Индер ауданы Есбол ауылында тұратын ерлі-зайыпты Асылбек ХАСАНОВ пен Қалы ҒҰМАРОВА осыдан он бір жыл бұрын балалар үйінің үш тәрбиеленушісін бауырына басып, патронат ата-ана атанды. Бүгінде олар үшеуі де ұядан түлеп ұшты. Әрқайсысы өз жолын тапты десе де болады. Ал өткен жылы бұл отбасы тағы екі баланы қамқорлыққа алды.
Асылбек пен Қалының өздерінен тараған Айнамкөз есімді бір қызы бар. Ол бүгінде тұрмыста, балалы-шағалы.
Асылбек пен Қалы 1985жылы отбасын құрған. Жас жұбайлар көпке дейін бала сүйе алмады. Қалы алғашқы үш жыл қатты ауырды.
- Бала күнімде құлап, омыртқама зақым келген болатын. Кейін ол туралы ұмытып кеттім, бірақ сол жарақаттың зардабы тұрмыс құрғанда білініп, төсекке таңылып қалдым. Сол кезде жарымның сүйеніш болып, қамқорлық көрсетуі өмірге деген құштарлығымды арттырған еді. Сөйтіп аяғымнан тұрдым, ал біршама уақыттан кейін Айнамкөзімді дүниеге келтірдім, - дейді Қалы. - Біз өзіміз көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Біздің де баламыз көп болса екен деп тілеп едік, бірақ мен сырқатымның салдарынан бала көтере алмадым, ІІІ топтағы мүгедек атандым. Қызымыздың жалғыз өсуі бізге де, оған да оңай болмады. Өсе келе қызым «неге менің бауырларым жоқ» дегенді қыңқылдап жиі айтатын болды. Бірде көрші ауылда тұратын сіңлім мектепте өткен жиналыста балалар үйіндегі сәбилерді асырап алу жөнінде ұсыныс болғанын айтып келді. Бұл жайт Асылбек екеумізге үлкен ой салды, кейін маңызды шешім қабылдадық. Ол кезде мектепте оқып жүрген қызым бала асырап алу жөніндегі шешімімізді қатты қуана құптады.
Бастапқыда олар «Ақ бота» балалар үйінен бір бүлдіршінді бауырына басуды ойлайды. Бірақ онда бір үйдің төрт баласының тәрбиеленіп жатқанын естігеннен кейін үйге келіп ақылдасып, бәрін де қамқорлыққа аламыз деп шешеді. Ал балалар болса бірден оларды «мама, папа» деп атайды. Ол кезде Айжан 10 жаста, Альфия 9 жаста, Азат 6 жаста еді. Үлкені Азамат есейіп қалғандықтан интернатта қалуды шешіпті, бірақ, қарындастары мен інісі тұрып жатқан үйде жиі болып тұратын.
- Біз басында Айнамкөз қызғаныш білдіре ме деп қорқып едік. Бірақ, балалар бір-бірімен тату болды, - дейді Қалы.
Содан бері он бір жыл өтіп, балалар өсті. Мектеп бітіріп, өз таңдауларымен оқуға түсті. Азаматқа Атырау қаласынан пәтер берілді. Альфия Қ. Дүтбаева атындағы колледжде, ал биыл мектепті бітірген Азат Х. Досмұхамедов атындағы университетте грантпен оқып, бауырларының үйінде бірге тұрып жатыр. Ал Айжан осы Есбол ауылына тұрмысқа шығып, жолдасына екі бала сүйдіріп отыр.
- Айжан тұрмысқа шыққаннан кейін құдағайым маған алғыс білдірді. Мен қыздарыма ас пісіру, тігін, үй тазалау, қонақ күту істерін үйреттім, бұл олардың өміріне пайдаға асты,- дейдіҚалы. – Балалар жан-жаққа кеткеннен кейін үйіміз жым-жырт болып қалды. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» екенін мықтап сезіндік. Сөйтіп жүргенде былтыр «Қазақстан» телеарнасынан «Жан жылуы» бағдарламасында жетімдіктің зардабын тартқан балаларды көріп, жүрегіміз езілді. «Әке-шешем болса» деген Ерасылдың арманы, кішкентай Батиманың жәудіреген жүзі көз алдымыздан кетпеді. Оларды ойлап, түнімен көз ілмедік. Ақыры екеуін де қамқорлыққа алуды шештік.
Ерасыл 9-сыныпта, ал Батима мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Біз Қалымен әңгімелесіп отырғанда Батима өзіне анасындай болып кеткен әйелді қайта-қайта құшақтап, бетінен сүйе берді.
Бұл отбасының мүшелері үй тірлігі мен мерекелерді бірге қарсы алады. Олар қайда болмасын, қай кезде болмасын үнемі бірге.
Отбасының асыраушысы Асылбек үйде көбіне бола бермейді. Ауылда жұмыс болмағандықтан Атырауға барып жұмыс істейді. Асылбектің тапқан табысынан бөлек, балалардың әрқайсысына ай сайын үкіметтен киіміне 11 мың, тамағына 5 мың теңге бөледі. Қалы да қарап отырғысы келмейді, қандай да бір жұмыс жасағысы келеді, бірақ, ауылда жұмыс жоқ.
- Мен педучилищенің мектепке дейінгі даярлық курсын бітіргенмін. Мамандығым бойынша жұмыс табылмаса да, балаларды қамқорлыққа алып, тәрбиелеуде пайдаға асты. Қазір тілейтінім біреу ғана - балаларым адаспай өз орындарын тапса екен, -дейді Қалы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор