Теңіздегі газ алауы. "АЖ" мұрағатынан Болашақта салынатын Үшінші буын зауытының қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы жақында өткен қоғамдық тыңдауда ТШО өкілдері жергілікті халыққа осы ауқымды жобаны жүзеге асыру экологиялық жүйенің өзгерісіне әкелетіндей кері әсер етпейтінін, ал Жылыой ауданы тұрғындары денсаулығына төнетін қатер «қалыпты мөлшерде» болатынын сендіруге тырысты.
«Теңізшевройл» бұл мәселеде өзінің көпжылдық мердігері «Қазэкопроект» ЖШС-тің тапсырыс бойынша жүргізген зерттеулеріне сілтеме жасайды. Алайда ақпараттарды толықтай тәуелсіз көздерден алған жөн болар еді. Мәселен, ең соңғы рет тәуелсіз зерттеулер ертеректе, 2000-жылдардың басында Халықаралық экология және өмір қауіпсіздігі ғылым академиясы (ХЭӨҚҒА) Қазақ бөлімінің, сол кездегі Атырау облысы мемлекеттік эпидемиологиялық қадағалау департаменті және Хамза Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының күшімен жасалған еді. Оның нәтижелері «ХЭӨҚҒА хабаршысы» жорналы номерлерінің бірінде жарық көрді. Осы ақпарат көзіне бүгін де жүгіну артық болмас.
Бұл зерттеулердің мақсаты Атырау облысының зерттелетін (Жылыой) және бақылауға алынатын (Махамбет) аудандарындағы халықтың 1993-2003 жылдар аралығындағы жалпы ауру-сырқаулықтарына салыстырмалы талдау жасау болатын. Осымен қатар Жылыой ауданының үш бақылаудағы елді мекенінде тереңдетілген медициналық тексеру жүргізілді (барлығы 4 мың адам қаралды). Ол халықтың барлық зерттелген топтарында ауру-сырқаулар деңгейінің күрт артқанын көрсетті. Атап айтсақ, ана өлімінің жоғары деңгейі – 100 мың адамға шаққанда 72,9 (1997 ж.) және 126,0 (2003 ж.). Зерттеушілер, сондай-ақ, нәрестелердің тума даму кемшіліктерінің көбейгенін де аңғарды – бұл көрсеткіш бақылаудағы Махамбет ауданымен салыстырғанда 4,3 есе жоғары болды. Бұл, зерттеушілердің пікірінше, әйелдердің өсімпаздық қызметтерінің қатты бұзылуы фактілерінің бар екеніне айғақ болады. Ал, жалпылай алғанда, Жылыой ауданындағы халықтың зерттелген топтарының барлығында ауру-сырқаулық көрсеткіштері 11 жыл қадағалау барысында бақылаудағы ауданнан 1,5-2 есеге артық екені анықталды, бұл экологиялық факторлардың жергілікті тұрғындар денсаулығына кері әсерін растайды.
Сол кезеңде Эпидемиологиялық қададғалау департаменті мен Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы «Каспий маңы мұнай және газды өңірлеріндегі қоршаған ортаның ластануының халықтың ауру-сырқаулығына әсерлерін математикалық моделдеу» жобасын дайындады. Онда, айта кетсек, халықтың ауру-сырқаулығына келесі ластаушы заттар үлкен әсер ететіндігі жазылған: Құлсары қаласы – ауада SO2 (күкірт оксиді) мен NO2 (азот оксиді) шоғырлануы; ТШО ауылында – ауада H2S (күкірт сутегі) мен SO2 шоғырлануы; жалпы Жылыой ауданында – ауада SO2 мен NO2 шоғырлануы, Жылыой ауданы ауылдарында – ауыз суда хлор мен сульфаттардың шоғырлануы. Мамандар мұны мұнай өндіру кәсіпорындарының жұмыстарымен тікелей байланыстырды.
Мұнай өндіру артып келе жатқан бүгінгі таңда бұл 10 жыл бұрынғы тұжырымдар күшін жоғалтты деп айту қиын болар.
- «Теңізшевройл» жоспарлап отырған өндірісті жылына 24 млн-нан 36 млн тоннаға дейін арттыру қоршаған ортаның ластану қарқынын 30-40%-ға өсіреді. Жылыой ауданында енді 10-20 жылдан кейін бастапқы ауру-сырқаулық 90-100%-ға жетуі мүмкін, ал өмірдің орташа ұзақтығы 40-50 жылға дейін төмендейді, - дейді сеніммен академик Мүфтах ДИАРОВ. – Біз мұны басымыздан кешіргенбіз: көшкенге дейін 3 200 адам тұрған Сарықамыс ауылында 1993-2003 жылдары ауру-сырқаулық 90%-ды, ал орташа өмір ұзақтығы 46 жасты құраған.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА