Атырау, 27 желтоқсан 08:36
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қор болған қорым

4 299 просмотра

Индербор поселкесінің қақ ортасындағы ескі бейттің тас-талқаны шығып, балалардың футбол алаңына айналғанына біраз болыпты. Оның дәл қасында отырған әкімдік бұл жайды көрсе де көрмегендей болады.

Бұл қорым сексен үш жыл тарихы бар аудандағы көне орынның бірі саналады. Кезінде аудан орталығының шеті осы болуы керек, бірақ жылдар өте келе қорым поселкенің қақ ортасында қалды. Ең соңғы рет мұнда кім жерленгені белгісіз.

- Бұдан елу сегіз жыл бұрын Бәтима деген сіңлім осында жерленді, одан кейінгісін білмеймін. Қазір таба алмай қалдым, себебі бейіттерді жермен жексен етіпті, - дейді аудан тұрғыны Жұма.

- Десек те мұсылман зиратындағы қазіргі көрініс жан түршігерлік жағдайға жеткен. Бейіттегі белгі болар құлпытастар әр жерде шашылып жатыр, саман тастан салынған моланың үйіндісі және  төмпешіктер жермен жексен болып, қалың шөптің ортасында қалған. Құлпытастардағы жазулар арабша болғандықтан оқу мүмкін емес. Бұдан екі үш жыл бұрын құлпытастар қазіргіден көп еді, саны азайып қалыпты. Дәл осы қорымның үстіндегі айқұш-ұйқыш жаяу жүргінші жолдары сайрап жатты.

- Мұнда аруақтардың сүйегі жатыр емес пе?

- Төте жол болғасын...асығыс болғандықтан өттім. Баяғыдан бері жүргінші жолына айналды емес пе, оның таң қалатын ештеңесі жоқ, деді елулердегі жігіт ағасы аты жөнін айтпастан.

Иесіз қалған зиратта сиырлар емін-еркін жайылып жүрді. Ал балалар болса зираттан футбол алаңын жасап алған. Алаңды тап-тақыр етіп тастапты, жаздай емін-еркін зираттың қақ ортасында ойнақ салғаны бесенеден белгілі болды. Екі жақ қақпашыға арнап, төрт құлпытас қойылған. Мұны да Атыраудағы және Махамбет селосындағы зираттардағыдай вандализмнің бір түрі емес деп көр. Бір ғажабы, қорым мен аудандық әкімдіктің арасы сексен метр ғана. «Тұмсығының» астындағы бұл жабайылықты биліктегілер көрсе де көрмегендей сыңай танытып келеді.

- Шынымды айтсам, балалардың ойынына айналған қорымның қазіргі жағдайын Сізден естіп отырмын. Бұл жан шошытарлық жағдайды көзбен көріп отырған ата-аналардың бей-жайлығына бір жағынан қорқып та отырмын. Сондықтан біздің қолымыздан келетіні, адамдарға түсінік жұмыстарын жүргізу,  - дейді ауданның бас имамы Ералы ҚАМЗАҒАЛИЕВ.

Бұл жайт Индербор поселкесінің әкімі Мақсот ОМАШҚА да белгілі болып шықты. Әкімдікке жаңа тағайындалғанын алға тартқан ол осы қорым жайлы пікірін былайша жеткізді.

- Махамбет селосындағы ортада қалған бейіт қоршалып еді ғой. Мен де солай етпекшімін, көп болса 300-400 мың теңге қаржы керек болар. Қалай еткенде қаржыны тауып, қоршау керек. Ал көшіру оңай емес, ол жерде де көп адамның сүйегі жатыр. Олардың бәрін анықтау мүмкін емес, бәрінің бірдей туыстары табылса жақсы. Білесіз бе, бір кәсіпкер зираттың шетінен шаштараз ашпақшы болып, жер сұрады. Мен бермедім. Бұл орталық болғасын, жеріне қызығып, көз алартушылар көбейіп тұр, сондықтан қорымды қор етпей тұрғанда қоршау керек, - дейді поселке әкімі М. Омаш.

- Балалар футбол алаңын жасап алыпты, көрген боларсыз?

- Көрдім, талай рет қудым да. Ата-аналарға айттым, олар балалардың ойнайтын жері жоқ деген сылтауды айтады. 

Бұрын адамдар бейіттен қорқатын, ал қазіргі ұрпақ төбесінде ойнақ салып жүр. Бәрінен бұрын жұртшылықтың адамшылыққа жатпайтын жабайылыққа мән беруден қалғаны қорқынышты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

4 тамыз 2011, 23:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.