Атырау, 21 желтоқсан 15:02
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Тұтас академия болдық»

2 761 просмотра

«Атырау Барыстары» облыстық спорттың ойын түрлері бойынша команда» КМК базасында спорттың қысқы жәнеойын түрлері бойынша академия ашылды. Бұл жердебалалар шорт-трекпен, хоккей, мәнерлеп сырғанау жәнебаскетболмен тегін шұғылдана алады. Біз «АтырауБарыстары» командасының директоры Болат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВҚА (суретте) бірнеше сұрақтар қойдық.

ШОРТ-ТРЕК ҚҰРАЛ-САЙМАНДАРЫ КЕРЕК

- Академия қазан айында облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бұйрығымен ашылды. Шорт-трек бойынша қазір топ жинап жатқан жоқпыз, өйткені, жаттықтырушыларымыз – ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбаев пен ҚР құрамасының аға жаттықтырушысы Петр Гамидов АҚШ-та өтіп жатқан Әлем кубогында жүр. Сонымен қатар, Мұз сарайында жаттығу жасау үшін қорғаныс қабырғаларын – айналдыра төсейтін қорғаныс маттарын сатып алу керек. Осы жаттықтырушылардың шәкірттері - Евгений Ребик, Еркебұлан Шамұханов және басқалары – облыс құрамасының намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ, біздің құрамада әлем чемпионаты «алтынына» басты үміткерлер болып есептелетін екі Оңтүстік Кореялық спортшы өнер көрсететін болады. Алғашқы уақытта құрама команда барлық қажетті құрал-саймандары бар Астанадағы базада жаттығатын болады.

Шорт-трекпен шұғылданғысы келетін балаларға арнайы тапсырыспен дайындалатын конькилер мен оның қырын қайрайтын станок керек. Жаттықтырушылар келгеннен кейін дарынды балаларды өздері іріктеп алып, қандай құралдар сатып алу керектігін айтады. Бала жинауды желтоқсанда бастайтын болармыз.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ.
Шорт-трек
(ағылшынша Short track speed skating, қазақша қысқа жолда конькимен жылдам жүгіру) – коньки спортының түрі. Жарыстарда бірнеше спортшы (жалпы, 4-8 адам, қашықтық ұзаған сайын спортшылар да көбейеді) 111,12 м ұзындықты айналма мұз жолында бір уақытта сырғанайды.

- Мәнерлеп сырғанау тобына іріктеу жүріп жатыр ма?

- Иә, жүріп жатыр. Қазір бізде бір ғана жаттықтырушы бар. Лаура Тауманова Атырауда 4 жылдан бері жұмыс жасауда. Қазір ол отыз баланы үйретуде. Әлемдегі ең мықты мәнерлеп сырғанау мектебі Ресейде екенін баршаңыз білесіздер. Алайда ол жақтың жаттықтырушылары осында келіп, өз шәкірттерімен ғана жұмыс жасағылары келеді. Ресей үшін мәнерлеп сырғанаушылар дайындағаннан не пайда? Егер өз балаларымызды жаттықтыратын бапкер тапсақ, бес жылдан кейін Қазақстанда атыраулық екінші Денис Тен шығады деп есептеймін. Жаттықтырушылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

- Бізде аз мерзім ішінде ҚР чемпионатының қола жүлдегері Зарина Айтбайды дайындаған Кристина Прилепко жұмыс жасады ғой.

-Оңтүстік Қазақстанда тұратын бір адам мәнерлеп сырғанауға тек қана өзінің баласын үйрету үшін онымен келісімшарт жасады. Ол Шымкентке көшіп кетті.

-Балалар хоккейінің жағдайы қалай?

- Академияда үш жаттықтырушы жұмыс жасайды: Евгений Антонов, Сергей Огородников және Владимир Стрельчук. Жақында командамыз 2002 ж.т. балалар арасында ҚР чемпионатына қатысты. Жас «мәмлүктер» үш ойында ұтып, төрт ойында жеңіліп қалды. Алғашқы сынақтар үшін жаман емес. Сонымен қатар, біз ҚР жастар хоккей лигасының  (ЖХЛ) келесі жылғы чемпионатына команда құрып жатырмыз. Бұл - 1996-2000 ж.т. жасөспірімдер арасындағы турнир. Жақында команда Орск қаласына алғашқы оқу-жаттығу жиынына барып келді және осы жерде ресейлік командалармен өткізген жолдастық кездесулерде жақсы нәтиже көрсетті. Қазір академияда жүзден аса бала хоккеймен айналысады. Іріктеу әлі жалғасуда.

 

ҮШ МИЛЛИОН ҮНЕМДЕДІК

-Баскетболда қандай жаңалықтар бар?

- Бұл секцияда балалармен төрт жаттықтырушы жұмыс жасауда. Атырауда баскетбол мектебін қалыптастыруға «Атырау Барыстары» командасының бұрынғы бас бапкері Жидрунас Звинклис үлкен үлес қосты. Кезінде ол Сабонис академиясында жұмыс жасаған, Александр Белостенный атындағы Одесса мектебін өзі ұйымдастырған. Оның тәжірибесі біз үшін өте қымбат. Академияның баскетбол филиалдары «Мұнайшы» кешенінде, №№1, 16, 18, 19 мектептерде ашылды. Бүгінде онда 30-ға жуық бала дайындалуда.

- «Атырау Барыстары» кәсіпқой командасы қазір неге ҚР Ұлттық баскетбол лигасы чемпионатына қатыспай жүр?

-ҚР Баскетбол федерациясы қойған талап солай. Биылғы регламент мынадай: Ұлттық лигада 4 команда, Жоғары лигада 10 команда ойнайды. Жоғары лигада 1 және 2-орын алған командалар Ұлттық лигада 3-4 орын алған ұжымдармен күш сынасады. Осылайша, Жоғары лига чемпионатын ұтсақ, біріншіден, ойыншыларымыз ҚР спорт шебері атағын алады, ал екінші кезеңде жеңсек, «Төрттік финалына» жолдама аламыз. Ал ол жерде Ұлттық лиганың финалшыларымен күш сынасамыз.

Бұл жерде басты мәселе – үнемдеу. Ұлттық лигаға қатысу үшін 4 млн теңге жарна төлеудің қажеті жоқ. Біз Жоғары лигада ойнау үшін небары бір миллион төледік, баратын жеріміз бір... Өкінішке орай, финалға шыққан жағдайда біз тек 1992 ж.т. және одан кіші легионерлерді ғана тарта аламыз. Оған қоса, команданы күшейтуге тек 13 наурызға дейін мүмкіндігіміз бар. Яғни, Ұлттық лига командаларымен «плей-офф» және «Төрттік финал» ойындарында сырттан көмек ала алмаймыз. Қазір «барыстардың» құрамында екі литвалық бар, қалғандары – Атырау баскетбол мектебінің шәкірттері.

- Өткен жылы Мұз сарайы шатырынан су кеткен болатын. Бұл мәселе шешілді ме?

- Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

27 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.