Атырау, 23 қараша 08:02
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алтынға бергісіз түйелер

10 543 просмотра

  Елордада өткен Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жетістіктерінің «Қараөткел - 2011» республикалық жәрмеңкесінде біздің облысымыздан қатысқан 6 шаруашылықтың 5-уі алтын медальға ие болды. 

«Жаңа таң» ЖШС директоры Ысқақ ШАҚПАҚбылай деп әңгімелейді: «Біз жәрмеңкеге қос өркешті – бактриан түйесінің екеуін алып бардық. Олардың салмағы 600 кг және олар күніне емдік қасиеті бар 7 литр сүт береді. Көрмеде бір өркешті – дромедар түйелері де болды. Олардың сүті бактриандарға қарағанда көп болғанымен майлылығы жоғары емес. Әділқазылар алқасының бағалауынан кейін жануарлармен  тете-премьер Өмірзақ ШҮКЕЕВ және ауылшаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ «танысты». Олар біздерді мақтап, «Түйені өсірудегі үздік шаруашылық» номинациясы бойынша алтын медальды тапсырды. Біздің шаруашылығымыз Жылыой ауданында орналасқан. Бізде 500-дей түйе бар, оның 300-і боталы інгендер. Біздер таяу маңдағы мұнай кәсіпшіліктеріне 50-60 литрдей түйе сүтін жеткізіп береміз. Одан да көп сүт алуымызға болады, алайда, түйе сауатын адам жетіспейді. Біз тәжірибесі бар сауыншылар мен зоотехниктерге жоғары еңбекақы төлеуге дайынбыз». 

«Қараөткел-2011» жәрмеңкесінің жоғарғы марапатына біздің облысымыздың басқа да шаруашылықтары: «Балық саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша – «Каспий Фиш» ЖШС, «Балық өнімдерін үздік өндіруші» номинациясы бойынша – «Амангелді» ЖШС, «Үздік ет бағытында асыл тұқымды қой өсіруді дамытатын  шаруашылық» номинациясы бойынша – «Мақаш» ӨК (Еділбай қойы), «Қазақстанның мал шаруашылығына қосқан үлесі үшін» – «Құрманғазы» ӨК (Еділбай қойы) ие болды. «Ракуша» ӨК жоғары сапалы балық өнімдерін өңдегені үшін жәрмеңкенің арнаулы дипломымен марапатталды.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Қайролла БАЗАРБАЕВТЫҢ айтуынша, жыл сайын өтетін «Қараөткел» жәрмеңкесіндегі жеңістер атыраулық аграршылар үшін жақсы дәстүрге айналып барады. Өткен жылы алтын медальға: «Достан Ата» ШҚ (үздік киіз үй), «Жігер» ӨК (елтірілі-етті – майлы-құйрықты асыл тұқымды қой шаруашылығы) және  «Жемчужина»  ЖШС (үздік өңделген балық өнімдері) ие болды, ал, дипломдармен «Достан Ата» және «Нұрет» ӨК (Еділбай қойын өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтар), «Каспий балық» және «Амангелді» ЖШС (балық өнімдері) марапатталған еді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 тамыз 2011, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.