Атырау, 27 желтоқсан 08:33
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Болашағы бұлыңғыр жобалар

3 570 просмотра

Жұмыссыздық - бүгіннің, жаңа жобалар - ертеңгі күннің еншісінде

«Болашақ» зауытындағы мұнай мен газ дайындау қондырғыларының құрылысы аяқталатындықтан Қарабатандағы қысқартулар жалғасуда. Тек биылғы жылдың өзінде-ақ 7 мыңнан аса жұмысшы жұмыстан босады. Оның 4 мыңы Атырау облысының тұрғындары. Бұрын билік жұмыстан босағандарды басқа бір кең ауқымды жобаларға тартуды жоспарлаған еді. Алайда, бұл жобалардың жүгіртпе талдауларының өзі  бұрынғы «қарабатандықтардың» болашағы үшін алаңдатарлықтай жағдай туғызуда. 

ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ ДА ЖАРЫЛҚАМАЙТЫН ТҮРІ БАР

Естеріңізде болса, «НКОК» (Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асырушы компания) компаниясының бас операторы - «Аджип ККО» бұдан бұрын 2011 жылы 11 мыңнан аса адамның жұмыстан босатылатындығы туралы хабарлаған болатын. Облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасы жағдайдың бақылауда екендігіне сендіреді. Адамдар басқа компаниялардың тапсырыстарына сәйкес жаңа нысандарға орналасуда, ал, жұмысқа орналаса алмағандарына әлеуметтік қолдау көрсетілуде екен. Жұмыстан босаған 7 мың адамның жұмыссыздыққа байланысты берілетін жәрдемақыны алуға бар-жоғы 212-сі ғана ниет білдірген, оның 101-і Атырау қаласының тұрғындары. Бұл облыстық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының 2011 жылғы 1 тамыздағы мәліметтері бойынша алынып отыр. Дағдарыс жылдарында жұмыссыздық бойынша берілетін 6 ай мерзімге арналған жәрдемақы төлеу 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да 4 ай мерзімге дейін қысқартылды. Естеріңізде болса, бұл жәрдемақы (жұмысын жоғалтқан жағдайда төленетін сақтандыру төлемдері) жұмыстан қысқарған адамдарға әлеуметтік сақтандыру қорынан, яғни, жұмыссыздың еңбек еткен кезінде әлеуметтік жарналары түрінде жинақталған өз қаржысының есебінен төленіп отырды. Келесі жылдан бастап жұмыссыздар мемлекеттің бұл жомарттығынан да айырылатын болады. Билік «масылдықпен күрес» мақсатында жәрдемақыны алып, оны қайта даярлауға берілетін гранттармен алмастыруды ойластыруда.

СТАТИСТИКА «СЫҚИЫП» ТҰР

Айтарлықтай қысқартулар мына компанияларда – Қарабатандағы «Аджип ККО» компаниясының ірі мердігерлері: «ССС», «Гате Иншаат», «Бейтман» және «МСС» компанияларында  орын алды. Осынау кең ауқымды қысқартулардың статистика бойынша көрсетілмеуі таңғаларлық жағдай: Атырау облысындағы жұмыссыздық деңгейінің екінші тоқсандағы нәтижесі өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен (5,5%) салыстырғанда 5%  құрап отыр. Жұмыспен қамту басқармасында бүгінгі күні адамдардың серпінді индустриальды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа жобаларға, сондай-ақ әлеуметтік нысандар құрылысына  орналастырылып жатқандығын  айтады. Қарабатанда өткен жылғы көрініс орын алуда, адамдар өз бетерінше бір жобадан екіншісіне, бір орыннан екінші орынға көшіп жатыр. Маусымдық фактордың алатын орны бар. Құрылыс-монтаж жұмыстары күзге дейін жалғасуы мүмкін. Одан әрі не болмақ?

УӘДЕЛЕР МЕН УӘЖДЕР

Алайда, жаңа ірі жобалардың болашағы бұлыңғыр болып отыр. Облыстық жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне қарағанда, биылғы жылы Хош иісті көмірсутек шығару кешенінің құрылысына барлығы 300 қазақстандық қана жұмысқа орналасты. Бұрын «Синопек Инжиниринг» өкілдері 2011 жылдың аяғына қарай құрылыс жұмысына жалпы саны 2,1 мың  адамнан 1,4 мың қазақстандық тартылатын болады деп мәлімдеген еді. Облыстық билік пен қытайлық компанияның арасында тіпті, 1 700 қазақстандықты жұмыспен қамтуды көздеген меморандумға қол қойылған болатын.

Солтүстік Каспий жобасындағы 2-ші кезең бойынша да жұмыстың ілгерілеуі жөнінде ештеңе айтылып жатқан жоқ. Ал, Қашаған кен орынын игеруге және пайдалануға жауап беруші «Шелл» компаниясының қазақстандық кеңсесінің осы жылдың мамыр айында жабылуынан кейін, игерудің екінші кезеңі аясында сараптамашылар осы жоба бойынша кем дегенде үш жылға дейін жұмыстың тоқтайтындығы туралы мәлімдеген еді. 

Теңіз кенішіндегі болашақ кеңейту жобасын жүзеге асыру мерзімі туралы да алып-қашпа әңгімелер айтылуда. Бұрын жоба үшін кадрларды жинау 2012 жылы басталады, ал, құрылыстың нағыз қызған шағында (2016 жылы) 15-17 мыңға дейінгі адам жұмыспен қамтылатын болады делінген еді. Мен компанияға сауал жолдадым. Енді оның жауабын күтетін боламыз.

ГАЗ-ХИМИЯ КЕШЕНІ: «БАРЛЫҒЫ КЕСТЕ БОЙЫНША»

Тағы бір айтулы жоба – еліміздегі бірінші интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы еді, оған да қатысты біраз мәселелер бой көтеруде. Жақында облыстық әкімдікте бұл жобаның жүзеге асырылуы кейінге қалдырылуы мүмкін деген жорамалдар да айтылды. Біздің жолдаған ресми сауалымызға «KazakhstanPetrochemikalIndastriesInc.» (одан әрі «KPI») жобасының оператор-компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы мерзімді өзгерту жөніндегі мәселенің қозғалмағандығы және жұмыстың кесте бойынша жүріп жатқандығы туралы мәлімдеді. Ол редакцияның жолдаған басқа сауалдарын көзге ілмеген. Естеріңізде болса, бұған дейін жоба қаржыландыру мәселесіне байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Әрине, әңгіме айтарлықтай сома көлемі, яғни, 6,3 млрд. доллар туралы болса, ал, оның 1,7 млрд. доллары – құрылыстың бірінші фазасының шығындары еді. Жобаның инвесторы оңтүстік көршіміз болды. «Қазақстан даму Банкісі» («ҚДБ») және Қытайдың «Экспортты-импортты Банкі» («Эксимбанк») арасында Н.Назарбаевтың Пекинге барған сапарында келісімге қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес, «Эксим банк» «Қазақстан даму Банкіне» Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы үшін 1,38 млрд. доллар заем ұсынды. Бұл жобаның қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясының бас мердігері болуы таң қаларлық жағдай емес. Бұған дейін «КРІ» ұсынған ақпараттарға сәйкес, 1-ші фазаны жүзеге асыру барысында полипропилин өндірісі бойынша қондырғыларды орнату, сондай-ақ, инфрақұрылым нысандарын және қамтамасыз етудің тиісті жүйелерін орнату жоспарланған еді. Бұл кезеңдегі міндет ТШО құбыры бойынша алынған пропаннан Қарабатанда полипропилен өндірісін шығару болып табылады. 2014-2015 жылдардың аяғына қарай жобалық қуаттылыққа көшкеннен соң өндірістік кешен 1,2 млрд. долларға өнім шығаратын болады деп жоспарланды.

Бұрын хабарланғандай, инфрақұрылым құрылысына 14 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жұмыс жүріп жатыр. Әзірге оның бәрін қазақстандық компаниялар атқаруда. Кірме автокөлік жолдарын «Қазқан» ЖШС (150 қызметкер бар) салып жатыр, ал, кірме теміржолды және стансаны «ЖелДорСервис» (203 адам) салып жатса, электр жүйесін тартумен «ЮмонСнабСтрой» (185 адам), ал, су құбырлары мен газ құбырларын тартумен «ҚазСтройСервис» МГҚК АҚ айналысуда.

КӨРШІМЕН «ТЕҢ» БОЛАМЫЗ

Редакция қолына мынадай бір қызықты құжат түсті (суретте), яғни, жұмысшы күштерін іріктеу деуге болады, бұл кестеден 1-ші фаза аясында газ-химия кешенінің негізгі құрылысы барысында біздің және қытайлық қызметкерлердің арақатынасы өзгеретіндігін байқауға болады. Несиелік желінің талаптарына сәйкес, тауарларды сатып алудағы, жоба бойынша жұмыс пен қызмет көрсету қытайлық келісім бойынша 50% кем болмауы тиіс. Ал, бұл демек, жобаның жүзеге асырылуы барысындағы барлық жылдарда қазақстандықтардың саны шамамен қытайлық қызметкерлер санымен тең болады дегенді білдіреді. Құрылыстың қызған шағы 2013 жылы болады деп есептеліп отыр, бұл кезде екі тараптан да 1930 қызметкер жұмыспен қамтылады. Ал, бұрын жұмыс көбейген шақта 4 мыңға дейін құрылысшылар, жобалаушылар және инженер-химиктер жұмысқа тартылатын болады делінген еді. Қысқасы, жобадағы біздің қызметкрелеріміздің санының бас-аяғы 2 мың адам ғана болмақшы».

Бұл несиелік миллардтар біз үшін қымбатқа түспек...

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

 

1-ші Фаза құрылысы кезеңіндегі жұмысшы күші туралы мәлімет

Кәсібі, мамандығы

2011

2012

2013

2014

2015

1

Мердігерұйымдардың инженерлері мен құрылысшылары

718

1000

1930

1500

250

2

Қазақстандық жобалаушылар

23

15

10

10

10

3

КРІ әкімшілік қызметкерлері

77

90

90

34

15

4

Қытайлық жобалаушылар (Пекин, Шанхай)

120

60

60

35

5

5

Қытайлық инженерлер мен құрылысшылар, химиктер

        -

500

1930

1500

250

 

БАРЛЫҒЫ: жалпы/қазақстандық

938/818

1665/1 105

4020/2030

3079/1544

530/275

11 тамыз 2011, 20:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.