- Мен сауда компаниясында 8 жыл жұмыс жасадым (2004 жылдан бастап) – сауда өкілі болып орналасып, кейін супервайзерлікке дейін көтерілдім. 2012 жылы декреттік демалысқа шықтым, 2014 жылдың мамыр айында жұмысқа қайта шықтым. 3 ай жұмыс жасаған соң өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім. Енді еңбек кітапшамды толтырайын деп едім, бірақ компаниядағылар кітапшаға тек 2010 жылдан бері жұмыс жасады деп жазатындарын айтады. Себебі, 2010 жылы компания атауын өзгертіп еді. Кадр бөліміне 2012 жылы жаңа қызметкер келген, ол өздерінде тек 2010 жылдан бергі мәліметтердің сақталғанын айтады. Атауы өзгергенге дейінгі құжаттар, бұйрықтар, т.б. қағаздар жоқ. Енді не істеймін? Кімге, қайда барамын?
Телефон арқылы
Сұраққа адвокат Гүлсім САБЫРОВА жауап берді:
- Бұл азаматшаға компания атауының қандай себептермен ауысқанын анықтау керек. 2011 жылдың 14 қазанында ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген №1167 санды еңбек кітапшасын жүргізу мен сақтау Ережесіне сәйкес, егер заңды тұлғаның атауы өзгерсе, кадр бөлімінің қызметкері заңды тұлғаның атауы өзгергенге дейінгі және кейінгі уақыттағы қызметкердің жұмысы туралы мәліметті енгізуге міндетті. Егер заңды тұлға егер заңды тұлға қайта құрылған болса, бұрынғы қызметі туралы мәліметтерді еңбек кітапшасына құқықтық мұрагер енгізуге міндетті. Заңды тұлға таратылған жағдайда еңбек кітапшалары барлық қызметкер-лердің қолына тапсырылуы тиіс.
Маған еңбек кітапшасындағы жазбаларды қайта қалпына келтіре алмаған азаматтар жиі хабарласады, мәселен, фамилиясының өзгергені туралы немесе белгілі бір мекемедегі белгілі бір уақыт аралығындағы белгілі бір қызметтегі жұмыс өтілі туралы мәліметтің жоғалуы себепті немесе заңды тұлғаның таратылғаннан кейін мекенжайын таба алмауы, т.б. себепті. Бұл мәліметтер, мәселен, осы азаматты мемлекеттік қызметке алу, ал, жұмыс өтілі – зейнетақы көлемін есептеу барысында қажет болады. Бұндай жағдайда алдымен облыстық және қалалық мұрағатқа хабарласу керек. Хабарласқан соң оларға олардың қызметі туралы барлық мәліметтер көрсетілген мұрағаттық анықтама беріледі. Ал азаматтың белгілі бір уақыт аралығындағы жұмысы туралы мәліметтер мұрағатта сақталмаған жағдайда сотқа шағымдану қажет және сот барысында белгілі бір уақытта белгілі бір мекемеде белгілі бір қызметті атқарғанын дәлелдеу қажет. Сотқа аталған мекемеде жұмыс атқарғанын дәлелдей алатын куәгерлерді шақыртуға болады. Сонымен қатар оны зейнетақы қорынан берілетін көшірме арқылы да дәлелдеуге болады, себебі, онда азаматтың барлық жерде жұмыс жасаған уақытындағы зейнетақы аударымдары көрсетіледі.