Расул ЖҰМАЛЫ.Атырау мемлекеттік университетінде жергілікті студенттердің қатысуымен жастар форумы өтті.
«ЖАСТАР НЕГЕ ОТАНЫНДА ТҰРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?»
Спикер ретінде белгілі саясаттанушы, бұрынғы дипломат Расул ЖҰМАЛЫ (суретте) шақырылды. Ол жақында жарық көрген «Молотов коктейлі. Қазақстан жастарының анатомиясы» атты ұжымдық кітап авторларының бірі. Форумға қатысушылар одан бұл зерттеудің проблематикасы жөнінде сұрастырып, бұдан өзге де сауалдар қойды.
- Біз жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Қазақстан жастарының үштен бір бөлігі болашақта шетелге кетуді жоспарлап отыр. Менің ойымша, бұл қынжылтатын дүние, -деді Р.Жұмалы. -Жастар мемлекеттің қозғаушы күші болғандықтан, олардың мәселелерін елемеуге болмайды, ал олар көп. Бір ғана мысал: жоғары оқу орындары түлектерінің 40-45 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал олар қанша жылын оқуға сарп етті, әке-шешесінің ақшасын сарп етті. «Ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар ғой. Біз өз зерттеуімізде біздің қоғамның әлсіз тұсын көрсете отырып, сол «аурудың» рецептісін емес, суреттемесін беруге талпындық. Осыншама жастардың өз елінде тұрып, жұмыс істегісі келмеулеріне не себеп деген сауалдарға жауап іздедік.
Ал форумға қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН бұған қатысты басқа пікір білдірді.
- Мен жастардың шетелде тұрып, жұмыс істеймін деген ұмтылысында қорқатын ештеңе жоқ деп ойламын. Он бес жыл бұрын мен өзім де, мәселен, Испанияға тіл үйрену үшін, екінші жағынан ақша табу үшін кеткім келген. Онда апельсин теруші болып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуға мүмкіндік болды. Бірақ, оған бару үшін біраз ақша қоры қажет еді, сол себеппен бара алмадым. Бастысы, шетелге не үшін баратыныңда. Егер бұл өз өміріңді өзгертіп, кәсіби тұрғыда өсуіңе мүмкіндік болса, неге бармасқа?
«ОЛАР БІЗДІҢ АЗАМАТТАР ҒОЙ»
Форум қатысушыларының сұрақтарына жауап бере отырып, Расул Жұмалы, әсіресе, біздің еліміздегі ақпараттық кеңістігіміздің көбіне-көп ресейлік БАҚ-қа тәуелді екеніне алаңдаушылық білдірді:
- Біз Мәскеу, Санкт-Петербор немесе Қазанда не болып жатқанын жақсы білеміз де, Бішкек, Жалалабад, Ташкент, Душанбеде не болып жатқанынан мүлде бейхабармыз. Көптеген біздің БАҚ Ресейдің Украинадағы жағдай жөніндегі жалған ақпаратын таратуда. Тағы бір қауіп –діни экстремизм идеяларының жастарымызға әсері.
Біздің жас отбасылар - 300 адам - Сирияға кетіп қалды. Қазір оларды азаматтықтан айырып, қайтып келетін болса, соттау керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Бірақ бұл күрделі мәселе мұндай жолмен шешіле ме? Бәлкім, бұл мәселеге ауқымды түрде қарау керек шығар. Олар біздің азаматтарымыз, жерлестеріміз ғой. Олар қандай себеппен жер ауып кетті? Жер ауып кеткенде де соғыс болып жатқан жерге кетті, жалғыз кетпей, кішкентай сәбилерін бірге алып кетті. Қазақ балаларының қолдарына қару ұстап, «кәпірлерді бауыздаймыз» деп айтқан ролигін бәріңіз көрген боларсыздар. Ислам экстремистері діннің атын жамылып, қаныпезерлерге айналып отыр.
Асқар БОПЫЛДЫҚОВ.Форумда сөз сөйлеген «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Асқар БОПЫЛДЫҚОВТЫҢ (суретте) пікірінше, елімізде жастарды баспанамен де, жұмыспен де қамтуда мүмкіндіктер беріліп отыр және мемлекет жастарды «еркелетіп» алған деп есептейді.
- Ал жастардың шетелге барып жұмыс жасауына қатысты айтсам, бұл менің ұстанымдарыма сай келмейді. Шетелге адам көп ақша үшін барады. Ал біздің елде де жақсы ақша табуға мүмкіндік бар, - деген сенімде А.Бопылдықов. Оның пікірінше, жастардың Сирияға кетуіне ата мен әженің, әке мен шешенің беруге тиіс рухани, ұлттық тәрбиенің кемшіндігі себеп.
Расул Жұмалы мұнымен келіскен жоқ. Ол өскелең ұрпақтың тәрбиесінде ата-аналардың ғана емес, мемлекеттің де үлесі болуы тиіс деп есептейді.
- Балалардың Сирияға кетіп қалуына олардың ата-аналарын кінәлай берудің қисыны жоқ шығар. Себебі, ата-аналар ертеңнен қара кешке дейін бала-шағасының материалдық қажеттіліктерін өтейін деп жүреді. Бұл мәселені кешенді әрі жүйелі түрде шешу керек. Бұл процесске жастардың өздері де атсалысу керек, -деді Жұмалы.
Айнұр САПАРОВА