Егер айырбастау қосыны айырбастау операциясын өткізуден бас тартса, не істеу керек? Банкноталардың қайсысы жарамды, қайсысы жарамсыз деп танылған? Қаржылық сауатсыздықты жою мақсатында «ҚР Ұлттық банк» РМБ Атырау филиалы экономисінің қысқаша кеңестерін ұсынамыз.
АҚПАРАТТАР КӨП БОЛУЫ ТИІС
Облыста 1 қазандағы ахуал бойынша 132 айырбастау қосыны жұмыс істейді, оның 102-сі - екінші деңгейлі банктер, 27-сі - өкілетті мекемелер және 3-і – «Қазпошта» АҚ.
Ережеге сәйкес, әрбір айырбастау қосынында клиенттердің көзі шалатын жерлерге мемлекеттік және орыс тілдерінде шетелдік валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға берілген лицензиялар мен тіркеу куәлігінің көшірмелері; айырбастау қосынының жұмыс режимі; қолма-қол шетелдік валютаны теңгеге сату және сатып алу бағамы туралы мәліметтер жазылған клиенттерге арналған ақпараттық стенд; айырбастау қосынының қызметіне бақылауды жүзеге асыратын Ұлттық банк филиалы туралы мәліметтер (шағымдар болған жағдайда соған жолданады); айналымға жарамды және жарамсыз банкноталардың негізгі белгілері туралы ақпарат; шетелдік валютаның сатып алу бағамынан сату бағасының ауытқулар шегін белгілейтін Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актісінің көшірмесі секілді ақпараттар ілінеді.
АҚША БОЛМАСА, АНЫҚТАМА КӨРСЕТСІН
Айырбастау қосындарына айналымдағы ақшалай белгілерді қабылдағанда номинал және эмиссия жылы бойынша шектеу орнатуға жол берілмейтінін білген жөн. Сонымен қатар, айырбастау қосынында шетелдік және ұлттық валютаны айырбастау үшін қажетті сома болған жағдайда азаматтарға айырбастау операцияларын жүргізуден бас тартуға рұқсат етілмейді.
Егер сатып алу/сату бағамы белгіленген айырбастау қосыны жеке тұлғаға ұлттық немесе шетелдік қолма-қол валютаның болмауы себепті айырбастау операциясын жасаудан бас тартса, онда жеке тұлға айырбастау қосынында жоқ валютаның сомасы мен түрі көрсетілген анықтаманы кассирден талап етуге құқылы.
Эмитент елде заңды төлем қаржысы болып табылатын шетелдік валюта комиссиялық сыйақы төлемей сатып алу, сату, айырбастауға тиесілі.
Заңды төлем қаржысының негізгі белгілеріне банкнотадағы эмиссиялық банктің атауы, нөмірі мен сериясы, цифрдағы және жазу түріндегі номинал, беткі және келесі жағындағы негізгі сурет (портрет және т.б.); сонымен қатар жалған ақшадан қорғау элементтері (су белгісі, магнит таңбасы, қағазға енгізілген ультракүлгін сәулеге көрінетін түрлі-түсті талшықтар, конфетти, қорғаныс жіптері, микромәтін және т.б.) жатады.
АҚАУЛЫ АҚША
Келесі бүліну белгілері бар:
1) тозған және ластанған;
2) егер жұлынған бөлігі сөзсіз сол банкнотаға тиесілі болса, бұрыштары немесе бір бөлігі (1-2 шаршы см-ден аспайтын) жұлынып желімделген;
3) егер банкнотаның енінің (ұзындығының) төрттен бір бөлігінен аспайтын болса, желімделген жыртығы бар;
4) егер банкнотаның түпнұсқа екенін анықтауға кедергі келтірмейтін болса және айналымға жарамды төлем қаржысының негізгі белгілерінің бірін едәуір деңгейде жауып тастамайтын болса, ұсақ май немесе басқа дақтары, жазбалар немесе мөртаңба іздері бар;
5) 0,5 мм-ден аспайтын диаметрдегі тесіктері бар банкноталар айналымға жарамды төлем қаржылары деп танылады.
Егер осы талаптарға сай келмесе немесе бірнеше бөліктерге бөлініп, желімделген; бастапқы бояуын өзгерткен немесе түссізденіп кеткен; күйіп кеткен; түгелімен немесе едәуір бөлігіне бояу, сия, май төгілген; химиялық реактивтердің әсері тиген; қасақана сипаттағы едәуір бүліну белгісі бар; айқын баспа ақауы бар; геометриялық мөлшерін кішірейтіп және үлкейтіп, 3 мм-ден астам көлемде өзгерткен банкноталар айналымға жарамсыз деп танылады.
Тиісті шетелдік мемлекеттің банк-эмитенті жариялаған уақыттан кейін айналымнан шыққан банкноталар төлемге жарамсыз деп танылады.
Төлемге жарамсыз, сондай-ақ, айналымға жарамсыз банкноталарды сатып алуды және ауыстыруды тек өкілетті банк пен Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады. Төлемге жарамсыз немесе айналымға жарамсыз банкноталарды ауыстырғаны, сатып алғаны, қабылдағаны үшін алынатын комиссиялық сыйақыны банктер, Ұлттық пошта операторы өздері белгілейді. Бірақ ол банкнотаның номиналдық құнының 10 пайызынан аспауы тиіс.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА