Атырау, 27 желтоқсан 08:02
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Құлсарыда өле көрмеңіз

2 759 просмотра

Жаздың апатап ыстығында Құлсарыдағы мүрдеханада кондиционер істемейді. Ал ауруханадан тыс жерде көз жұмғандарды құқық қорғау органдары сараптамасыз туыстарының қолына бермейді. Дер кезінде сараптама жасауға ауылда сот медсараптамашы жоқ. 

 «МҮМКІН  ОНЫ СІЗ ӨЛТІРГЕН ШЫҒАРСЫЗ?..»

- Ағамның денесі мүрдеханада екі күн жатып қалды, - дейді құлсарылық әйел. - Бұл уақыт ішінде мәйіт бұзыла бастады, өйткені 50 градус аптапта аудандық мүрдеханада кондиционер істемейді.

Әйелдің айтуынша, оның 48 жастағы ағасы шілденің 27-сі күні аяқ асты қан қысымы көтеріліп мерт болған. Марқұмның ажалы  тура аудандық аурухана маңында, дәрігер қабылдауынан соң болған көрінеді.   

- «Жедел жәрдем» келгенде ол жүріп те кеткен еді. Оның денесін бірден  мүрдеханаға жөнелткен. Іле-шала барғанымызбен,  ондағылар медициналық сараптама қортындысынсыз ағамның мәйітін беруден бас тартты

Кейіннен сот медициналық сараптамашы еңбек демалысында екені анықталған. Ал аудандық прокуратурадағылар алақандарын жаяды: ешқандай көмек бере алмаймыз, заң талабы солай, барлығы жан-жақты тексерілуі қажет. Тіпті көмектесу туралы өтініш білдірген қаралы  әйелден күдіктенген прокуратурадағылар «Біз қайдан білеміз, мүмкін сіз өлтірген шығарсыз?» деп сауал да жолдапты. Байғұс әйел тек екінші күні кешке қарай мүрдені  алуға қол жеткізіпті. Мұсылмандық ғұрыпқа сай  марқұм жерленер алдында бір күн өз үйіне түнеуі тиіс. Бұзылып, ісіне бастаған өлікті туған-туыстары  әзер жуындырып, тек үшінші күні жер қойнына тапсырады.

- Сырттағы аптапқа қарамастан неге олар өлікті осынша ұстады? - деп дал болады әйел.

Бұл сауалға Жылыой аудандық прокуратура қызметкері Алмабек ШҮКІМАНОВТЫҢ жауабы да екіұшты болды.

- Қылмыстық кодекс талаптарына сай мұндай жағдайда дереу сараптама тағайындалып, сол сәтте өткізіледі. Біз ресми түрде шақыртқанымызбен, сарапшы сол күні келген жоқ, - деп түсіндірді прокурор.

- Сонымен сараптама жасалды ма?

- Оны білмеймін, анализге жауап беретін басқа адам.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ: 

- Маған бұндай проблеманың барлығын ауданның бас дәргері айтпады. Мен ондағы жағдай туралы  алғаш рет естіп отырмын. Жалпы бұл мәселе кондиционермен шешілмейді. Оған арнаулы  мүрделерді сақтайтын мұздатқыш камерлар керек.

«САРАПШЫ МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ»

Атырау облыстық сот медицинасы  сараптамасы орталығы басшысы Нұрлан ҚАПИН  пәленің бәрі маман жетіспеушілігінде деп ақталады. Оның айтуынша облыс бойынша бар болғаны төрт қана сарапшы маман бар.

- Дегенмен, мына жаздың ыстығында тым құрымаса шалғай аудандарда неге  сарапшы маман ұстамайсыздар? Ажал айтып келмейді ғой.

- Жылыойдағы  сарапшы маман  қазір демалыста. Сіз айтып отырған оқиға күні біздің маманымыз жола апатына байланысты Құлсарыға екі рет барып келген еді. Іле-шала әлгі адамға қатысты үшінші шақырту келіп түсті. Бірақ кейін дененің туғандарына берілгені белгілі болды, - дейді Нұрлан Қапин. 

Сәния ТОЙКЕН

4 тамыз 2011, 17:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.