Мұнай бағасының арзандауына байланысты рубльдің бәсі долларға шаққанда да, теңгеге қатысты да әлсіреп жатыр: егер кеше курс 4,23 болса, бүгін 4,17-ге табан тіреді. Біздің экономикамыз Ресей экономикасы сияқты өндіру салаларымен тығыз байланысты болғандықтан, мұнай бағасының құлдырауы біз үшін де жағымсыз жаңалық. Бірер күн турасында 2014 жылғы бюджеттің табыс бөлігінің көрсеткіштері нақтыланды. Болжамдар қуантарлық емес.
Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ келесі сандарды атады: өнеркәсіптік өнім көлемінің өсімі 2,7%-дан 0,8%-ға дейін, мұнай өндірудің болжамды көлемі 83 млн тоннадан 81,8 млн-ға төмендеген. Бюджеттің шығыс бөлігі қысқартылып, Ұлттық қордан қосымша трансферттер қарастырылды.
Біз сарапшыларға «осындай жағдайларда теңге өз бағамын ұзақ ұстап тұра ала ма?» деген сауал қойдық. Сондай-ақ, «рубльдің құлдырауы кімге пайдалы, кімге зиян?» деген сұрақпен жергілікті кәсіпкерлерге хабарластық.
Ануар ҰШБАЕВ, Tengri Partners (Алматы) басқарушы әріптесі:
- Теңгені әзірге белгіленген «дәліз» деңгейінде ұстап тұр. Рубль долларға шаққанда түсіп жатыр, ал теңге бұрынғы деңгейінде тұр, рубльдің теңгеге шаққандағы құны үш тарапты арбитражды болдырмау үшін төмендетіліп отыр. Осындай тепе-теңдіктің жойылуы және рубль мен мұнай бағасының кері серпінінің жалғасуы жағдайында теңге курсын жасанды ұстап тұрудың мәні кетеді, алайда «қашан» деген мәселеге келсек, бұл теңгені қолдау үшін мемлекеттің валюталық қорды жұмсауға дайын болуына байланысты. Рубльдің құлдырауына қарамастан осы күнге дейін Ресейден келетін импорт көлемі өскен жоқ, мұның себебі – РФ-ның ішкі бағаларының да бірге көтерілуі.
- ҚР Ұлттық банкі төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ біз үшін баррель $60-қа дейін түссе де, қорқынышты емес деді. Бұл сенімділік немен негізделген?
- Мұндай мәлімдеме үкіметтің бюджет шығындарын көп қысқартуға, Ұлттық қорды ашып, қаржыны бюджет қажеттіліктеріне жұмсауды әлі де жалғастыруға дайын екендігін көрсетеді.
Ғалым ХУСАИНОВ,BRB Invest ЖШС (Алматы) бас директоры:
- Жағдай жыл аяғына дейін бақылауда болады, әрі қарай көптеген жағдайларға, мәселен, мұнай бағасына, Украинадағы жанжалдың қалай шешілетіндігіне, темір бағасының қандай болатындығына және т.б. көптеген факторларға байланысты болмақ. Қазір болжам айту қиын.
Бюджетке салынған мұнай бағасына (барреліне 95 доллар – С.Т.) келетін болсақ, Қазақстанда бюджет үш негізгі көздерден қалыптасады: 1) мұнайдан түсетін салықтан басқа салықтық төлемдер; 2) Ұлттық қордан шығатын кепілдендірілген трансфер; 3) мемлекеттік құнды қағаздар арқылы тартылған қарыздар. Сәйкесінше, мұнай саласына салынатын салықтар тікелей бюджетке түспейді, менің ойымша, «60 долллар болса да» деп осы себеппен айтылған. Ұлттық қорда бюджеттің шығыс бөлігін орындау үшін кепілдендірілген трансфер жасауға жинақ жеткілікті, сондықтан да бюджетіміз орта мерзімдік болашақта мұнай бағасынан қорғалған.
- Қашағандағы жағдай осы жағдайға әсер ете ала ма?
- Қазақстан жобадан көре алмаған пайдасын және шығындарын тек ҚазМұнайГаз арқылы ғана есептей алады. Сондықтан да осы жағдайға Қашағанның тоқтатылуы үлкен әсер ете алмайды. Ал бізде бұл сала бойынша өндірістің құлдырап бара жатқаны жасырын емес. Осы кемшілікті Қашаған есебінен жою жоспарланған, алайда енді орта және ұсақ мұнай компаниялары мәселелерін рәсімдерді жеңілдету және ырықтандыру арқылы шешу керек. Бұл оларға өз жобаларын тез жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, экономист (Алматы):
- Қазір рубль саяси себептерге байланысты құлдырап жатыр. Алайда бұл үдеріс үлкен инфляция тудырғанымен, ресейлік тауарлардың арзандауына әкелмейді. Бұл жерде ресейлік өндірушілермен жасалған келісімшарттардың үлкен бөлігі доллармен белгіленгенін айтып өткен жөн, ал бұл тағы да олардың арзандауының мүмкін еместігін білдіреді.
Бір баррельге 60 доллар турасына келсек, бұл жерде әңгіме бюджет туралы емес, қаржылардың құйылуы мен шығу көрініп тұратын төлем балансы туралы болып тұр. Мәселен, мұнай 60 доллардан төмен құлағанша құйылу шығудан жоғары болады. Тағы бір сәйкестік элементі бар – егер капиталды жария ету бағдарламасы жұмыс жасайтын болса, шетелден үлкен капиталдың құйылуын қамтамасыз етеді, ал бұл шектіктерді теңестірмей-ақ төлем балансы көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАЗАСЫЗДАНУЫНА НЕГІЗ ЖОҚ»
Рубльдің теңгеге шаққанда әлсіреуіне келсек, бұл жерде, кәсіпкерлердің айтуынша, жағдай бір қалыпты емес. Өйткені жергілікті дүкен сөрелеріндегі тауарлардың 80%-ы шекаралас Ресей қалаларынан (Астрахан, Самара және т.б.) әкелінеді, қарапайым тұтынушы бұған қуануы керек шығар, өйткені рубль курсының құлдырауы аз болса да осы тауарлар бағасының төмендеуіне әкеледі. Бір жағынан, отандық тауар өндірушілер ұтылып қалады.
Валерий СТРУНЯШЕВ, «Альтаир Атырау» ЖШС директоры (азық-түлік өнімдерін көтерме саудамен жеткізу):
- Мен үшін, көтерме саудамен айналысатын адам үшін, Ресейде тауарлардың арзандағаны пайдалы. Егер жақында рубль курсы 6 теңгеге жақын болса, қазір 4 теңгеден сәл асады. Мен Самарадан сүт және кондитерлік өнімдер тасимын, қазірдің өзінде бағаны 5-6 теңгеге түсірдім. Ал осыған байланысты супермаркеттер мен базарлардағы бөлшек сауда жасайтын сатушылар бағаны түсірді ме, бұл енді олардың ар-ұятына байланысты.
Жалпы, рубль курсының құлдырауына байланысты жағдай екіұшты болып тұр. Егер қазақстандық тұтынушылар ұтса, өндірушілер ұтылады. Мәселен, қазақстандық сүтті алайық: рубльдің құнсыздануына байланысты ресейлік сүт арзандайды және дүкен сөрелеріндегі отандық сүт бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Әрине, бізге, тұтынушыларға алатын затымыздың арзан да сапалы болғаны жақсы. Атырауда өндірушілер аз, ресейлік тауарламен бәсекелесетіндей үлкен көлемдері де жоқ. Отандық ірі компаниялар негізінен Алматыда және Қазақстанның солтүстік облыстарында орналасқан.
Нина ТЕМІРБАЕВА, Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры:
- Қазақстанның мазасыздануына негіз жоқ деп ойлаймын. Егер саясатқа аса назар аудармасақ, өзіміздің қалыпты экономикамызды қалыптастыруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Рубльдің құлдырауы ресейлік тауарлардың арзандауына әкеле ме, жоқ па, оны болжаудың еш қажеті жоқ. Бір анығы, олардың көлемі біздің нарығымызда артады және бұл қарапайым тұтынушылар үшін тиімді болмақ. Отандық тауар бәсекеге қабілетті емес және олар өте аз. Алайда мемлекет тарапынан жасалатын мықты қолдау тетіктері бар, бүгінде бизнес пен өндірісті дамытуға үлкен қаржы құйылып отыр. Ал енді рубль курсына келетін болсақ, теңге мен рубль арасында өте үлкен алшақтық болады деп ойламаймын – біздер бір шынжырмен шырмалғанбыз ғой.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА