- «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне» 18 жастан бастап салымшы болып, тұрғын үй кезегіне тұруға бола ма? Егер мұндай бағдарлама болса, оның талаптары қандай? Қандай құжаттар жинау керек? Оларды қайда тапсыру керек?
- «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшысы болу үшін 16 жасқа толған азаматтар жеке басын куәландыратын құжатымен тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт жасай алады. Жинақтаудың ең қысқа мерзімі үш жылды құрайды. Осы аралықта салымшы болашақта алатын үйдің 50 пайызын шотқа жинайды да, қалған 50 пайызын төмен пайыздармен (3,5 – 5 %) несиеге алу мүмкіндігіне ие болады.
2012 жылғы 21 маусымдағы № 364 ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы қабылданды. «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ екі бағыт бойынша оператор болып белгіленді: 1) азаматтардың барлық санаттарына, 2) жас отбасыларға арналған.
«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қатысу үшін банкпен шартқа отырып, тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесінің қатысушысы болу және өз жинағын бастау керек. Кейіннен бағдарлама бойынша салынатын үйлерге өтініштер қабылдау туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландырулар жарияланған кезде (2 ай бойы) өтінішіңізді беріп, қатысуыңызға болады. Өтініш банктің кез келген филиалында қабылданады және өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс.
«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына қатысу үшін келесі талаптар қойылады:
- ҚР азаматтығының немесе оралман мәртебесінің болуы;
- бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату жайттарының болмауы;
- бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұратын үйінің болмауы;
- пәтерлердің саны шектеулі болғандықтан өтініш берген Салымшыларды іріктеу баллдық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде баллдың мөлшері шоттың ашылған мерзіміне, шоттағы ақшаның сомасына және бағалау көрсеткішінің мәніне байланысты болады. Ең көп балл жинақтаған Салымшы пәтер таңдау құқығына ие болады.
- Біз жас отбасыға жатпаймыз. Пәтерді жалға қалай алуға болады?
- Салымшылар бағдарламаға қатысқан кезде өтініште пәтерді сатып алу немесе жалға алып, кейіннен сатып алу туралы мәлімет көрсетілмейді. Жалға беру туралы шешім қатысушының төлем қабілетін растау кезінде егер отбасының несие төлеу қабілетінің жетіспеген жағдайында қабылданады. Сонда пәтер 8 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі, сол уақытта пәтер бағасының жартысын жинау қажет, ал, қалғанын банктен 4 пайыз мөлшерлемемен несиеге алып, сатып ала алады.
- Менің өзімнің баспанам бар. Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі арқылы ипотека несиесін алып, тағы да пәтер сатып алуыма бола ма?
- Мемлекеттік бағдарламадан басқа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтер сатып алуға және пәтерді жөндеуге қажетті соманы 8,5 пайыз мөлшерлемемен несие ретінде береді.
- Банк салымшысы үй алу мақсатында арыз жазу үшін ақы төлей ме?
- Банк салымшылары бағдарлама аясында салынып жатқан үйлерге өтініштер қабылдау туралы хабарлама жарияланған кезде (2 ай бойы) қатысу үшін өтініш берулеріне болады. Өтінішті банктің кез келген филиалында және банктің сайтындағы жеке кабинет арқылы беруге болады (www.hcsbk.kz). Өтініш беру үшін ешқандай ақы төленбейді.
- Жалдамалы пәтерге ие болудың шарттары қандай? Отбасына мөлшермен қанша теңге кіріс кіруі тиіс?
- «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының «Халықтың барлық санаты үшін тұрғын үй» бағыты бойынша салымшы өтініш берген кезде пәтерді жалға алам деп бере алмайды. Ол егер банктің пәтерді сатып алуға берілетін несиені төлеу қабілетін тексергенде қаражатының ай сайынғы төлем ақыларына жетпеген жағдайда тұрғын үйді жалға алып, кейіннен сатып алу мүмкіншілігіне ие болады. Бұл жерде 8 жылға дейінгі уақытта үйде жалға тұрып жатып салымшы үй бағасының жартысын банктегі шотына жинауы тиіс. Банк салымшының жинақтау қабілетін міндетті түрде тексереді. Салымшы 50 пайызын жинаған соң банктен қалған жартысын 4 пайыз мөлшерлемемен 15 жылға несиеге алып, пәтерді сатып алуы қажет. Отбасының кіріс мөлшерлемесі осынша болуы керек деп нақты айту қиын. Себебі, ай сайынғы төлем ақы салымшының таңдап алған пәтерінің ауданына және несиені алу мерзіміне байланысты.
- 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің құны қанша? Салымшы алатын үйдің неше пайызын жинауы тиіс?
- Салынып жатқан үйлер жайлылығы 3 және 4 класс деп бөлінеді. Олардың айырмашылықтары пәтердің төбесінің биіктігіне, ішкі әрлеудің деңгейіне байланысты. Біздің қаламызда салынып жатқан пәтерлердің жайлылығы 3 класс, пәтердің 1 шаршы метр ауданының бағасы – 112 500 теңге. Сонда Атырауда салынып жатқан 1 бөлмелі пәтердің жалпы ауданы – 45 шаршы метр, бағасы – 5 062 500 теңге шамасында. 2 бөлмелі пәтердің ауданы – 65 шаршы метр, бағасы – 7 312 500 теңге, ал, 3 бөлмелі пәтер 85 шаршы метр, бағасы – 9 562 500 теңге. Қатысушылар баллдық жүйемен іріктеледі. Банктің талабына сәйкес алатын үйдің құнының 50 пайызын жинақтау керек. Егер салымшы іріктелгендер тізімінде болса және несиені алуға төлем қабілетін растай алса, банк жинақсыз алатын үйдің барлық сомасына несие бере алады.
- Биылғы жылы қанша үй, қай аудандардан пайдалануға беріледі?
- Атырау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша, 2014 жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының «Халықтың барлық санаты үшін тұрғын үй» бағыты бойынша былтырғы тапсыру мерзімдері биылға ауыстырылған 135 пәтерлік 3 үйдің (Алмагүл ықшам ауданы) құрылысы бітіп, тапсырылуы тиіс. Одан басқа бағдарлама бойынша жергілікті атқару органдары банкпен ағымдағы жылдың аяғында тапсырылатын 9 үйдің (Нұрсая ықшам ауданы) құрылысына келісімшарт жасады. 2014 жылғы 31 наурыздағы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді, соған сәйкес тапсырылатын үйлердің 50 пайызы жергілікті атқару органдары мен банк арасында бірінші бағыт бойынша бөлінетін болады.
Бұл сұрақтарға «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол ҚҰРМАН жауап берді.