Атырау, 12 желтоқсан 09:56
 қар жаууы ықтималВ Атырау +1
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

ЖИН-сіз 2012 жылы өмір сүре алмайсыз

11 268 просмотра

Алғаш рет жеке идентификациялық нөмір туралы осыдан үш жыл бұрын айтыла бастады. Бастапқыда ең ақырғы мерзім деп 2010 жылдың 13 тамызы аталған болатын. Алайда, халық енжарлық танытқан соң мерзімін  2012 жылға дейін ұзартуға тура келді. Бірақ бұл соңғы мерзім, ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР әрбір азаматының өзінің жеке нөмірі болуы тиіс.

Облыстық әділет департаментіндегілердің хабарлауынша,  халықтың әлі бір бөлігі жеке бас куәліктері мен төлқұжаттарын ауыстыруға асығатын емес.

ЖИН не үшін керек?

ЖИН бұрынғы ӘЖК (СИК) және СТН-нің (РНН) орнына өмір бойына бір рет беріледі. Бұл нөмірсіз адамдар зейнетақысын, жәрдемақысын ала алмайды, банктерде қызметтер көрсетілмейді. Үй иелеріне де құжаттарын жедел ретке келтіру керек. Жаңа жылдан бастап бірқатар мемлекеттік қызметтер электронды формат бойынша көрсетілетін болады. Демек бұл адамдар ЖИН-сіз тұрғылықты жерінен анықтама ала алмайды, мекен-жайға тіркеліп, одан шыққан кезде, тұрғын үйді сатуда, сатып алуда кедергілер туындайды.

ЖИН алғаннан соң жылжымайтын мүлік иелері өз пәтерлері мен үйлерін электронды мұрағатқа енгізуге тиісті. Мұрағатқа енгізілмеген жағдайда сатып алу-сату, сыйға беру, мұрагерлікке қалдыру барысында проблемалар туындауы мүмкін. «Пәтерлердің көпшілігі 90-шы жылдары ескі төлқұжат кезінде жекешелендірілді, -дейді Атырау облысы әділет департаментінің жылжымайтын мүлік бөлімінің тіркеушісі Қамия ИТЕШОВА. – ЖИН-сіз біз бұл жылжымайтын мүлікті электронды мұрағатқа енгізе алмаймыз. Ал, оны міндетті түрде енгізу керек. Өйткені, енді жылжымайтын мүліктерді электронды тіркеу жүргізілетін болады. Сондықтан да ЖИН алған бойда өз жылжымайтын мүлігіңіздің тиісті құжаттарын ретке келтіргеніңіз жөн. Ол үшін №314 бөлмеге немесе 35-71-46 телефоны бойынша хабарласуларыңызға болады».

ЖИН сіздің жеке бас куәлігіңізде бар ма?

Қазақстандықтардың бір бөлігі үшін куәлікті ауыстырудың қажеттілігі жоқ, өйткені, оларда ЖИН бар. Оны тексеру қиын емес. Куәліктің бет жағында туған жылдары жазылған жолдың астында «kazkazkaz» деген жазуы бар көкшіл жолақ бар. Онда 12 таңбалы ЖИН жазылуы тиіс. Дәл сондай нөмір куәліктің сыртқы жағында да бар, ол штрих кодта көрсетілген (суретте).

Егер сізде ЖИН бастапқы кезден бастап болған болса, онда оның дерекқорға енгізілгендігін міндетті түрде білу керек. Мұны www.salyk.kz сайтынан www.salyk.kz/ru/Pages/findtaxpayers.aspx. сілтеме жасай отырып білуге болады.  Ашылған бланкке сіз өзіңіздің ЖИН-ді енгізуге тиіссіз. Егер іздестіру нәтижесінде ол туралы мәлімет жоқ болса, тұрғылықты мекен-жай бойынша салық органына сіздің тұратын жеріңізді салық органдарының дерек қорына енгізу үшін  жолығасыз.

ЖИН бар куәлікті рәсімдеу үшін қайда барады?

Егер сіздің куәлігіңізде ЖИН жоқ болса, онда тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына баруыңыз керек. Бұрынғы куәлігіңіз жаңа құжатыңыз дайын болғанша өзіңізде болады. Туу туралы куәліктерге идентификациялық нөмірлерді 2007 жылдан бастап жаза бастады. Сондықтанда бұдан бұрын куәлік алған балалардың құжатында ЖИН жоқ. Ал оларға жәрдемақы алу керек болса немесе мұрагерлік құқығына ие болатын болса халықаралық үлгідегі төлқұжатты рәсімдеу керек. ЖИН-і бар куәлікті бала 16 жасқа толғанда алады. Мүгедектер мен төсектегі сырқат адамдар тұрғылықты мекен-жайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына арыз береді. Оларға құжаттарын үйлеріне келіп, тегін жасап беруге тиісті.

ЖИН алу үшін қандай құжаттар керек?

ЖИН-і бар куәлікті алу үшін азаматтарды тіркеу кітабы (үй кітапшасы), 2 фотосурет, СТН, қолындағы жеке бас куәлігі қажет болады.

Қанша уақыт және қанша ақша керек?

Куәлік пен төлқұжат 60 күнтізбелік күн ішінде тегін дайындалады. Жедел рәсімдеу 563 теңгеден 1989 теңгеге дейін барады. Төлқұжатты дайындау 5652 теңгеге шығады. ЖИН-і бар жаңа куәлік мынадай (суретте).

Анастасия ПАСТУХОВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Бұл цифрлар нені білдіреді?

Алғашқы алты сан – туған күніңізді білдіреді. Мәселен, туған күніңіз – 12 тамыз, 1985 жыл болсын делік, ЖИН-де 850812 деп жазылады. 7-ші сан туған жылдың ғасыры және жынысын білдіреді. Егер сан тақ болса, ер адам, жұп болса – әйел адам болғаны. 1,2- он тоғызыншы ғасыр, 3,4 – жиырмасыншы ғасыр, 5,6 – жиырма бірінші ғасыр. 8-11-ші сандарды әділет органдары толтырады. 12-ші сан – нақты алгоритм бойынша есептелетін тексеру цифры.

11 тамыз 2011, 20:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.