеу банктер арасында жасалатын шарттарға қолданылмайды. Заңда Заңның банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелер мен төлемдерге кез келген валюталық эквивалентпен индексация жасауға тыйым салынбайтындарға қатысты кейбір жекеленген тармақтарына кері күш беретін нормалар бар. Осылайша, осы нормалар 2011 жылғы 1 наурызынан кейін жасалған банктік қарыз шарттарына ғана қолданылады.

ДайындағанЗульфия ИСКАЛИЕВА

4 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.