Атырау, 19 қараша 10:38
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Экс-әкімнің ісі бойынша шығарылған үкімнен кейін. Адвокаттардың пікірі

7 242 просмотра

адвокат Юрий СЛИНЧЕНКО.адвокат Юрий СЛИНЧЕНКО.«Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚҚ» ісі бойынша сотталғандардың кейбірі өз үкімдеріне қатысты шағымданбақшы.

Бұл туралы қолдарына үкім тиген бойда осынау атышулы іс бойынша сотталушыларды қорғаған бірнеше адвокаттар мәлімдеді.

- Үкім жарияланған кезде, менің пікірімше, бірқатар тұлғаларға, соның ішінде менің қорғалушым Болат ДӘУКЕНОВКЕ қатысты әділдік болмады. Үкім тең дәрежеде шығарылмаған: бір сотталушыға қатысты ұқсас іс-әрекеттер үшін өте жұмсақ шара қолданылып, төменгі шектен төмен жаза шарасы тағайындалса, ал басқаларына сол бап бойынша қатаң түрде жаза тағайындалған. Біз қылмыстық қауымдастық басшылығына қатысты айыптаулар (ҚР ҚК-нің 235-1-бабы) дәлелденген жоқ деп есептейміз. Сол тұжырымдамаға сәйкес ол тіпті Дәукеновке де тағылған жоқ, - деді адвокат Юрий СЛИНЧЕНКО. – «Бизнес-Көмек» мемлекеттік қорының қаржысын ұрлауға қатысты қылмыс та дәлелденген жоқ деп есептейміз. Өйткені оның бұл әрекеттерін басқа заңдардың әсерімен қарауға болады: ақшалай қаржыны ұрлау пиғылы болмаған.

- Аппеляциялық инстанцияға жүгінгенде не нәрсеге үміт артып отырсыздар?

- Біз заңды акценттердің дұрыс қойылғанын қалаймыз. Бүгінде, өкінішке орай, Дәукенов Рысқалиевтың оң қолы ретінде қаралуда.

- Сіз бұл анықтамамен келіспейсіз бе?

- Келіспеймін. Иә, ол бірінші орынбасар, бірақ қылмыстық қауымдастықтың 2-ші тұлғасы деген – жұқалап айтқанда, мұндай анықтама шындыққа және сот қолындағы фактілерге сәйкес келмейді. Егер сот заңды басшылыққа алған болса, сотталушылар ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде қаралмайтын еді, заңсыз жекешелендіруге қатысты тұлғаларды әрі кеткенде алдын ала келісім бойынша әрекет еткен топқа жатқызуға болар еді.

«Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық» тұжырымдамасы орынсыз: олардың іс-әрекеттері мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдармен анықталады. Олардың бәрі, тіпті егер заңсыз болса да, әкімнің бұйрығын, яғни тікелей басшының нұсқауын орындады.

- Сіздің қорғалушыңыз үкімді естігенде қандай күйде болды?

-Қорғалушымның төбесінен жай түскендей болды. 235-бап сотталушылардың көпшілігінен алынып тасталды. Олар өздері айыпталған іс-әрекеттерді жасамағандықтан емес, олар жасаған кезде бұл бап басқа редакцияда болып, заңмен қудаланбайтын еді. Ал осы айыптау күшінде қалған бірнеше тұлғаға қатысты сот олардың қылмыстық әрекеттері ұйымдасқан қылмысқа қатысты заңға осы өзгерістер енгізілгеннен кейін жалғастырған деп есептеді («қылмыстық қауымдастық» түсінігіне өзгерістер енгізілген жаңа редакция 2011 жылдың желтоқсанында күшіне енді).

Адвокат Игорь ВРАНЧЕВ.Адвокат Игорь ВРАНЧЕВ.Сотталушылар Ұлан ҚҰРАЛБАЕВ, Эдуард ДУРМАНОВ, Александр КУЗЕМА және Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАНЫҢ адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ:

- Жалпы алғанда, судьяның сот процесін жүргізуіне ешқандай талаптарымыз жоқ. Қорғаушы ретінде барлық тағылған айыптарынан толықтай ақталған Әзбергеноваға қатысты үкімге қанағаттанамын. Барлық қорғауымдағы адамдарды 235-баптың 3-тармағы бойынша жазықсыз деп тапқандарымен келісемін. Алайда біз Құралбаевқа қатысты үкімге шағымданамыз – сот бұрын тағылған 176-баптың 4 тармағы бойынша айыпты 307-бап 4 тармағына аударып жіберген, ал оның әрекеттерінде тек қызметіне салақ қарау (316-бап) орын алған болуы керек. Кузема мен Дурманов та өздерінің аппеляциялық тәртіпте шағым беру құқықтарын пайдаланады, өйткені біз оларды кінәлі деп тапқандарына келіспейміз. Олар бюджет қаржысын қымқыруға да, қылмыс жасауға көмектесуге де еш қатысы жоқ.

- Әзбергенова заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылуы салдарынан өзіне тигізілген шығындарды өндіріп алу құқығын пайдалана ма?

- Біз үстіміздегі жылдың көктемінде бұлтартпау шарасын тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырғаны үшін судья ДӘУЛЕТОВАҒА ризамыз. Гүлмира Әзбергенова тергеу изоляторына 2013 жылғы 19 ақпанда қамалып, 2014 жылғы 14 наурызына дейін отырды. Наурыздан үкім жарияланғанға дейін үйқамақта отырды. Әрине, біз құқыққорғау органдарының әрекеттері салдарынан болған шығындарды өтеу құқығын пайдаланамыз.

Әзбергенованың 1 жыл түрмеде отырған, 2 жылға жуық тұтқын болғанын, денсаулығына келтірілген зиянды (тергеу изоляторында ол ұзақ мерзімге аштық жариялаған), отбасынан жырақта болғанын және басқа да осы процестің зардаптарын қандай сомаға бағалайтыны - әзірге белгісіз. Алайда сотталғандар арасынан қарызгерлер тізімі жарияланды. Адвокаттық корпусты соттың өтеуге қаулы еткен соманы қайдан алғаны қатты таңғалдырды: мемлекет пайдасына өндіруге ұсынылған жиынтық сома 80,9 млрд теңгені құрады. Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың күзінде Қаржы полициясы агенттігі Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы әрекеттерімен келген шығынды 71 миллиард теңгеге бағалаған. Бір жыл өткеннен кейін тергеу 23,6 миллиард теңгенің мүлігі мемлекетке қайтарылды деп ресми жариялап, шығын сомасын 42,1 млрд теңгеге дейін түсірген. Үкімде осы деректерден екі есе көп сома қайдан шықты?

- Еш хабарым жоқ, - дейді Игорь Вранчев. - Өзімнің қорғалушыларым туралы айтайын. Сот отырысы процесінде біз айыптаушылардың ұрланған сома бойынша барлық дәлелдерін жоққа шығардық. Сот сараптамасы орталығының сарапшылары сотта өз қорытындыларының бір де бірін негіздей алмады. Сонымен қатар, олар қылмыстық іс материалдарындағы есептеулерде қарапайым арифметикалық қателіктер жіберген, ал сомалардың миллиардтап саналғанын бәріңіз білесіздер. Бұлар да сот отырысы барысында анықталды. Сондықтан да жұрттың бәрін жарияланған мемлекет пайдасына өндірілетін сома қатты таңғалдырды. Біз осындай үлкен соманың қайдан шыққанын және олар қандай шығынды жабулары керектігін білмейміз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 қараша 2014, 10:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.