Ми қайнатар ыстықта азық-түліктер сатып ала жүріп еттер бұзылып кетпеген бе екен, қарбыздар мен басқа да көкөніс-жемістер тыңайтқышқа тұнып тұрған жоқ па деп мазасызданатынымыз рас. Сондықтан да біз қала базарларындағы азық-түліктердің сапасын кім және қалай бақылауға алып отырғанын анықтауға тырыстық.
«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ БАРЛЫҒЫ БАҚЫЛАУЫМЫЗДА»,
- деп сендірді бізді республикалық ветеринарлық зертхананың Атырау филиалының директоры Айжан ДӘУЛЕТЬЯРОВА:
– Зертханамыздағы тамақ қауіпсіздігі бөлімінде ауылшаруашылық өнімдерінің барлығы: ет, балық, құс, жұмыртқа, көкөністер мен жемістер тексеруден өткізіледі. Зертханалық тексеру процедурасынан Атырау облысынан тысқары жерлерге әкетілетін, сондай-ақ, басқа жақтан әкелінетін барлық өнімдер өткізіледі. Егер ауылшаруашылық өнімдері бізге Қазақстанның басқа аймақтарынан жеткізілсе, онда ол өз аймағында қауіпсіздік бойынша тиісті тексеруден өткен болып саналады. Өнімдердің сынамасына талдау жасау органолептикадан немесе басқа сөзбен айтқанда, визуалды тексеруден басталады. Егер, айталық, бұл ет немесе балық болса, онда лаборанттар өнімнің сыртқы түріне, иісіне, консистенциясына назар аударады. Белгілі бір өнімнің сәйкестік параметрлері ГОСТ стандартында жазылған.
Әрі қарай өнімдерде бактериялар мен микроорганизмдердің болуына микробиологиялық зерттеу жасалады. Сондай-ақ, бүкіл өнім төрт элемент - қорғасын, кадмий, күшән мен сынап бойынша ауыр металлдар тұздарының болуына қатысты тексеруден өткізіледі. Ең соңында стронций мен цезий бойынша радиологиялық тексеру жүргізіледі. Көкөністер мен жемістер құрамында нитраттар мен нитриттердің болуын зерттейтін тексеруден өтеді. Ал балық паразитарлық тексеруден өткізіледі. Барлық өткізілген тексерулер бойынша хаттама толтырылады. Бұл өнімнің «сапа сертификаты» боп табылады.
ЖАРАСЫ БАР КӨКСЕРКЕ ДЕ КЕЗДЕСЕДІ
- Тексеруден өткізілетін өнімдерде қандай да болмасын ауытқулар анықтала ма?
- Негізінен, бүкіл өнімдер барлық көрсеткіштер бойынша нормаларға сай келеді. Тек соңғы кездері балық аулау маусымы кезінде, бізге тексеруге балықтардың көп мөлшері келгенде жиі болмаса да, көксеркенің фибросаркомасы кездесіп қалады. Фибросаркомаға шалдыққан балықтың денесінде түйнек тәрізді жаралар пайда болады. Мұндай балықты жеу қауіпті. Сондықтан егер фибросаркома анықталатын болса, онда балықты сатуға рұқсат етілмейді.
- Етке қатысты жағдай қалай?
- Жалпы етті тексеру зертханадан бұрын, қасапхана орындарында басталады. Ол жерде әлі сойылмаған жануарды мал дәрігері тексеруден өткізеді. Оның тыныс алуына, тамыр соғысына бақылау жасайды. Сойылғаннан кейін тағы да тексеру жүргізеді. Мұнда ішкі ағзалары тексеріледі. Лимфа түйіндеріне көп көңіл бөлінеді. Егер жануар ауру болса, лимфа түйіндері міндетті түрде үлкейеді. Толық және мұқият тексеруден өткізілгеннен кейін ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізілгендігі туралы акт толтырылады. Тек содан кейін тұтас етті базардың бөлу цехына жібереді. Ол жерде ет сынамасы зертханалық тексеруден өткізіледі. Бірен-саран малдан ғана эхинококкоз және фасцилиоз секілді паразиттік аурулар кездесіп қалады. Талдамаға сай жануар ағзасының тек ауру бөлігі, кейде тұтастай жойылады.
- Базарларда өнімдердің сапасына бақылау жасайтын біреулер бар ма?
- Әрине! Базарларда ветеринарлық зертханалар жұмыс жасайды. Олар да күн сайын бүкіл ауыл шаруашылық өнімдерін тексеруден өткізеді. Біздің зертханаларымыз «Насиха», «Мерей» және «Мұрагер» базарларында, сондай-ақ барлық аудандағы базарларда жұмыс істейді. Басқа атыраулық базарларда басқа зертханалар жұмыс жасайды. Олар да сатылатын өнімдердің сапасын тексеру бойынша өздеріне жүктелген міндеттерін атқарады. Әрбір ет сатушыда ветеринарлық-санитарлық сараптаманың тиісті қорытындысы болуы тиіс.
«БІЗДЕН КЕЙІН ҚАЙМАҚҚА СҮТ ҚОСУЫ МҮМКІН»
Таңертең ертемен қаладағы ең ірі «Дина» базарына барып, өнім сапасына бақылау қалай жасалатынын өз көзіммен көрмек болдым. Бұл жерде ветеринарлық-санитарлық тексеруді «Ветеринария Атырау» ЖШС-нің зертханасы жүзеге асырады. ЖШС-нің атқарушы директоры Гүлбаршын ШОМАЖАНОВА базардағы лаборанттар өз жұмыстарын базар ашылғанға дейінгі және алғашқы сатып алушы келгенге дейінгі көп уақыт бұрын бастайды екен:
- Сағат жетіге қарай базарға қасапхана орындарынан сойылған малдың тұтас еттерін әкеледі. Бүгін, мәселен, 80 мал еті түсті.Олардың арасында қой, сиыр мен жылқы еттері аралас. Біз еттің сынамасына толықтай зертханалық тексеру жүргіземіз. Егер бәрі дұрыс болса, сатуға рұқсат береміз. Ал егер ет қандай да болмасын күдік туғызса, ол, әрине, сатуға жіберілмейді.
- Сүт өнімдерінің сапасы бойынша қандай да болмасын ауытқулар болды ма?
- Базардың аты базар. Сатушылар түрлі болады. Жиі болмаса да, таза қаймақты сатпайтын жағдайлар анықталып жатады. Қаймақты сүтпен араластырып сататын саудагерлер кездеседі.
«ТАРТЫЛҒАН ЕТТІ СОЛ ЖЕРДЕ ЖАСАЙДЫ»
- Базарда етпен бірге тартылған ет те сатылады. Бұл тартылған еттің тұрып қалған еттен емес, бүгінгі әкелінген еттен жасалатындығына кепілдік бар ма?
- Біріншіден, тартылған етті тек осы жерден, зертханалық тексеруден өткізілген еттен ғана жасауға рұқсат етіледі. Барлығына, сауда процесіне ветеринарлық инспекторлар бақылау жасайды. Сондықтан тартылған етке қатысты алаңдамауға болады.
Ұяшықтары мен қуатты жарығы бар арнайы аппаратта жұмыртқалар тексеріледі.
- Егер жұмыртқа бұзылған болса, міндетті түрде жарық түскен кезде дақтар мен сызықтар көрінетін болады, - деп түсіндіреді Гүлбаршын Мүтиғоллақызы. - Міндетті түрде сүт пен сүт өнімдері майлылығы, қышқылдығы және бруцеллез бойынша тексеруден өткізіледі. Әрине, сүт өнімдерін сатушы саудагерде жануардың бруцеллезден тексерілгендігі туралы анықтамасы болуы тиіс. Алайда, бұған қарамастан барлық сүт өнімдері қосымша тексеруден өткізіледі.
НИТРАТТАРДЫ АЙЫРАТЫН АСПАП
- Көкөністер мен жемістерге қатысты ахуал қандай?
- Бізде нитраттар мен нитриттерге жасалатын жинақы тестер бар. Ол қас-қағым сәтте құрамында осы заттардың бар екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Егер тексерілетін өнімде ауытқулар байқалса, партиядан сынама алынып, зертханада тексеріледі. Бірақ, әзірге нитраттар мен нитриттер бойынша нормадан асқан жағдайлар анықталған жоқ.
- Базарда өнімдері ветеринарлық тексеруден өтуі тиіс қанша саудагер бар?
- Екі жүздей сауда орындары бар. Үлгеруіміз керек. Базар ашылар уақытта барлық өнімдер тексеруден өтіп болуы, ал сатушылардың қолында қорытынды болуы тиіс.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор