Су добынан Қазақстан құрамасы - Азиядағы мықты командалардың бірі. Алайда, бір қызығы, елімізде осы спорт түрінен ересектер арасында тұрақты чемпионаттар өтпейді. Осы және басқа да жайттар туралы «Су спорты түрлерінен «Атырау» командасы» ЖШС жаттықтырушысы Ернұр ҚОЙЛИЕВПЕН (суретте) әңгімелестік.
КЛУБТАР ЖОҚ БОЛСА ДА, ҚҰРАМАМЫЗ МЫҚТЫ
- Су добының тарихы 19-ғасырдың екінші жартысында Ұлыбританияда басталған. Ойынды Уильям Уилсон ойлап тапқан. Сол кездері допқа иелік ету үшін күш қолданып, қарсыласты су астында ұстап тұруға рұқсат етілген. Қақпашы алаңның сыртында тұрып, қарсыластың допты жағаға шығаруына бөгет жасайтын болды. Қазіргі су добын 1880 жылдан бастап ойнай бастады. Жиырма жылдан кейін бұл ойын Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енді.
Қазір су добын әлемнің көптеген елдерінде ойнайды. Бұл ойын, әсіресе, Венгрия мен бұрынғы Югославия елдерінде жақсы дамыған. 14 рет өткен ерлер арасындағы әлем чемпионатында жүлделі орындарды, негізінен, еуропалық құрамалар алып келді. Ал, Қазақстан құрамасы - Азия құрлығындағы мықты команда. Оңтүстік Кореядағы Азия ойындары мен Қытайда өткен соңғы Азия чемпионаттарында алған алтын медальдар - осының айғағы. ҚР құрамасына бұрынғы Ресей құрамасының ойыншысы, Олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері волгоградтық, кейін Қазақстан азаматтығын алған Андрей Рекечинский үлкен пайдасын тигізді.
Қойлиев Ернұр Ризабекұлы, 25 жаста, спорт шебері, 2009 жылы Шанхайда өткен су добынан Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Әрине, Қазақстанға өз клубтық чемпионаты болмағандықтан құрлықтық көшбасшы дәрежесін ұстап қалу қиынға соғады. Егер волейбол, баскетбол, футболды алатын болсақ, клубтық жүйе бар, ойыншылар өз шеберліктерін ел чемпионаты ойындарында шыңдайды, алайда, бұл спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда жетістікке жете қойған жоқпыз. Ал, біздің ойында бәрі керісінше – халықаралық жарыстарда жетістіктеріміз бар, бірақ ересектер арасында ел чемпионаты жоқ. Жастар 20 жасқа дейін БЖСМ командалары арасындағы ҚР чемпионатында ойнайды, содан кейін үздіктері ҚР құрамасына іріктеліп алынып, қалғандары спортпен қоштасады.
ЕРТЕ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ БОЛДЫМ
- Өз спорттық мансабыңыз туралы айтыңызшы.
- Мен Тараз қаласында туып-өстім. 12 жасымнан бастап су спорты түрлері бойынша БЖСМ-де жаттықтырушы Александр Александрович Дедовтан дәріс алдым. 18 жасымда Қазақстан құрамасының бас бапкері Асқар Сабалақұлы Оразалиновтің қарамағында жаттықтым, кейін оны Сергей Михайлович Дроздов ауыстырды.
Елімізде осы спорт түрінің өз дәстүрлері бар. Таразда, Оралда, Алматыда, Қарағанды мен Астанада балалар мен жасөспірімдер командалары бар. Олар ұлттық құрамаға болашағы бар спортшыларды дайындап отырады. Құраманың базалық клубы Ресей чемпионатына қатысатын «Астана» клубы болып табылады.
Құрамада мен жартылай қорғаушы болып ойнадым. 2009 жылы Азия чемпионатынан келгенде бақытсыздық жағдайы орын алып, жаттығу кезінде тіземді зақымдап алдым. Екі ота жасалып, екі жыл спорттық қалпыма келуге тырыстым. 2011 жылы жаттықтырушым екеуміз спорттық мансапты аяқтау керек деп шештік. Сол кезде 22 жаста едім. Үлкен жетістіктерге енді жетемін деп жүргенде осындай қырсық шалды. Енді осы жылға дейін алған білімім мен тәжірибемді балаларға үйретіп жүрмін.
-Атыраудағы су добы спортының жайы қалай?
- Атырауға дейін мен екі жыл Таразда жұмыс жасап, 2000 ж.т. балаларды дайындадым. Қазір менің шәкірттерім - өз жас ерекшеліктері бойынша ҚР чемпионатының көшбасшылары, ал, өткен жылы күміс жүлдегер атанды.
Мен Атыраудағы жұмысымды өткен жылдың сәуір айында бастадым. Мектептерді аралап, 2001-02 ж.т. балаларды жинадым. Тегін жаттықтырып жатырмын.
Биыл командам 2000 ж.т. балалар арасында алғаш рет ҚР чемпионатына қатысты. Жасы үлкен топты әдейі таңдадық, келесі жылы шәкірттерімнің жарыс тәжірибесі болады. Биылғы қаңтар айында біз Қарағандыда ҚР чемпионатының бірінші турына қатыстық. Ауыр болды. Біз барлық ойындарда ірі есеппен ұтылдық.
Екінші тур Атырауда орталық жүзу бассейнінде өтті. Бұл жолы балалар сенімдірек ойнады. «Астанамен» 5:5 есебімен тең ойнадық. Басқа командалардан ұтылдық, алайда, доп айырмашылығы үлкен емес.
Қала күнінде жүзу бассейнінде турнир өткізіліп, оған Атырау мен Оралдан екі командадан қатысты. Шәкірттерім жақсы өнер көрсетіп, 2 және 3-орындарды иеленді. Бұдан 2015 жылғы ҚР чемпионатында жүлдегерлер қатарында боламыз деп қорытынды шығаруға болады.
ЖАҚСЫ ҰСЫНЫС
- Үздік ойыншыларыңызды атаңызшы.
- Үстіміздегі жылдың жазында менің төрт шәкіртім – Юрий Грузинцев, Серік Сабыртай, Павел Десятсков және қақпашы Даниил Белоусовты Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернатқа оқуға шақырды. Бұл - үлкен жетістік. Олардың үздік жаттықтырушылары болады, тәулігіне төрт рет тамақтанады, мектепте оқиды, күніне екі рет жаттығу жасайды және Атырау қаласы құрамасында өнер көрсететін болады. Ата-аналары ойлану үшін келесі жылға дейін уақыт беруді сұрады.
-Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Қарашада бізді ҚР чемпионатының финалдық туры күтіп тұр, желтоқсанда Астанада өтетін ҚР бірінші президенті күніне арналған 2002 ж.т. балалар арасындағы халықаралық турнирге қатысамыз.
Жақында Атырауға тағы бір су добы жаттықтырушысы Бағдат Дінбаев келді. Ол - менің жерлесім, 28 жаста. 2004 ж.т. балаларды жаттықтырады.
-Сіздің тобыңызға жазылу үшін балаларға қандай талап қойылады?
- Балалар жүзе білуі керек. Біз олардың жүзу дағдыларын дамытып, «суда тұруды», доп лақтыруды, тактикалық тұрғыда сауатты іс-қимыл жасауды, қорғанып, гол соғуды үйретеміз. Алайда алғаш рет келгенде балалардың «балта» сияқты жүзетінін көрдім. Баланың аты бала ғой, алдымызда көп жұмыс күтіп тұр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ